KZ
Өскемен
-4°
пасмурно жел 2 м/с, СБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

RADIO ALTAY жаңалықтары - 17 мамыр 2012 жыл

16.05.2012, 18:00 150


Кешкі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Көкпекті ауданы Көкжайық ауылында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында жас мамандарға арналып екі пәтерлі он үй салынып жатыр. Құрылыстың жобалық құны – 141 млн. теңге мөлшерінде.

Семейде трансшекаралық сипаттағы орман мен дала өрттеріне қарсы жедел іс-қимылды ұйымдастыру жөнінде қазақстандық және ресейлік мамандардың бірлескен оқу-жаттығу жиындары басталды. Тактикалық жаттығулардың мақсаты - екі елдің шекаралас аумақтарында шыққан орман мен дала өртін сөндіру кезінде өзара іс-қимылды арттыру болып отыр

Алматыда бильярдтың «Құрастырмалы пирамида» түрінен 1994 жылға дейінгі жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Ақтық сында павлодарлық Азамат Әубәкіровты ұтқан семейлік Тәлімжан Тоқтасынов жеңімпаз атанды.

Ресей теміржол тасымалы мекемелері 21 мамырдан жол жүру билеттерін несиеге сатуды бастамақ. Жаңа қызмет түрі ұзақ қашықтыққа қатынайтын пойыздарға билет сатып алатын жолаушыларға ұсынылады. 25 мың рубльге дейін берілетін несиенің пайыздық үстемесі болмайды. Несие арқылы билетті Ресейдің мамандандырылған 76 кассасынан сатып алуға болады екен.

Алакөлдің жағалаулары жылдан-жылға құлап, Қабанбай ауылына таяп келе жатыр. Бұрынғы жағаны жағалап өтетін асфальт жолдың да, «Дорожник» демалыс үйлері тұрған жерлер де қазір көл астында жатыр. Демалыс үйі асханасын жылда ары жылжытып әлек. Бұрынғы жағалай тұрған киіз үйлер де ауылға қарай шегініп барады. Бірақ бұған көңіл аударып, жағаны шегендейік деп жатқан ешкім жоқ.

Ұлан ауданы аумағында орналасқан білім беру мекемелеріндегі алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімдерінің ұйымдастыруымен елді мекендерде автожарыс ұйымдастырылды. Бұл автожарысты ұйымдастырудың басты мақсаты-өскелең ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыру.


Таңертеңгі шығарылым RADIO ALTAY



Сәлеметсіздер ме құрметті радиотыңдаушылар! «Алтайньюс» сайтындағы «Алтай» интернет-радиосының жаңалықтарын тыңдаңыздар.

Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде «Ғылым граниті» атты жобалар сайысы өтті. Оған Ұлан ауданы Герасимовка орта мектебінің 10 сынып оқушысы Елжан Қайырқанов та қатысып, өз жобасын қорғады. Елжан бірінші орынды иеленіп, құрмет грамотасымен марапатталды.

Шемонайха ауданы Теміржолшылар кентінің бұрынғы балабақшасын жергілікті тұрғындардың тілегі бойынша кәсіпкер Данабек Байжұманов жөндеп, қалпына келтіріп жатыр. Кәсіпкер 50 бүлдіршінге арналған бұл балабақшаны биыл қыркүйек айында ашуды жоспарлап отыр.

Курчатов қаласындағы балалар музыка мектебінің 7 сынып оқушысы Маржан Тоқтағанова Ресейдің Қазан қаласында өткен балалар мен жасөспірімдер шығармашылығының 3-ші Халықаралық фестиваль-байқауына қатысып қайтты. Комиссия мүшелері Маржанның орындаушылық шеберлігін жоғары бағалап, III-ші дәрежелі Дипломмен марапаттады.

Бесқарағай ауданындағы Өндіріс ауылында «Ел бағы» атты саябақ ашылды. Саябақ ішінде елге танымал адамдарға арнап, ескеткіш қойылды. Сонымен қатар елу түп алма көшеті отырғызылды. Саябақ «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында жергілікті азаматтардың демеушілігімен салынды.

Зайсан қаласындағы музыка мектебінің би тобында тәрбиеленіп жатқан 5-6 жасар бүлдіршіндерден құрылған «Гүлдер» тобы Германияның Берлин қаласында өнерлерін көрсетіп қайтты. Берлиннен арнайы кубокпен, дипломмен марапатталып, кеуделеріне медаль тағып оралған балғын бишілерді қала жұртшылығы гүл шоқтарымен қарсы алды.

Күршім ауылында Астана қаласындағы «Қазақ елі» монументінің кіші көшірмесін жасау жұмыстары жүргізілуде. Монументтің жанында субұрқақ, орындықтар, жасыл көшеттер отырғызылатын болады. Аудан басшылығының жоспары бойынша бұл жер күршімдіктердің демалыс орынына айналуы тиіс.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив