KZ
Өскемен
+11°
пасмурно жел 1 м/с, С
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Қазақастанда тақтай өндіретін жалғыз кәсіпорын Зырян ауданында орналасқан

2.08.2012, 18:00 466


Фанера, яғни жұқа тақтай өндіретін еліміздегі жалғыз кәсіпорын біздің облысымызда орналасқан. Ол – Зырян ауданының Зубовка кентіндегі «Фаворит» серіктестігі, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Кәсіпорын іргесі 2001 жылы қаланыпты. Оның басшысы Сергей Огнев еліміз үшін мүлдем жаңа өндірісті ашу оңайға түспегенін айтады. Ол Ресей мен Қытайдың фанера жасайтын зауыттарында болып, солардың технологияларын үйренген екен. Қазір кәсіпорында істеп тұрған қондырғылардың дені Қытайдан әкелінген. «Бағасы арзан әрі сапасы да көңіл көншітерлік болған соң алып отырмыз» дейді серіктестік директоры.

Жалпы, тақтай жасау өте күрделі технологияны қажет етеді. Орманнан кесіліп әкелінген бөренелер ыстық суға бұқтырылады, одан соң оны арнайы станокқа орнатып, қабыршақтарын тіліп алады. Қабыршақтар кептіріліп бірінің үстіне бірі қойылып, желімделеді. Бұдан соң тақтай үлкен қысыммен нығыздала-ды. Егер ағаш суда шамадан көп, не аз жатып қалса, қабыршақтар алынбай қалуы ықтимал. Яғни, бүкіл өндіріс тоқтайды деген сөз. Сондықтан, бұл кәсіпорында өз істерін бес саусағындай жақсы білетін нағыз білікті мамандар еңбек етеді.

Кәсіпорында өндірілетін фанералар нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Осында орнатылған жаңа жабдықтардың арқасында бұрын айына 50–70 текше метр өнім шығарылса, енді ол 250–270 текше метрге дейін жетуде. Сол сияқты бөренелер кесу, тақтай тілу, басқа да ағаш материалдарын дайындау жұмыстарының ауқымы біршама артқан. Ал ағаштар-ды кептіру, тілу сияқты жұмыстардың сапасы жақсара түсіпті.

Серіктестік өндірісі қалдықсыз жұмыс істейді, мәселен кәсіпорын ағаш жаңқаларын отын ретінде пайдалануда, одан қалса тіс шұқитын ши жасауды да қолға алмақ ойлары бар.

Елімізде шығарылған фанералар сапасы жағынан өзге елдердің өнімдерінен асып түседі. Оған бір дәлел, АҚШ әскері Ауғанстандағы базаларын салуға біздің фанераларды алған екен.

– Алты вагон орташа қалыңдықтағы фанераларды Ауғанстанға аттандырдық. Американдықтар ақшасын кешіктірмей төледі, естуімізше біздің тақтайлардың сапасы оларға ұнаған. Қазір, өкінішке қарай АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетіп жатыр, сондықтан құрылыс та тоқтаталды, осыған орай олардан тапсырыс та тыйылған, – дейді кәсіпорын басшылары.

Бүгінде кәсіпорында 250 адам жұмыс істейді. Дей тұрғанмен бұл аз, маман тапшылығы анық сезілуде. Әлі де 30-40 адам қажет зауытқа, білікті мамандар емес, қарапайым жұмысшылар. Жалақысы да жаман емес. Бірақ, ниет білдірушілер жоқ.

Кәсіпорын қазір ағаш дайындап, оны тасудан бастап, өңдеу мен дайын өнім шығаруға дейінгі барлық өндірістік процестерді толық атқарумен бірге оны кеңейту, өндірісті жаңғырту жұмыстарына үлкен мән беруде. Сондықтан биыл да өндіріске жаңа жабдықтар алынбақ.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру барысында кәсіпорын фанера цехын жаңғыртып, еңбек өнімділігін арттырды. Жобаны іске асыру нәтижесінде цех қуаттылығы екі жарым есе артып, шығарылатын өнімнің түр-түрі ұлғайды, қосымша 80 жұмыс орны құрылды. Бағдарлама бойынша 100 миллион теңге сомасында несие алынды. Жабдық сатып алынды, ғимаратқа, қазандықтарға жөндеу жүргізілді. Облыс, аудан экономикасын өркендету үшін мәні өте зор «Фаворит» ЖШС-нің бұл жобасы серпінді индустриялды-инновациялық даму бағдарламасына да енгізілген.

«Фаворит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өткен жылы өндірісте бірнеше жаңа жүйені іске қосқан еді. Соның нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өндірілген өнім көлемін анағұрлым арттыра отырып, түскен табыс көлемін де үш есеге көбейтті.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив