KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 2,9 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Жарымжан жарнамалардан қашан құтыламыз?

28.04.2012, 18:00 104


Расы сол, еліміздегі мемлекеттік тіл басқа салада біршама ілгерілегенімен, халыққа қызмет көрсету саласында әлі де сеңі бұзылмаған мұздай болып тұр. Оған сауда, тамақтандыру, техникалық жағынан қызмет көрсету салаларындағы бір ғана тілділік (орысша) дәлел бола алады.

Жақында Өскемендегі Достық үйінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мұрындық болуымен өткен «Мемлекеттік тіл – қызмет көрсету саласында» атты дөңгелек үстел отырысы осылардың бір парасы – көше жарнамаларындағы жайларды қаузады. «Ой жетілуі мен сөз жетілуі қатар жүреді» деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, дегенмен ұзақ уақыт көпшіліктің назарынан бір түспеген жарнамалардағы қазақ тілі өгізаяңмен болса да қалыптасып келе жатқандай. Тіл басқармасының ескертпелерінен оң нәтиже шығарған мекеме-ұйымдар баршылық. Ал үстіміздегі жылдың 22 наурызы мен 22 сәуірі аралығында өткізілген «Көркем тіл – көрікті жарнама» атты айлықта 93 рейд, 58 дөңгелек үстел отырысы өткізіліп, рейд барысында 2588 нысан тексерілген екен. Олардың 1095-інде жарнама туралы заңды бұзушылық байқалып, оның 269-ындағы қателер бүгінде қалыпқа келтіріліп отыр.
Дәл осындай жұмыстар Семей қаласында да жүргізіліп, 730 нысандағы жарнамалық немесе нысан атауларының жазылуының дұрыс-бұрыстығы тексерілгенде нағыз қазақи орта деген қаланың өзіндегі 423 нысанда әріптік, тіпті, стилистикалық қателер жіберілгені анықталды. Дегенмен, семейліктер бүгінгі күнге дейін олардың 207-сін дұрыстап үлгерген көрінеді.
– Осы тұста Бесқарағай, Аягөз және Көкпекті аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің белсенді жұмысын атап өткен абзал, – деді өз баяндамасында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ономастикалық жұмыс және талдау бөлімінің бастығы Роза Төлемісова.
Дөңгелек үстел отырысы барысында Өскемен қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Сұңғат Көшеров қала көшелерінде орналастырылатын жарнамаларға қойылатын талаптар, ол жұмыста ақсап жататын тұстар турасында айтса, «Қазақтелеком» АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі маманы Нұрлан Уәлиева мекемедегі қазақ тілін дамыту мен енгізу барысындағы оң өзгерісті баяндап берді.
Басқа-басқа, дәл бұл мекеменің мемлекеттік тілдің әлеуетін көтерудегі жұмысына елдің дән риза екенін біраз жылдан бері байқап келеміз.
Бұл басқосуда ең тұщымды да нақты сөйлеген қаладағы №29 мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Арайлым Батырбекова болғанын баса айтқымыз келеді. Ол көшелердегі жарнамаларды слайд арқылы көрсете отырып, олардағы орфографиялық және стилистикалық қателерді жіпке тізгендей етіп жеткізді. Соған орай тіл мәдениеті пәнін тек филологияға ғана емес, барлық кафедраларға енгізу, лингвистикалық орталық ашу, Тіл туралы Заңның 21-бабын қайта қарау және жарнама жасаушы аудармашылармен арнайы семинар-курстар (жүйелі түрде) өткізу керек деген сүбелі ұсыныстарын көлденең тартты.
Барлық қатысушылардың қызу атсалысуымен өткен дөңгелек үстел отырысын қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы Айдын Шаймарданов елдің назарында жүретін жарнама саласын жақсартуда әлі де көптеген жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Сондай-ақ, басқосу соңында қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар енгізілді.

altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив