KZ
Өскемен
+2°
пасмурно жел 1 м/с, С
487.24 529.34 5.02

Өскемендегі мешіт келешек үшін салынып жатыр

26.06.2012, 18:00 209


Жаздың аптап ыстығы мен кей кездері сіркіреп салатын жауын-шашынына қарамастан облыс орталығында жаңа мешіттің құрылысы тоқтаусыз жүріп жатыр. Үлкен іске жұмылған құрылысшылар армиясы таң бозынан қас қарайғанша бір сәтке де дамыл таппай еңбектенуде, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Өйткені, тамыз айының 20-жұлдызында келетін мұқым мұсылман қауымының қасиетті мерекесі – Ораза айтта сәні мен сәулеті көз қуантар тамаша мешіт жамағатқа есігін айқара ашуы тиіс. Аймағымыздың бас шаһарында еңсе тіктеп келе жатқан ғимарат құрылысының басы-қасында қадағалап жүрген Өскемен қалалық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк бізбен болған әңгімесін осылай бастады.

– Владимир Михайлович, құрылысты 20-тамызға дейін аяқтау туралы облыс Әкімінің берген тапсырмасы қалай жүзеге асырылуда? Мешіттің межелі мерзімде аяқталатын түрі бар ма?

– Әрине, сәтін салса аяқтаймыз деп ойлаймын. Қазір мұнда облыс аумағында бірқатар нысандардың құрылысын жүргізген «Құмаров және К», «Алтайстрой», «Дороги Востока», «Востокземстрой» сынды жұртқа белгілі отыз мердігер компания жұмысқа тартылса, бас мердігер міндетін әуел бастан «СтройЭффект» ЖШС өз мойнына алған. Одан бөлек өңірдегі кәсіпорындар да барынша атсалысуда. Күн сайын шамамен екі жүзден астам адам келіп еңбек етеді. Сенбі, жексенбі күндері мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, қала тұрғындары, студент жастар мен мектеп оқушылары өз еріктерімен ешқандай ақы-пұлсыз түрлі шаруаларға септесіп жатыр.

– Жұрттың жұмыла кіріскені жақсы-ақ, дегенмен олардың бәрі бірдей құрылысшы емес, осы жағынан келсек, бұл жұмыстың сапасына қалай әсер етер екен? Жалпы, техникалық қадағалау мәселесі ескерілген бе?

– Дұрыс айтасыз, мешітті салуға ерікті түрде келіп атсалысып жатқан адамдардың бәрі құрылысшы емес, бірақ оларға да істейтін шаруа табылады бұл жерден. Мәселен, ғимараттың айналасын көріктендіру, көгалдандыру, тазалау сияқты жұмыстар да қосымша еңбек күшін қажет етеді ғой. Ал енді құрылысты сол саланың кәсіби мамандары жүргізуде. Техникалық қадағалау шараларын келісімшарт бойынша «Облжилкомхоз» фирмасы жүзеге асырады. Барлығы құрылыс нормалары мен ережелерінің қатаң талаптарына сәйкес орындалуда. Жоба бо-йынша ғимараттың күмбезі қара металдан жасалып, сыртынан полимермен қапталады деп көрсетілген. Алайда бұл материал ұзақ уақытқа дейін қызмет ете алмайды екен. Сондықтан біз Ресейдің Челябі қаласынан ТМД елдері аумағында жүзден астам мешіт пен шіркеулердің күмбездерін жасап, орнатып берген фирманы тауып, келісім жасастық. Олар күмбезді аспан түстес көгілдір, әрі тот баспайтын жабыннан дайындап берді. Жақында металл тиеген жүк көлігі келіп қалуы керек. Артынша оны құрастырып, орнататын мамандар да ат басын тірейді Өскеменге.

Қадағалау дегеннен шығады, әрбір еңбек күні аяқталған соң тапсырыс беруші «Қасиетті бірлік» қорының техникалық өкілінің қатысуымен «шұғыл» жиналыс өткізілсе, әр апта сайын қалалық әкімдікте қосымша жиын болады. Яғни, құрылыс жұмыстарының барысы жан-жақтан қадағаланып, қатаң бақылауға алынған. Еш нәрсені мақсатсыз жұмсауға, сапасыз істеуге жол берілмейді.

– Жаңа бір сөзіңізде «еш нәрсені мақ-сатсыз жұмсауға жол берілмейді» деп қалдыңыз. Менің түсінігімше, сіз қаражат мәселесін меңзеп отырған сияқтысыз. Ендеше, құрылысты қаржыландыру мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

– Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Абу-Даби қоры мешітке 280 миллион теңге қаражат аударып отыр. Жобаға, сметалық құжаттамаларға және орындалған жұмыстарға байланысты акт жасалады, содан кейін қордан ақша бөлінеді.

– Ел аузында «Бізде салынып жатқан зәулім ғимарат еліміздегі мешіттердің ішінде ең үлкені, ең кереметі болады» деген әңгімелер айтылып жүр. Бұл қаншалықты рас? Жаңа ғимаратқа сипаттама бере кетсеңіз.

– Еліміздегі ең үлкен мешіттердің бірі дегеніміз дұрыс шығар. Салынып жатқан бұл нысанның жалпы биіктігі 20 метрге жетеді, ал мұнараларының биіктігі 63 метрден. Ауданының жалпы көлемі 800 гектарды құрайды. Ғимараттың бірінші қабатында үш қатымхана орналасқан. Біріншісі ең үлкені – 300 адамдық, қалған екеуі 70 орындықтан. Оған қоса ас бөлмесі бар.

Ал екінші қабатта Құран-кәрімді үйренетін және оқитын екі сынып бөлмесімен қатар дәрет алу орны қарастырылған. Сондай-ақ, мың жарым адамға арналған шағын зал жұмыс істейді.

Ғимараттың үшінші қабатында балконымен қосқанда сыйымдылығы 2500 орынды құрайтын намазхана болады. Ер-азаматтар негізгі залда намаз оқыса, әйел адамдар балконда ғибадат-құлшылықтарын жасайды.

– Медресе бола ма? Мұны сұрап отырған себебім, алғашқы кезде мешіттің ішінде діни білім беретін медресе жұмыс істейді деген еді.

– Иә, бастапқыда медресе ашу мәселесі айтылған, бірақ Өскемен қаласы орталық мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Байжігітұлының берген мәліметіне қарасақ, бүгінгі күні Республика аумағында жұмыс істейтін он діни білім беру орны балалармен толық қамтылмай жатыр екен. Ендеше, тағы бір медресе ашудың қажеттілігі шамалы сияқты. Оның үстіне мешіт үйі Жаратушыға құлшылық қылатын, Құран-кәрімнің сүре-аяттарын оқитын, ғибадат амалдарын атқаратын орын. Ал медресенің қызметі бө-лектеу. Сондықтан алғашқы кездегі медресеге арнап бөлінген екінші қабаттағы аумақта жоғарыда айтып өткендей сыйымдылығы 1500 адамға шақталған шағын зал жасадық. Адамдар мұнда күнделікті келіп, құлшылықтарын атқара алады.

– Сөз жоқ, мешітіміз үлкен, кең тынысты болып бой көтеріп келеді. Дей тұрғанмен осындай орасан зор залды жамағатпен толтыруда қиындық тумай ма?

– Біз бұл мешітті келешекке арнап тұрғызып жатырмыз. Әрине, дәл бүгін залды адамдармен лық толтырамыз деп айта қою қиын, алайда болашақта, яғни, мұсылман қауымының қатары молайғанда намазхана мен Құран оқу сыныптарының, басқа да орындардың бос тұрмайтыны шүбәсіз.

– Ішкі құрылыс жұмыстары, оның ішінде әрлеу, өңдеу, безендіру амалдары қай деңгейде?

– Ішкі безендіру жұмыстарын исламның барлық талаптары мен ережелеріне сай болуы үшін арабтармен және Өскемен орталық мешітінің бас имамымен ақылдасып, келісе отырып жүргізіп жатырмыз. Жоғары шеберлік пен жауапкершілікті қажет ететін бұл міндетті Алматы қаласының «Актомгрупп» компаниясы атқаруда. Аталмыш компанияның 40 жұмыскері қазір өрнектерді бедерлеп, жазуларын жазып, аяқтап қалды.

– Кейбір тұрғындарымыз әсем мешіттің дәл іргесінде жанар-жағармай құю стансасының орналасуы көзге оғаш көрінетінін айтып жатыр. Бұған қалай қарайсыз?

– Әрине, жанармай стансасы дұрыс тұрған жоқ. Меншік иесіне басқа жерден орын ұсындық, бірақ ол келіспеді. Қойып отырған талабы тым жоғары. Бұл мәселеде біз тек заңға ғана сүйенеміз, заң талаптары арқылы әрекет етеміз. Заңнан тыс ештеңе істей алмаймыз ғой. Сондықтан өз еркімен орынды босатып жатса біз де, халық та ризашылығымызды білдіреміз.

– Әңгімеңізге рақмет. Ізгі ниеттегі істеріңіз ілгері бассын!

Әңгімелескен – Серік Әбілхан
Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив