KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 4 м/с, СШ
479.05 534.57 5.17

RADIO ALTAY жаңалықтары - 02 қараша 2012 жыл

1.11.2012, 18:00 152


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Өскемендегі «Алтай» технопаркінде жастар мен студенттер арасында бұқаралық спорт және дене тәрбиесін дамыту жөніндегі республикалық семинар-кеңес өтті. Баяндамашылар Мемлекет басшысының "Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам" атты бағдарламалық мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыруда өз тараптарынан атқарған іс-шаралары туралы айтып берді.

Көкпекті ауданы Казнаковка ауылдық округіне қарасты «Серік» шаруа қожалығының басшысы Асқар Қажығалиев балық қорын көбейтумен айналысуда. Биыл бұл қожалық Күршім ауданындағы балық тұқымын өсіретін шаруашылықтан келісім бойынша 26 мың карп тұқымды шабақ сатып алып, Бұқтырма су қоймасы мен Комсомол және Казнаковка көлшіктеріне жіберді.

Глубокое ауданы Прапорщиково ауылындағы орта мектепте «Қазатомөндіріс» компаниясы энергия үнемдеу жөніндегі жаңа жобаны іске асырып отыр. Осы оқу орны – жылу сорғылары орнатылған еліміздегі тұңғыш әлеуметтік нысан. Бұл қондырғы көмір немесе сұйық отын жағылатын қазандықтармен салыстырғанда экологиялық жағынан таза, ал электр қазандықтарына қарағанда қуатты үш есе аз тұтынады. Әрі оны бір-екі жұмысшы ғана басқара алады.

Өскемендегі «Метро» сауда орталығының маңында заманауи жеңіл атлетикалық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Бұл манеждің жобасын әзірлеу барысында барлық халықаралық талаптар ескерілген. Болашақ манеждің жанында «Қазцинк» компаниясының қаржысы есебінен жекпе-жек сарайы салынуда. Бұл спорт нысаны да қаладағы үлкен әрі сәулетті ғимараттардың бірі болмақ.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында қазақ қүресінен республикалық турнир өтті. Турнир соңында «Түйе палуандар» сайысы ұйымдастырылды. Семейлік Тұрсын Мұхитов бас бәйгені жеңіп алып, 500 мың теңгеге ие болды.

Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Жарма ауданының Шар қаласында жаңа мешіт ашылды. Қаланың бұрынғы тұрғыны, қазіргі уақытта Семей қаласында тұратын Теңлік Жақсыбекқызы ата-анасының түтінін түтеткен қара шаңырақтың орнына жаңа ғибадат үйін салып берді. Ауыл тұрғындары туған жеріне көңіл бөліп, қол ұшын созып жатқан жерлесіне шексіз ризашылығын білдірді.

Қазіргі уақытта Семейде 460 шаруа қожалығы бар. Қожалық иелерін мемлекет қамқорлыққа алып, жеңілдіктер мен субсидиялар беруде. Ет өндіруді арттыру үшін семейлік шаруашылықтар «Сыбаға» бағдарламасына арқа сүйеуде. Мәселен, биыл осы жоба аясында 52 млн. теңге бөлініп, 200 бас ірі қара малы сатып алынған. Ірі қара өсіруші шаруа қожалықтарының қатары артып, олар 13-ке жетіп отыр. Келер жылға тағы да 18 қожалық 540 бас ірі қара малын алу үшін тапсырыс беріпті. «Приречное» агрофирмасы ет бағытындағы мың бас ірі қараны Венгриядан әкелмек.

Облыста дағдарысқа қарсы бағдарлама қолға алынып, жүзеге асырылуда. Соның бір дәлелі - Өскемендегі «Востокмашзавод» акционерлік қоғамында атқарылып жатқан ауқымды шаруалар. Зауыттың жаңа деңгейге көтерілуіне №10 шойын құю цехын болат вагондар құю цехы ретінде қайта жабдықтау жобасы зор ықпал етпек. Жоба іске асса, жылына 2 мың вагон құрастырылады. 250 қосымша жұмыс орыны ашылады.

Бүгінгі таңда Тарбағатай ауданында «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша айтарлықтай нәтижелі жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл бағдарламаның бірінші бағытына сай кәсіптік қайта даярлау және біліктілігін арттыруға байланысты 135 адамды осы аудандағы №17 және Зайсан қаласындағы №11 кәсіптік лицей арқылы қысқа мерзімдік курстарда оқыту жоспарланса, мұның 125-і оқуға жіберіліп, 90 адам оқуларын аяқтап шықты. Олар қазір үшжақты келісім шарттары арқылы жұмысқа тұрды. Қалған 10 адам дәнекерлеуші мамандық бойынша қараша айында біліктілігін арттыру курсынан өтпек.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив