KZ
Өскемен
+19°
ясно жел 1 м/с, С
478.96 533.03 5.22

Семейде «Абай және Михаэлис» атты әдеби-сазды кеш өтті

23.08.2012, 18:00 169


Кеше Ұлы Абайдың туған күніне орай Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Семей қаласындағы Комсомол кентінде орналасқан Е.П.Михаэлис көшесінің бойында мәдени шара ұйымдастырды.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қала көшелерінің атына қазақ зиялылары мен туған өлкемізді дамытуға өз үлестерін қосқан танымал тұлғалардың есімдері беріліп, тарихи есімдерді жұртшылықтың танып-білуіне мүмкіндік туды. Дегенмен де, елімізге еңбегі сіңген танымал тұлғалардың тарихы мен өзіміз тұратын көше тарихына терең бойлай алмай жатамыз. Міне, осындай қоғамдағы келеңсіздіктерге атсалысу және халқымызға танымал тарихи тұлға Е.П.Михаэлистің өмірімен, шығармашылығымен, шығыс өңіріне сіңірген сүбелі еңбектерімен көше тұрғындарын таныстыру мақсатында «Абай және Михаэлис» тақырыбында әдеби-сазды библио-керуен өткізілді.

Семей қаласы әкімінің шешімі бойынша Кеңес үкіметі жылдары «Одесская» көшесі болып аталынып келген көшеге 1993 жылы Абай Құнанбаевтың досы, жарты ғасырға жуық уақыт шығыс өңірінде болып, өлкеміздің мәдени өмірінің дамуына зор үлесін қосқан танымал тұлға Е.П.Михаэлистің есімі берілді.
Е.П.Михаэлис Шығыс өңірін зерттеуге сүбелі үлес қосқан танымал тұлға. 1869 жылы Семей қаласына жер аударылып келеген Е.П.Михаэлистің ұсынысымен 1878 жылы Семей қаласында облыстық санақ комитеті ұйымдастырылды. Осы облыстық Комитеттің жанынан 1883 жылы алғаш рет қоғамдық кітапхана ашылған. Бүгінде бұл кітапхана Абай есімімен аталады. Михаэлис пен Абай тұңғыш рет осы кітапханада кездесіп танысады. Олардың бұл кездесуі кейін үлкен достыққа ұласады. Абайдың өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы «Абайды орыстың белгілі жазушылары Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Салтыков-Щедрин, Тургенев, Белинский, Добролюбов және Писаревтың шығармаларымен таныстырған адам Михаэлис еді. Ол туған әкемнен де артық еңбек етіп, менің дүниеге көзімді ашты деп отырушы еді», - деп жазады.

Е.П.Михаэлис көшесінің тұрғындарына арнайы ұйымдастырылған бұл шараға қатысушы қонақтарды «Абай даналығына саяхат», «Абайдың өмірлік досы» тақырыптарында жасақталған кітап көрмелері қарсы алды. Көрмеге қойылған кітапхананың сирек басылымдар қорында сақталған Е.П.Михаэлистің Императорлық Орыс Географиялық бөлімінің Семейдегі Батыс-Сібір бөлімшесінің Жазбаларында 1912 ж. басылып шыққан құм басқан Семей қаласы туралы жазған еңбегі мен 1915 жылғы Тарбағатай, Саур тауларын зерттеген еңбегі қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Шараға қатысушылар Е.П.Михаэлистің Семей қаласындағы, шығыс өңіріндегі өмірі мен қоғамдық қызметі туралы мол ақпаратқа қанық болды. Қаламыздағы №33 орта мектептің оқушылары Арайлым Исабекова, Айпара Динашева, Дана Асылбековалар Абай өлеңдерін оқып, филармония әншісі Г.Еруова мен Абай атындағы театрдың қызметкері Ж.Қамбаров Абай әндерін нақышына келтіре орындады. Е.П.Михаэлистің өмірі мен шығармашылығы, шығыс өңірінің мәдени өміріне қосқан үлесі туралы әдебиеттер тізімімен дайындалған үлестірме материалдар таратылды. Шара соңында Е.П.Михаэлис көшесінің тұрғындары үшін «Кітапты сыйлыққа ал!» акциясы ұйымдастырылып, көше тұрғындарына жаңа кітаптар сыйға тартылды.
Ұлы Абайдың туған күніне байланысты Абай мен Михаэлистің үлкен достығына арнайы ұйымдастырылған мәдени шара көше тұрғындары үшін кітапхана қорымен күтпеген кездесу және маңызды жаңалық болды.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив