Шығыс Қазақстанда 3847 түлек мектеп бітірді (видео)
Бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Бұл – әрі қуаныш сыйлайтын, әрі көңілге мұң ұялататын мереке. Түлектер білім алған алтын ұяларымен қимай қоштасып, ұстаздар сүйікті шәкірттерін үлкен өмірге аттандырды.
Шығыс Қазақстан облысында орта мектепті 3847 түлек бітірді. Олардың 256-сы – «Алтын белгіден», ал 413-і – ерекше үлгідегі аттестаттан үміткер. Түлектердің 2798-і (72,7%) ЖОО-ларға, 1054-і (27%) колледждерге түсуді жоспарлауда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскемендегі Жаңа Согра ықшам ауданында орналасқан Мұхамет Шаяхметов атындағы №23 орта мектепте де соңғы қоңырау сән-салтанатпен өтті. Биыл бұл білім ордасын 45 оқушы бітірді. Олардың екеуі «Алтын белгіден» үміткер болса, төртеуі үздік аттестат иеленбек.
Іс-шара оқушылардың Ұлы Отан соғысы ардагері, жазушы, ұлағатты ұстаз, атамыш мектептің тұңғыш директоры болған Мұхамет Шаяхметовтің ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қоюымен басталды.
Бүгінде алдарыңызда даңғыл жол жатыр. Біздің елде жастар үшін барлық жағдай жасалуда. Сол мүмкіндіктерді ұтымды қолдана білсеңіздер, мектепте алған жан-жақты білім мен тағылымды тәрбиенің арқасында келешекте еліміздің белді азаматтары боласыздар. Баршаңыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтіп, еліміздің білікті маманы атануларыңызға тілектеспін! Ақ жол, құрметті түлектер! – деді салтанатты шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.
Келесі кезекте түлектерді бірінші сынып оқушылары тақпақ айтып құттықтады. Мектеп бітірушілер білім ордасының сиволдық кілтін соңынан ерген іні-қарындастарына табыс етті. Содан соң әдеттегідей мектеп бітіруші қыз-жігіттер жұптаса вальс биледі.
Іс-шара соңында 11 сыныпты тәмамдаған оқушылар аймақ басшысымен бірге естелік фотосуретке түсіп, «Түлектер аллеясына» көшеттер екті.
Фото: Аяужан Утеулинова