KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Өскеменде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты тіл сайысы өтті

1.08.2012, 18:00 110


Өскемендегі орталық қалалық кітапханада «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты тіл сайысы өтті, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Ана тіліміздің Ата Заңдағы мәртебесі биік болғанымен, қоғамдағы қолданысы көңіл көншітпейтіні – жасыруға келмейтін шындық. Өз ұлтынан өгейлік көрген құдіретті тілдің осы қасіретін емдеу үшін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аталмыш шараны өткізуге шешім қабылдаған көрінеді.

Сонымен сайыста бес мемлекеттік мекеменің қызметкерлері бақ сынады.

– Жалпы, бұл жолғы сайысқа қатысушылардың дайындығы нашар көрінді. Өйткені, олардың дені интернеттен көшіріп алған және газет-журналдардан қиып әкелген нәрселерінен аса алмай тұр, – дейді қазылар алқасының төрағасы Жұмағазы Игісін.

Оның айтуынша, мемлекеттік тіл сайысына қатысып отырған мекемелердің саны да өте аз. Өскемен қаласындағы мемлекеттік мекемелер саны бұдан әлдеқайда көп екені белгілі. Қазақ тілін білу сайысына қатысуға басқа мекемелердің батылы барып, жүректері дауаламаған сыңайлы. Сөйте тұра қазылар тарапынан ерекше мадақтауға ие болған сайыскер команда да жоқ емес. Айталық, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бұлбұл Қалқанбаева доданың «Қазақ сөзі» атты бөлімінде қасиетті қазақ тілінің нағыз бай тіл екенін көрсетті. Тебірене сөйлеген ол әр сөзіне ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты сөздерін тұздық қылып, мақал-мәтелмен мәнерлі сөйлеп, біраз елді тамсандырған.

Сонымен сайыс қорытындысы да белгілі болды. Екі үшінші орынды қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінен келген «Бірлік» командасы мен қалалық құрылыс бөлімінің аманатын арқалап келген «Тапқырлар» командасы бөлісті. Екінші орынға Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен келген «Аққулар» командасы табан тіресе, жүлделі бірінші орынды қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлерінен жарақталған «Ақжүніс» командасы қанжығаларына байлады. Ал сайыстың бес бөлігінде де өздерінің тиянақты дайындығын көрсеткен қалалық қаржы бөлімінің «Томирис» командасы бас жүлдені еншіледі. Жүлделі орын алғандарға бағалы сыйлықтар берілді және бірде-бір қатысушы құр қол қайтқан жоқ.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив