KZ
Өскемен
+15°
небольшой проливной дождь жел 4 м/с, Ю
443.16 480.39 4.94

Мал ұрлығының көбеюіне халықтың бейғамдығы да себепші

21.05.2012, 18:00 248


Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың облыс жұртшылығымен кездесулері басталды. Облыс Әкімі бастаған құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларынан құралған топ бірінші болып Ұлан ауданына ат басын тіреді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Халықты мазалаған сауалдарға жауап беріп, орын алған олқылықтарды шешудің жолдарын қарастыру үшін облыстың бас прокуроры Қабдолла Төлегенов, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жакупов, ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бастығы Асқар Ақшаев, облыстық қаржы полициясының бастығы Бәделхан Қалмаханұлы, облыстық соттың төрағасы Абай Рахметулин, салық департаментінің төрағасы Уәлихан Әмірханұлы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасының бастығы және тәртіптік кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов та ауданға арнайы келді.

Алғашқы кездесу Қасым Қайсенов кентінде өтті. Өңір басшысымен аталған лауазымды тұлғалардың алдына сауал қою үшін аудандық Мәдениет үйіне Алмасай, Айыртау, Саратов, Төлеген Тоқтаров, Өскемен ауылдық округтері мен Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары жиналыпты.

Жұмыс тобының мұнда келудегі мақсатын түсіндірген аймақ басшысы алғашқы төрт айдың қорытындысы бойынша облыстың экономикалық көрсеткіштері өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда жоғары екенін, мемлекет басшысы мен Үкіметтің міндеттеген тапсырмаларының бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатқанын жеткізді.

Одан кейін Ұлан ауданының әкімі Серік Төленбергенов аудандағы жалпы жағдайдан қысқаша мағлұмат берді. Индустрияландырудың республикалық картасына Ұлан ауданынан «Өскемен құс фабрикасы» акционерлік қоғамын жылына 20 000 тонна етке дейін кеңейту» жобасы енген. Жобаның жалпы құны үш миллиард шамасында.

Бүгінде жоба іске асырылуда. Жыл аяғына дейін еттің көлемін 17 000 тоннаға жеткізу көзделіп отыр.

Ал индустрияландырудың аймақтық картасына Ұлан ауданынан Полиэтилен құбырлары өндірісі жобасы енгізілген. Құны 150 млн. теңгені құрайтын жоба жеке қаражат көздерінен қаржыландырылмақ. Диаметрі 25-тен 500 мм.-ге дейін болатын құбырлар шығаратын зауыт 2014 жылға қарай толық қуатпен жұмыс істейтін болады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде жоғарыда аталған жобалардың іске асырылуына 134,2 млн. теңге көлемінде мемлекет қаржысы қарастырылған.

Ал «Өнімділік – 2020» бағдарламасы бойынша «КЭМП – Восток» ЖШС, «Болашақ» ШҚ, «Багратион Ұлан» ЖШС мен «Өскемен құс фабрикасы» АҚ сынды кәсіпорындармен жұмыстар жүргізілуде.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына қатысқысы келетіндердің саны да күрт өскен. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 44 адам жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік алған.

70 адамды әлеуметтік жұмыстарға орналастыру үшін 17 млн. 628 мың теңге, 29 түлекті жастардың іс-тәжірибесіне тарту үшін 5 млн. 389 мың теңге қаржы бөлінген.

Бағдарламаның шағын несиелендіру бағыты бойынша жылдың алғашқы тоқсанында 260 бизнес-жоба қаралып, оның 44-і мақұлданған. Облыстық комиссияның отырысына 6 несиелік серіктестік ұсынылып, барлығы қолдау тапқан. Бағдарлама бойынша жалпы жиыны 717,4 млн. теңгенің несиесін алуға 276 өтініш түскен.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар тарапынан ауыз су, жарық пен жылу тапшылығына, жолдардың сапасына, егін мен шабындыққа мал түсірушілер мен мал ұрлығына қатысты сауалдар қойылды.

Аудан орталығындағы Атығай көшесінің тұрғындары жарықтың жоқтығына, ауыз судың сапасыздығына налитындарын айтады. Тіпті, лай судан құрт шыққан кездері де болған екен. Облыс Әкімі мұндай мәселелері бар үйлердің дені рұқсат етілмеген жерлерге заңсыз салынған үйлер болуы мүмкін екендігін ескерте келіп, мәселені зерделеп, егер заңды түрде салынған үйлер болса, «Жол картасы» есебінен көмек көрсетілетінін айтты. Зейнеткер Лариса Васюкованың сұрағы тікелей облыстық сот төрағасына бағытталды.

Кенттегі сот ғимараты орналасқан балабақша үйінің толықтай қашан қайтарылып берілетінін білгісі келген үш немеренің әжесі тәрбие ошағы мен сот мекемесінің бір ғимаратта іргелес отырғанына қатты алаңдайтын көрінеді. Абай Рахметулин талапқа сай ғимарат табылмайынша балабақшаны босатудың мүмкіндігі жоқ екенін түсіндірді.

Алмасайлықтар ауылдағы бұрынғы Мәдениет үйін ел игілігіне қайтарып беруді өтініп келіпті. Жекеменшіктің қолындағы 300 орындық ғимаратқа мәдениет пен медицина саласының, әкімдіктің, учаскелік полицияның қызметкерлерін орналастыруға да болатынын айтады.

Мал ұрлығы қолындағы азын-аулақ маңырама мен мөңіремеге қарап отырған ауыл халқына үлкен соққы болып тиюде. Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Рашид Жакупов бұл бағытта тынымсыз жұмыс жүргізіліп жатқанын, ұрлықтың көбеюіне халықтың бейғамдығы да әсер етіп отырғанын ашық айтты. Жайылымға қараусыз жіберілген малын уақыт оздырып барып іздегендіктен қылмыстың ізіне түсу мүмкін емес көрінеді. Ұрланды деген малдың 80 пайызы өрістен жоғалатыны анықталған. Сондықтан ол елден малды қараусыз қалдырмай, қырағы болуларын сұрады.

Дәрігер мен учаскелік полиция қызметкерлерінің жеткіліксіздігі де көп көтерілген мәселелердің бірі болды.
Саратовкалық Әлібек Нұрмұхамедов аталған округтегі Тельман, Саратовка, Отрадное сынды ауылдардың атын өзгерту мәселесін көтерді. Тұрғындар арасынан жұмысқа орналасу, жоғалған құжатын қалпына келтіру сияқты жекебасқа қатысты сауал қойғандар да табылды. Облыс басшысы тұрғындарды қойылған әрбір сұраққа тиісті орындардан толымды жауап алатындарына сендірді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив