KZ
Өскемен
+10°
переменная облачность жел 6 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Шәрбану БЕЙСЕНОВА: – Қазақ аруларын қаламға арқау еттім

21.06.2024, 15:41 171 Қызырбек Дүргінбайұлы

Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, журналист, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты.

Тілшілік қызметті тіршілік тетігі етіп ғана қоймай, шығармашылыққа ұластырған қаламгерлер қазақ руханиятына үлкен үлес қосып келеді. Осы қатарда «арулар» тақырыбын қаламына арқау еткен жазушы, журналист, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенованың шығармашылығы жалпақ жұртқа таныс. Қаламгер туған елге қыдыра келген сапарында сұхбат құрып, әңгіме өрбіткен едік. Сол бір сырлы сұхбатты алдағы журналистер күніне орай оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

– Туған елге, ауылға жиі келіп тұрасыз ба?

– Ауыл әр адамның кіндігінен байланған жұмақ мекені ғой. Сағынып отырасың, ел жақ десе елеңдеп отырасың. Өз басым ауылдағы тамырдан ажырап қалған жан емеспін, торқалы той, топырақты өлімде келіп тұрамын.  Ауыл жақта ағайын бар, ел бар болғандықтан келіп тұрамыз ғой.

– Бірақ үнсіз келіп кететін сияқтысыз. Кейбір қаламгерлер секілді кездесулер өткізіп жатқаныңызды көрмеппіз?

– Иә, мен жалпы елді мазалағанды онша ұната бермеймін. Өз шаруаммен келсем, жұмысымды бітіремін де қайтамын. Ауданның, ауылдың мерейтойларында құрметті қонақ болып келіп кеткен кездеріміз болды, оның жөні бір бөлек. Ал жай уақытта келгенде ауылға барып, әке-шешенің басына құран оқытып қана қайтамын. Бұл жолғы сапарда да үлкен кісілердің, атан-анамның басына барып құран оқытып қайттым. Мен туған ескі ауылға апарар топырақ жол бар еді, сүрлеуін таппай қайттым.

– Ауылыңыз жайлы айта отырсаңыз?

– Өскеменнің іргесіндегі қазіргі Алмасай ауылы, соның қасындағы Талапкер деген шағын ауылда дүниеге келгенмін. Алмасай ауылында өсіп, бойжеттік, мектеп табалдырығын аттадық. Біз бір отбасында сегіз ағайынды едік, үлкені – мен. Кейін ауылдың мектебі 8 жылдық болғандықтан, қаладағы Жамбыл атындағы гимназияда білім алдым.

– Тілші болу бала күнгі мақсат па, әлде, тіршіліктің тетігі осы салаға бейімдеді ме?

– Мен жоғарғы сыныпты қаладағы Жамбыл атындағы гимназияда оқыдым. Сол кезде көптеген қаламгерлер мектепке кездесуге келетін еді. Қалихан Ысқақ, Медеу Сәрсеке, Сағи Жиенбаев сияқты ағаларымызды алғаш мектепте жүргенде көрдік. Бұрынғы «Коммунизм туы», қазіргі «Дидар» газетінде істейтін Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбеков ағаларымыз арқылы біздің алғашқы жазған-сызғандарымыз «Дидар» газетінің бетінде жарық көрді. Осылай журналистикаға деген қызығушылығымыз арта түсті. Кейін осы облыстық газеттен бірнеше рет практикадан өттім. Қысқасы, газеттегі ағаларымыз журналист болуымызға дем берді.

– Қазақ аруларын қаламға арқау етіп келесіз. Неге бұл тақырыпты таңдадыңыз?

– Мен оқу бітіргеннен кейін «Мәдениет және тұрмыс» журналында қызмет істедім. Сол кезден бастап ұлттың мәдениеті мен руханиятына деген шығармашылық бетбұрыс басталды. Кейін «Қазақстан әйелдері» журналына жұмысқа кіріп, 1998 жылға дейін 18 жыл қызмет істедім. Ол журналдың бар мақсаты әйел мүддесін қорғау еді. Аналар, яғни, арулар тақырыбына қалам тарту осы тұста басталды. Кеңес үкіметі кезінде әйелге жұмысшы күші ретінде қарады ғой. Жұмыстың ең ауырын әйелдер істеді. Былайша айтқанда, әйелдердің өмірі өндіріс күшіне айналды. Еңбегімен елге танылған талай мықты әйелді қаламға арқау еттік. Ел ішін аралап, еңбегімен, тағдырымен танылған жандарды жаздық. Сол тұста мен қазақ әйелдерінің, қазақ аналарының қайсарлығына көз жеткізген едім. Кейін жазғандарым жинақталып «Топ жарған қыздар» деген деректі әңгімелер кітабым жарық көрді. Қысқасы, журналистика мені осы тақырыпқа жетелеп барды.

Сүйекті туындымның бірі – «Сүзгенің соңғы күндері»

  • Жалпы «Ұлы дала арулары» тақырыбы арқылы оқырманға не бердіңіз?
  • Жоғарыда айтқанымдай облыстарды, ауылдарды аралап әр саладан кейіпкерлер тауып жаздым. Мен сол кезде қазақ әйелдерінің қайсарлығына тәнті болдым. Сол бір қазақ қыздарының қайсарлығын бүгінгі ұрпаққа, оқырманыма үлгі еткім келді. Сол мақсатқа жетуге әлі де тырысып келемін.

– Сіз прозаға арқау еткен кейіпкерлердің бірі – Сүзге сұлу. Бұл тақырыпқа қалай тап болдыңыз?

– Жұмыс барысында қолыма Көшім хандығы туралы бір ғалымның материалы келіп түсті. Ібір-Сібір өлкесін билеуші Көшім ханның кіші әйелі болған Сүзге сұлудың ғұмырнамасы, қиын тағдыры туралы ішінде үзік сыр бар екен. Сол бір үзік сыр, Сүзгенің қайсарлығы, даналығы қатты әсер етіп, бұл тақырыпты тереңдете зерттеуге кірістім. Ібір-Сібір даласына ылаң салған Ермак атаманның алдында иілмеген Сүзгенің намысына қайран қалдым. Көшім ханның кіші әйелі Сүзге тұрған орданы Ермак 21 күн қоршап тұрған екен. Ақыры халқы қырылатын болған соң Сүзге Ермакпен келісімге келеді. Ол адамдарын түгел қорғаннан шығарып жіберіп, жеке соңында өзі қалып Ермакпен кезігуге шарттасады. Осылай адамдарын құтқарып жіберіп, Сүзге Ермак келгенше өзіне қол жұмсап мерт болған екен. Сүзгенің сондағы мақсаты арын таптатпау, отбасына деген адалдықты сақтау болған. Тіпті қасындағы атшы-қосшы, жалшысына дейін түгел құтқарып жіберген. Міне, бұл қазақ әйелінің даналығының бір дәлелі.

 

– Жалпы Көшім хан туралы да көп айтыла бермейтін сияқты?

– Ібір-Сібір хандығы туралы Мұхтар Мағауинның шығармашылығында баяндалатынын оқырман қауым жақсы біледі. Одан бөлек бұл тақырыпқа қалам тербеген бірлі-екілі қаламгерлер бар. Көшім хан туралы аңыздардың жүлгесі де жұртқа жетіп жүр. Мысалы, Көшім Ескер қаласының маңына бүкіл байлығын көміп кеткен дейтін аңыз бар екен. Сондай-ақ Көшім хан Ібір-Сібір орманына сіңіп қасқырға айналып кеткен дейтін де аңыз бар екен. Ол жақтағы жұрт Көшім ханның рухы боранды күндері оянады екен деседі. Міне, осындай үзік-үзік мәліметтер баршылық.

– Сүйінбике туралы да жазған екенсіз?

– Иә, «Ұлы дала арулары» деген кітаптар сериясын Сүйінбикеден бастадым. Алтын орданың негізін қалаушылардың бірі – Едігенің алтыншы ұрпағы. Сүйінбике Қазан қаласына ұзатылып барған екен. Себебі Едіге сол тұста Қазан қаласын жаулап алуды көздеген. Өйткені Қазан Ресейге ең жақын қалалардың бірі болған. Осылай саяси мүддеге де қазақтың аналары араласып отырған.

– Бұдан кейін «Бозоқ аруын» оқырман қауымға ұсыныпсыз?

– Бір кезде Президенттің тапсырмасымен Астананың айналасына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілген болатын. Археолог Кемел Ақышев экспедиция құрып, Астана маңын зерттеп, бұрын онда Бозоқ деген қала болғанын анықтады. Археологтар сондағы көне қорымдардың бірінен зерттеуге арқау боларлық адамның сүйегін тапты. Табылған адам денесінің бас сүйегінің жанынан қос уыс маржан және қанжар табылған. Оны кейін Мәскеуде антропологиялық зерттеуден өткізіп, әйел адам екенін анықтаған. Осы деректерді негізге ала отырып «Бозоқ аруы» деген повесть жазып шықтым.

Бала тәрбиесіне баса мән беру керек

– Әр рудың түп аналары туралы қалам тербепсіз?

– Мен көп адамға түп аналары туралы жазып беруін өтіндім. Өзім «Найманның әулие келіні» деген көлемді материал жазып, жарияладым. Жалпы қазақта бір қауым елдің аман қалуына ұйтқы болған, тіпті ел бастаған аналар көп болған. Бір рулы елді құрып кетуден сақтап қалған аналар бар. Қызай ана, Абақ ана, Мұрын ана, Тасбике, Тәттібике деген сияқты ру атын иеленген аналар тізбегі жалғасып кете береді. Тіпті, ұранға шыққан «Қарқабат» атты ана болған. Осындай түп аналарымыздың ерлігін ұрпаққа үлгі етіп, өткеннен өнеге алуды үйретуіміз керек. Бүгінгі қыздарымыз кешегі ұлы дала аруларына қарап бой түзеуі керек.

– Сіз атаған түп аналарымызбен бүгінгі қыз-келіншектерді салыстырып қарағанда қандай кемшілік көресіз?

– Бұрынғы аналар бір қауым елді ұйыстыра білсе, бүгінгілердің арасында бір балаға тәрбие бере алмай отырғандары бар. Оның да өзіндік себептері бар. Қазіргі әйелдердің санасын, өмірге деген  көзқарасын бұзған әртүрлі жағдай болды. Кеңес үкіметінің тұсында әйелдерге жұмыс күші ретінде қарады. Сол кезден бастап бала тәрбиесі, отбасылық құндылық қолдан шығып кетті. Зардабын бүгінгі ұрпақ тартып отыр. Жалпы әйелдің негізгі жұмысы бала тәрбиесі болуы керек. Бала тәрбиесі басты назарда болу керек. Ұлттық құндылықтан, тәрбиенің түп тамырынан ажырап қалмау керек. Бүгінгі қыз-келіншектерде осы тұрғыдан кемшілік көп көрінеді.

– Сіз арулар тақырыбын көбірек зерттедіңіз. Қазіргі қоғамдағы оранатын қыз-келіншектердің әрекетіне деген көзқарасаңыз қандай?

– Жалпы құдай әркімнің жүрегінде болуы керек. Діни көзқарастың дұрыс еместігінен болып біздің қыз-келіншектер оранып кеткен сияқты. Бұл біздің дәстүрге, өмір сүру салтымызға еш қатысы жоқ арабтан келген киім кию үлгісі. Сол жақтың табиғатына, өмір сүру салтына бейімделген дүние. Ал оны діни ұстаныммен байланыстырудың қажеті жоқ еді. Қазақта әр адамның әр жастағы киімі әртүрлі болған. Киіміне қарап бір үйдегі қыз бен әйелді, келінді ажырата білген. Қыз басқа орамал тақпайды, тақия киеді, келін шаршы шыт байлайды. Қазір қызбен келінді айыру қиын. Қазақтың киіну мәдениетінде үлкен мән бар екенін бізге білу керек.

– Газет-журналдардың қазіргі ахуалынан хабардар шығарсыз, болашағы не болмақ? Электронды газет, интернет, әлеуметтік желі деп желпініп тұрған заман келді ғой...

– Газеттің болашағы әлі баянды болады деп ойлаймын. Әлеуметтік желіні тұщынып оқып, көгілдір экрандағы жаңалықты қабылдай алмайтын оқырман әлі бар. Қазір желідегі әдебиет дейтін дүние бар, оны да оқырман тұщынып оқи алмайды. Әлеуметтік желідегі әлем-жәлемнен жұрт әлі-ақ жалығады. Бір жағы ол толыққанды ақпарат емес. Ал газеттің тілі көркем, ойы нық, ақпараты анық. Газеттің ішінде барлық тақырып бар, сондықтан да қай уақытта болмасын сауатты оқырман газетті таңдайтын болады. Өркениетті, дамыған елдердің өзі газет-журналға қайта оралып жатқан жоқ па!!!

– Ұлы дала аналарын әлі де зерттей беруіңізге тілектеспіз. Сүбелі сұхбатыңыз үшін рахмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив