KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
514.93 536.04 5.18

Туризм мәдениетін жетілдіру қажет

25.05.2024, 17:20 300 Оразай Жеңісұлы

Шығысқа келген турист жай қонақ емес, өңірдің экономикасына ақша салатын инвестор екенін ұмытпаған жөн. Табыс тапқымыз келсе, аймаққа ат басын тіреген әр саяхатшыға лайықты қызмет көрсетіп, қонақжайлық таныту керек. Әсіресе, ауылды жерде туризм мәдениетін көтеру – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі.

Еліміздің бірқатар өңірінде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда да жазғы туристік маусымға дайындық қызу жүріп жатыр қазір. Алайда Шығыстың бір ерекшелігі, дұрысы артықшылығы, туристік маусым бұл өлкеде жыл он екі ай бойына жалғасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Оған табиғаты көркем, тарихы бай өңірдің әлеуеті толық жетіп тұр. Демек осы салада кәсіптеніп жүргендерге жыл бойы табыс тауып, шаруасын дөңгелетуге тамаша мүмкіндік. Қызмет сапасын көтеріп, қонақтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы қамтамасыз етілсе берісі республиканың әр түкпірінен, арысы алыс-жақын шетелден туристер өздері-ақ ағылады. 

– Қытайдағы Қазақстан туризм жылының ашылуына орай өткен форумда біз аймақтың туристік әлеуетін таныстырдық. Көрші елдің қызығушылығы жоғары. Егер автобус маршруттарын әзірлесек, басқа да түрлі қызметтерді ұйымдастырсақ қытайлық саяхатшылар Шығысқа келуге, көруге дайын екендіктерін жеткізді. Олардың алғашқы тобы сәуір айының соңында келіп үлгерді. Ендігі біздің міндет – шетелдік қонақтарды қарсы алуға дайын болу, оларға сапалы қызмет көрсету, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев ауылды жердегі туризм мәдениетін әлі де болса көтеру қажеттігіне баса назар аударды.

Аймақ басшысы аудан-қалалар мен ауылдардың әкімдеріне, сондай-ақ жауапты бөлімдердің басшыларына, туристік компаниялардың өкілдеріне ел ішінде түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырды. Ондағы мақсат – өңірде туризм мәдениетін қалыптастыру. Ол үшін арнайы бағдарлама да әзірленбек. Алдағы уақытта жергілікті атқарушы биліктің жұмысын бағалаған кезде туристерге қаншалықты жайлы жағдай жасай алған-алмағаны қаперге алынатын болады.

Демалушылардың қауіпсіздігін сақтау да аса маңызды міндет. Бұл орайда құқық қорғау органдарымен қатар аудан-қала, ауыл әкімдеріне де үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені заңбұзушылықтың салдарымен күрескеннен гөрі оның алдын алған дұрыс. Ал алдын алу жұмыстары ел ішінде ақпараттық-түсіндіру шаралары арқылы жүргізіледі. 

– Біз ауылдағы қарапайым тұрғынға бәрін түсіндіруіміз керек. Шалғайдағы елді мекенге ақпарат жетпей қалуы мүмкін, сондықтан адамдар көп жағдайда бейхабар қалады. Әсіресе, заңдылықтың сақталуына, қоғамдық тәртіптің бұзылмауына қатысты, сонымен қоса туристерге лайықты қызмет көрсету бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге тиіспіз. Бұл жұмысты барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы билік өкілдері, құқық қорғау органдарының, бейінді бөлімдердің, мүдделі компаниялардың қызметкерлері жұмыла атқару керек, – деп атап өтті Ермек Көшербаев.

Сонымен қатар облыс әкімі Шығыс Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары аймақ екен тілге тиек ете келе өңірге туристік мақсатта ғана емес, жұмыс бабымен немесе басқа да жағдайлармен келген, облыстың аумағын басып өткен кез келген шетел азаматының құқығы қатаң қорғалуы қажеттігін ескертті. 

Шекара асқандардың бәрі бірдей турист емес, олардың арасында сирек кездесетін, еліміздің Қызыл кітабына енген өсімдіктерді жинау үшін немесе жер бетінде жатқан байлықты игеру ниетімен келетіндер де кездеседі. Әрине, олардың заңсыз әрекеті көзге түсіп жатса бірден құқық қорғау органдарына хабарлау қажет. Заңның сақталуын тиісті сала өкілдері ғана жүзеге асырады. Кез келген адам тәртіп бұзушыны өзінше жазалауға құқығы жоқ екенін есте сақтайық. 

Жаз кезінде Алтай, Катонқарағай, Күршім, Марқакөл, Глубокое сияқты аудандарға, Риддер қаласына ағылатын демалушылар қатары арта түсетіні белгілі. Туристік маусым қызған шақта қоғамдық тәртіпті қадағалайтын ішкі істер органдары қызметкерлерінің де жұмысы көбейеді. Ал Алтай аудандық ішкі істер бөлімінде бірнеше вакансия бос тұр. Маусым болса қыр астында. Алтай ауданының әкімдігі жазғы демалыс кезінде Бұқтырманың жағалауында патрульдеу үшін Ұлттық ұлан сапынан сарбаздар жіберілсе деген ұсыныс айтты. Аудан әкімдігі сарбаздарды тамақпен және тұратын үй-жаймен қамтамасыз етуге әзір. 

Айта кетейік, ішкі әскердің көмегіне жүгінген мұндай тәжірибе көктемгі су тасқынында және жаздағы өрт қаупі күшейген кезде қолданылып жүр.  

Облыс әкімі бұл мәселені қарастыруды өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа тапсырды. 

Сондай-ақ туризм мәдениетін көтеру мақсатында жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру міндеті облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапановқа және облыс әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиевке жүктелді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу