KZ
Өскемен
+30°
ясно жел 3 м/с, В
467.29 501.03 5.35

Алакөлдің асқақтар күні алыс емес

8.07.2012, 18:00 304


Туристердің үлкен толқынын тартады деп отырған жерлердің бірі – Алакөл. Оның өңіріміздегі ең әдемі де көрікті жерлердің бірі екені рас. Алакөлдің суы ащы әрі тұщы. Мұндағы су Бұқтырма су қоймасының суына қарағанда анағұрлым жылы. Сонымен қатар Алакөлдің суын емдік мақсатқа да пайдалануға болады. Оның суы әртүрлі ауруларға ем екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Тек осы жерден ғана даланың таза ауасы мен суының емдік қасиетінің пайдасын қатар көруге болады.

Осынау тамаша көлдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Түйткілді мәселелері бар ма? Туристердің тынығуына тиісті жағдайлар жасалып жатыр ма? Осы жәйттерді көздерімен көріп, көңілге түйіп қайту үшін жақында облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, облыстық денешынықтыру және туризм басқармасының бастығы Әбіл Донбаев бастаған бір топ журналистер Алакөлге арнайы барған-ды.

Рас, соңғы кездері Алакөлдің жағасын су шайып жатыр деген әңгіме көп айтылған-ды. Алайда қазіргі уақытта бұл мәселеге облыс Әкімінің өзі тікелей араласқаннан кейін жағалауға жан біткендей. Жағалауды бекіту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр екен.

– Қазір жағалауда жүк таситын үлкен тоғыз мәшине жұмыс істеп жатыр. Бір көлікке 10–12 текше метр тас сияды. Бұл тастардың астына геотекстиль деген материал салынады. Ол жағаның шайылуына жол бермейді. Тастарды 60 шақырым жерден тасып жатырмыз. Күніне 9 рейс. Бұған дейін 135 рейс жасалды. Бұл жұмыстар 10-шілде күні толықтай аяқталады, – дейді қауырт жұмыстың басы-қасында жүрген аудан әкімі Бауыржан Жанақов.

Аудан әкімінің айтуынша, соңғы жылдары Алакөлге айрықша көңіл бөліне бастаған. Көлдің жағалауын ретке келтіру үшін Алматыдағы «Казгипроводхоз» мекемесі жобалық-сметалық құжаттар әзірлепті. Осыдан екі жыл бұрын судың толқынын тоқтататын, ұзындығы 168 метрді құрайтын бірінші пирс салынған екен. Сол пирс салынғаннан кейін 300-350 метрге дейін жаңа жағалау пайда болған көрінеді.

Алакөлдің асқақтар күні алыс емес– Бұл өте дұрыс шешім болған сияқты. Біз жағалаудың шайылуына жол бермейтін алты пирс салуды көздеп отырмыз. Жалпы, Алакөлді көріктендіруге байланысты 2013-2014 жылдарға жоспарланып бөлінген қаржы сомасы – 3 миллиард, 150 миллион теңге. Осы қаржыға пирстер салынса, Алакөл жағалауының мәселесі шешіледі, – дейді аудан әкімі.

Рас, Алакөлді ауқымды демалыс орнына айналдыру бағдарында облыс басшылығы аянып жатқан жоқ. Дегенмен, шипалы көлдің мәселесін ширату үшін республикалық деңгейде көңіл бөлу керек секілді.

– Алакөл мәселесін түбегейлі шешу үшін көл Туризм және спорт агенттігінің балансына берілуі керек. Бұл мәселені талай азаматтар айтып жүр. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өзі бұл мәселені талай рет көтерді. Осы мәселе шешілсе, Алакөлдің мәселесі біршама шешімін табар еді. Және әлдеқайда шұғыл түрде жүзеге асар еді. Сол кезде жол да, ұшақ та, жағалау мен инфрақұрылым мәселелері де реттелер еді, – дейді аудан әкімі.

– Сервис қазіргі талаптарға сай болмаса да мұнда жиі келемін. Өйткені, көлдің суының емдік қасиеті мол, – дейді Алакөлде тұрақты демалушылардың бірі Арыстан Керейбаев. – Десе де жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілгеннен кейін көп оң өзгерістерді байқадым. Мұнда келесі жылы тағы келмек ойым бар.

Осылайша облыс әкімдігінің көп күш жұмсауының арқасында кәсіпкерлер Алакөл-дің болашағына сеніммен қарай бастады. Тек биылдың өзінде ғана Үржар ауданына екі миллиардтан астам инвестиция тартылды. Бұл бизнес пен биліктің тең әріптестігін білдірсе керек.

Мәлiметтiң көзi: BNews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив