Алтай ауданының туристік әлеуеті зор
pixabay.com
Мұндағы Бұқтырманың жағалауы кеңестік кезден бері өңір тұрғындарының сүйікті демалыс аймағына айналған.
Статистикалық деректерге сүйенсек, өткен жылы ауданның демалыс орындарына 300 мыңнан астам адам демалуға келіпті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа Бұқтырма кентінде және Бұқтырма жағалауында туризмді дамыту жоспары былтыр қолға алынған болатын. Содан бері біраз жұмыс атқарылды. Облыстық бюджеттен бөлінген 3 млрд теңге қаржыға Жаңа Бұқтырманың орталығы абаттандырылып, кенттің орталық бөлігіндегі жылу, су құбырлары ауыстырылып, саябақ, майдангерлер ескерткішінің, спорт мектебінің аумағы абаттандырылуда.
Туристердің көптеп келуі үшін ұялы байланыс пен интернеттің болуы да маңызды. Айталық, былтыр Новокрестьянка, Кремнюха ауылдары интернетке қосылды, "Казцинк" ЖШС қолдауымен Малеевка ауылында антенна орнатылып, байланысқа қосылды. Ал биыл Крестовка ауылына интернет жетті. Алдағы уақытта Бородино ауылында антенна орнатылады. "Қазақтелекоммен" Шірікқайың ауылына ұялы байланыс орнату бойынша келіссөз жүргізілуде.
Сонымен қатар, кенттегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары да жүріп жатыр. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бері ауыспаған құбырлардың тозығы жеткен. Абаттандыру жобасына енген Абай көшесінде басталған жұмыстардың негізгі бөлігі жаз соңына дейін аяқталады деп жоспарлдануда. Одан бөлек кенттегі орталық жылу қазандығы да жөндеуден өтпек.