KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, СБ
444.14 477.05 4.85

Балғындарымызды биыл қандай демалыс күтіп тұр?

10.06.2012, 18:00 136


Жазбен бірге жадырайтын бір адам болса, ол – бала. Әсіресе, мектеп жасындағылар бұл кезеңді асыға күтетіні бар. Өйткені, олар жаз бойы тоғыз айдағы оқудан бір тыныс алып, емін-еркін сайрандайды. Олардың каникулының мәнді өтуі үшін биыл қандай жақсылықтар күтіп тұр?

Қарастырылған қаржы жетерлік

Бұл мәселеде алдымен облыстық әкімдіктің «Балалар мен жасөспірім-дердің денсаулығын нығайту және жазғы демалысын ұйымдастыру» тура-сындағы «Жаз – 2012» бағдарламасы негізге алынады. Сол бағдарламаға сәйкес, биылғы жаз маусымында аймақ бойынша барлық оқушылардың 97 пайызын (149798), оның ішінде аз қамтылған отбасыларының 27480 және «тәуекел тобындағы» 1624 баланы демалыспен қамту көзделініп отыр. Бұл мақсаттарға 185,7 миллион теңге (бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 61,4 миллион теңгеге көп), оның ішінде жергілікті қазына қорынан 159,5 миллион және демеушілік тарапынан 26,2 миллион теңге қарастырылған екен.

Бұл – аз ақша емес, яғни, балаларымыз-дың еркін демалуына тамаша мүмкіндік жасалып жатыр. Осы тұста балалардың жазғы демалысының ойдағыдай өтуіне Өскемен, Семей, Зырян қалалары мен Жарма, Үржар және Шемонайха аудандарының әкімдіктері ерекше көңіл бөліп, қомақты қаражат қарастырып отырғаны марқайтады.

Жалпы облыс көлемінде жұмыс істейтін 30 қала сыртындағы сауықтыру лагерінің тоғызы жеке адамдардың иелігінде болса, 15-і – мемлекеттік, ал алтауы облыстық бюджет қаржы-ландыратын балалар үйлерінің балансында. Үстіміздегі жылы Көкпекті ауданы, Новостройка ауылындағы бұрынғы мектеп базасында «Балдәу-рен», Зайсан ауданында «Қарашоқы» және Глубокое ауданында «Лучики Востока» атты сауықтыру лагерьлері ашылмақ. Оларда орта есеппен 20 мыңнан астам ұл мен қыз демалатын болады. Нақты деректер көзі оларда жетекші мен тәрбиешілерден және Өскемен мен Семейдің педаго-гикалық колледждерінің студенттері-нен жасақталған 323 маман жұмыс істейтінін айтып отыр.

Әсіресе, жетім балаларға көп көңіл бөлінеді

Ата-анасы қасында, үйі қашанда қуанышқа толып тұратын баланың каникулы қалайда қызыққа толы болатыны даусыз. Ал аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан балалар, тағдыр тәлкегіне ұшырап, жетім қалған жәудіркөздер және «тәуекел тобындағылар» қалай демалады екен? Олар да биыл назардан тыс қалмаған көрінеді.

Мәселен, аз қамтылған отбасылардың 113 баласы Алматыдағы «Бөбек» сауықтыру орталығында, сегіз тұл жетім Анапада, ал 20 бала Италиядағы атақты балалар кешенінде тынығып қайтпақ. Сондай-ақ, кешенді жоспарға сәйкес, жетім балалар үйі мен мектеп-интернаттарының 1353 баласын (өздерінде меншік демалыс базасы жоқтар) жалға алынған лагерьлерде сауықтыру көзделініп отырған көрінеді.

Санамен ойлайтын әр адам үшін балаға мейірімді болу басты орында тұратынын уақыт көрсетіп келеді. Осы тұрғыда ізгілік көрсетіп келе жатқан бірнеше кәсіпорын биыл да дағдыларынан жаңылмапты. Мысалы, Зайсан және Тарбағатай аудандарының патронатты кәсіпорындары жаз мезгілінде бірнеше бала алып, оларға «Қонақжай отбасы» бағдарламасы бойынша көмек жасамақ екен. Ең бастысы, қаймағы бұзылмаған қазақ өңірлерінің мұндай қасиетті қамқорлыққа толы бастамасын өзге де мекеме-ұйымдардың қостауға құлшынып отырғаны қуантады.

Аула клубтары да көштен қалмақ емес

Қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецовтың дәйегіне сүйенсек, аула клубтары, әсіресе, жаз айларында ерекше жұмыстар атқаратын болады. Барлық клубтар өзіне мүше балаларды әртүрлі саяхаттарға апарып, футболдан, волейбол, баскетболдан, үстел теннисінен, тағы басқа спорт түрлері бойынша сайыстар өткізбек. Жалпы, жаз маусымы бойы аймағымыздың қалалары мен аудандарында 110 аулалық клуб (оның 18-і ауылдарда болса, 92-сі үлкенді-кішілі қалаларда) жұмыс істейді деп болжануда.

Бұларға қоса облыстық және қалалық білім бөлімдері оқушылардың демалуын қамтамасыз етумен қатар, оларды жұмыспен қамтуға да ден қойып отырған сыңайлы. Мысалы, жаз күндері 89 жазғы еңбек лагерінде екі мыңға тарта бала еңбек етсе, жеті мыңнан астам оқушы жөндеу-құрылыс және өндірістік бригадаларда шаруа істеп, түрлі жұмыстың қыр-сырын үйренуге бейімделмек. Оқушылар көшелерді көгалдандырып, абаттандырудан, сонымен қатар, жеміс-жидек өсіру мен бақтарды күтіп-баптаудан да қалыспайтын сияқты. Мұндай еңбекке баулу тірлігімен бұйырса, 30 мыңдай бала айналысатын болады деп күтілуде.

Балалар туризмі дамып келеді

Облыстық білім басқармасының бір тың жобасы осы бағытты дамытуға бағытталған. Сала басшысы Мәдениет Ахметованың сөзіне қарағанда, аталған басқарма облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, «Облыста 2015 жылға дейін балалар мен жасөспірімдердің туризмін дамыту» атты кешенді жоспар жасап отыр. Осы болмысы бөлек жоспарға сәйкес, 35 туристік палатка ұйымдастыру арқылы алты жарым мыңнан астам оқушы қамтылатын болады. Көп команданың арасынан суырылып шыққан үздік топтар «Менің Отаным – Қазақстан» бағдарламасы аясында облысымыздағы тарихи орындарға барады, барып қана қоймай, «Қазақстан Алтайы» атты халықаралық туристік фестивальға қатысатын болады. Ал ішкі туризм шеңберіндегі өлкені танып, білуге бағытталған бір және көп күндік саяхаттар үш мыңнан астам оқушының дүниетанымын кеңейтері сөзсіз. Бұл тұрғыда Шемонайха ауданының жаңашыл бастамасы көп басшыларға ой салуы қажет. Олар бір емес, он бір киіз үй құрып, кәдімгі киіз үйлер қалашығын ашуды көздеп отырған сыңайлы. Әсемдігімен көз тартатын, халықтық педагогика дәстүрін ұстанған ол үйлерде 670 бала бюджет есебінен тынығып, өткеннің салт-дәстүрін көкейлеріне мықтап тоқып қайтпақ. «Бұл ұрпақ сабақтастығының алтын арқауы болмақ» дейді білім саласындағылар. Шынында солай екеніне дауымыз жоқ.

Бұл шаруада да проблема бар

Тегі, мың іс тындырған жанда да кем-кетік болатыны сияқты, оқушыларды жаз бойы демалдырудың да ақсап жатқан тұстары бар болып шықты. Оның бастысы, біздің аймақтың бес бірдей ауданында сауықтыру лагерьлерінің жоқтығы деуге болады. Дәл осы тұста нақты сандарға жүгіну қажет болып тұр. Мәселен, осы бес аудан туралы сөзіміз былай көрініс береді: балалардың демалысын ұйымдастыру бойынша Бородулиха ауданы 54 пайызды, Аягөз ауданы 43 пайызды, Бесқарағай мен Шемонайха аудандары тиісінше 30 пайызды, ал Абай ауданы бар-жоғы 27 пайызды көрсетіп отыр.

Осы жерде жұмыс істеп тұрған лагерьлердің де жағдайын айтпай кету мүмкін емес. Мәселен, 30 лагерьдің тек 26-сы ғана типтік ғимаратта орналасқан, қалғандары лагерьге бейімделгендер. Ал алты ғимарат: Риддер қаласы маңындағы «Синегорье», «Лениногорский», Ұландағы «Болашақ», Тарбағатай ауданындағы «Сеңгір» және Семейдегі «Радуга», «Жас қанат» лагерьлері жартылай тозып тұр. Міне, тағы бір дәлелді сөз: Үржар ауданындағы 170 оқушыға арналған «Үржарайым» лагерінде бірнеше доп, айналма (обруч) пен секіртпе жіптер (скакалка) болғаны болмаса, бірде-бір спорттық-мәдени, демалыс ғимараты жоқ. Өкініштісі сол, мұндай жағдай көптеген лагерьлерге тән болып қалуда. Ал балалар жан-жақты жетіліп, ой толтырып қайтады делінетін лагерьлердің жартысынан астамында кітапхана жоқ екендігін не деп түсіндіруге болады? Тағы бір проблема – түрлі дерттермен диспансерлік есепте тұратын балалардың (жалпы демалушылардың 3 пайызы) жазғы лагерьлермен қамтылмай отырғаны. Республикамыздың әр жерінде бұл мәселе керемет болмаса да, қолға алынып, мүгедек балаларды сауықтыратын виртуальды лагерьлер жұмыс істейтін көрінеді. Біздің дәл осы мәселеде артта қалып келе жатқанымыз рас.

P.S. Міне, аймағымызда оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру тұрғысында осындай азды-көпті шаруалар істеліп жатыр. «Бір бала қуанса, мың періште қуанады» деп қазақ атамыз бекер айтпаған болар. Сондықтан балалардың жазғы демалысын мәнді етуге міндетті мекемелер мен аудандық әкімдіктер бұл мәселеге көбірек көңіл бөлгені жөн шығар. Өйткені, болашағымыз болып саналатын әр баланың жақсы тынығуы, денінің сау болуы оның бүгін оқуда, ертең еңбекте озық болатынының кепілі емес пе?

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив