Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Жергілікті тұрғындар бұл бағдарламаның игілігін көріп, қамқорлығын сезінуде, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы бағдарламаның бірінші бағытына сай кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыруға байланысты 135 адамды аудандағы №17 және Зайсан қаласындағы №11 кәсіптік лицей арқылы қысқа мерзімдік курстарда оқыту жоспарланса, мұның 125-і оқуға жіберіліп, 90 адам оқуларын аяқтап шықты. Олар қазір үшжақты келісімшарттары арқылы жұмысқа тұрды. Қалған 10 адам дәнекерлеуші мамандық бойынша қараша айында біліктілігін арттыру курсынан өтпек.
– Қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары ауылдық жерлердегі жұмыс іздеп жүргендер үшін аса тиімді болып тұр. Мұнда оқытумен қатар бітірген соң жұмысқа орналасу жағы да қарастырылған. Әсіресе, кәсіптік-техникалық мамандықтарды оқытуға үлкен мән беріліп отыр, – дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Тұрарбек Жақыпбаев.