Денедегі мең мен қал қатерлі ісік тудыруы мүмкін
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы
ШҚО-да тері обыры бойынша 1743 адам және меланомасы бар 202 адам диспансерлік есепте тұр.
Өңірдегі онкологиялық аурулар арасында тері қатерлі ісігі жетекші орында, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы бүгін тұрғындарды тегін тексерістен өтуге шақырады.
Денесінде қандай да бір жаңа өскінді байқаған, қалы мен меңі бар шығысқазақстандықтар онколог мамандардың тегін тексерісінен өте алады. ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы сағат 09.00-ден 13.00-ге дейін терінің қатерлі ісігі және меланома туралы республикалық хабардар болу апталығы аясында Ашық есік күнін өткізеді. Яғни, бұл күні облыс тұрғындары терапевтің жолдамасынсыз және МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан кеңес ала алады. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болса жеткілікті.
Мекенжайы: Потанин к-сі, 6, 1-корпус, консультативтік-диагностикалық бөлімше (емхана). Барлық сұрақтар бойынша +7 (7232) 48-91-51, +7 778 003 78 45 нөмірлеріне хабарласуға болады.
Адам денесіндегі мең мен қалдың теріде қатерлі ісік тудыратын түрлері бар. Әдетте кей адам денесіндегі туа бітті немесе жүре қалыптасқан қал мен меңді табиғи ерекшелік деп, мән бермейді. Тіпті оны денсаулығына қауіпсіз деп ойлайды. Алайда денедегі өскіннің түр-түсіне мән берген жөн. Терідегі дақтар мен өсінділердің ішінде өмірге қауіп төндіретіндері де бар. Солардың бірі - меланома. Сондықтан қазір тері меланомасын анықтау және емдеу онкологияның күрделі мәселелерінің біріне айналған.
ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының мамандары ақпаратына сүйенсек, былтыр тері қатерлі ісігінің 472 жаңа жағдайы және меланоманың 41 жаңа жағдайы тіркелген. Ал биыл бірінші тоқсанда 90 тері қатерлі ісігі және 9 меланома тіркелді. Көбінесе ауру Өскемен, Риддер, Глубокое, Шемонаиха аудандарында және Алтай ауданы тұрғындарынан анықталады.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, тері қатерлі аурулары көбінесе ақшыл адамдар және 50 жастан асқан ерлер мен әйелдер бейім келеді екен. Жас ұлғайған сайын адамның меңі ақырын өседі, аздап формасы өзгереді, өңі де дене түсіндей болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Ал үлкейіп, беткі қабаты қарая түссе, беті қышып, ауырсынса оған бейжай қарауға болмайды, оның соңы ауыр жағдайға ұласуы мүмкін. Сондықтан дәрігерге қаралған дұрыс.
Онколог маман теріні арнайы медициналық құралдардың көмегімен жіті тексеріп, нақты бағалайды. Мәселен, тері қатерлі ісігін анықтаудың негізгі әдісі – дерматоскопия. Тері қатерлі ісігін анықтаудың және меңді өзгертудің негізгі әдісі - дерматоскопия. Диагнозды растау үшін дәрігерлер өскіннің таңбасын, қырындысын алып, цитологиялық зерттеуге жөнелтеді. Егер меланомаға күдік болса, гистологиялық зерттеу жүргізіліп, кесуге жіберіледі.
Сондай-ақ, мамандар халық көбінесе бұндай өскіндерді өз бетінше емдемек болып, сүйелшөппен күйдіріп тастайтынын айтады. Егер қауіпсіз сүйел болса, ол жоғалып кетеді. Ал егер меланома болса, оны асқындырып алу қаупі жоғары. Сондықтан өз қателік жасамай, бірден дәрігерге көрінген абзал.