KZ
Өскемен
+11°
облачно с прояснениями жел 2,7 м/с, ОШ
481.84 531.33 5.07

Бала асырап алушылар көбейіп келеді

27.04.2012, 18:00 81


Көкпекті ауданындағы балалар үйінен бала асырап алушылар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Сондай балаларды қамқорлыққа алушылардың бірі – Белое ауылында тұратын Хакимовтар отбасы.

Ата-ана қамқорлығына зәру жәутеңкөз сәбилерді асырап алуға көптен бері ниет еткен Марат пен Гүлнәрдің екінің бірі тәуекел ете бермейтін игі іске жүрек қалауымен, жан жылуымен он ойланып, жүз толғанып барғандары рас еді.
Отау тіккендеріне сегізінші жылға аяқ басса да, Алла тағала оларды бір шикі өкпеге зар етті. Екеуінің араламаған әулиелері, бармаған бақсы-балгерлері қалмады. Ақыры екеуара ақылдаса келе, олар өткен жылдың жазында балалар үйіне барады. Тиісті құжаттар реттелген соң балалар үйімен келісім жасасып, шаңырақтары сәбилердің шат күлкісіне тола бастады: босағаны он екі жасар Әйгерім, жеті жасар Карина мен алты жасар Архат Груздевтер аттап, Хакимовтар бір-ақ мезетте көпбалалы отбасына айналды.
Әйгерімнің әке-шешесі қай-тыс болған соң ағалары Дулат пен Қуат үшеуі осы балалар үйінде тәрбиеленген. Қазір ұлдар мектепті аяқтап, облыс Әкімінің гранты бойынша Өскемен және Астана қалаларында оқуларын жалғастыруда. Қарын-дастарының қамқор жандардың отбасында тәрбиеленетінін естіп, олардың да көңілі орнықты.
Карина мен Архат Груздевтер орыс ұлтынан болса да, таза қазақи тәрбиемен сусындап келеді. Екінші сыныпта оқитын Карина қазақша:
– Қазіргі тұрып жатқан ауылымды, мектебімді, достарымды өте жақсы көремін. Анам мен әкемнің орны бөлек. Өскенде анам сияқты мейірімді болғым келеді. Осындай отбасым, Әйгерімдей апайым, Қуат пен Дулат сияқты ағаларым барына қуаныштымын. Енді балалар үйіне барғым келмейді, – дейді ағынан жарылып.
Заманның қиыншылығына қарамай, осындай ерлікке барып, ауыртпалыққа қайыспай, қара нардай көтеріп келе жатқан Хакимовтар өздеріне қол ұшын беріп, қарайласқан жерлестерін үнемі еске алып отырады. Олардың қатарында апалы-сіңлілі кәсіпкер Дәуітовалар, «Самар Астық» ЖШС-нің басшысы Б.Құмаров, ауыл әкімі С.Нұрпейісов, мектеп директоры К.Қожаева, белоелық ауылдас-тары Л.Кәслин, Б.Жалдыбаева, А.Величко және ауыл имамы Е.Низамиев бар.
– Балалар үйіне барғаны-мызда көзімізге жылы ұшыраған Карина да бізге ұмтыла берді. Кейін білсек, оның Архат есімді інісі бар екен. Оларды бір-бірінен қалай ажыратамыз? Балалар үйінде қалыптасқан тәрбиелік дәстүр бойынша Әйгерім Каринаға қамқор болып, өз сіңлісіндей қарап жүреді екен. Каринаның кететінін естігенде Әйгерімнің де көңілі нілдей бұзылды. Құдайдың бұйыртып тұрғаны болар, көп ойланбас-тан үшеуін де асырап алайық деген шешім қабылдадық, – дейді Гүлнәр. – Қазір қыздар – менің нағыз қолғанатым. Архат әлі кішкентай болса да әкесіне ілесіп, түздегі шаруаға араласып жүр. Ол психикалық даму жағынан аздап кенжелеп қалған бала болатын. Қазіргі жағдайын өзіңіз де байқаған боларсыз. Тәртіптері де, оқу үлгерімдері де жақсы. Мектептегі барлық іс-шараларға белсене араласып, мақтау қағаздарын алып жатқан жайымыз бар.
Үйдің іші-сырты тап-тұйнақтай. Балалардың өз жатын орындары, сабақ қарайтын жерлері бар, бір сөзбен айтқанда, лайықты тәрбиеленіп, бағамды білім алуға барлық жағдай жасалған. Ең бастысы, ішіп-жемнен де кенде емес.
«Ұлттық заңнамаға сәйкес қазақстандық азаматтарға ба-
ла асырап алу мәселесінде басымдық берілуі үлкен маңызға ие. 2011 жылы Қазақстан азаматтары 3 мың 219 бала асырап алды. Бұл – 2010 жылмен салыстырғанда 119 балаға көп. Елімізде бақытты балалар саны артуда» делінген Қазақстан Рес-публикасы Білім және ғылым министрлігінің мәліметінде.
«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дегенді бабаларымыз бекерге айтпаған болар. Марат пен Гүлнәрдің базары да, ажары да, дәулеті мен сәулеті де – осы балалар. Мемлекет балаларға ай сайын тиесілі көмегін көрсетіп келеді.
Иә, ел ішінде жүрегі мейірімге толы жақсылар көп. Ондай жандар мен жан жылуы бар жерде, ешбір бала жетімдік көрмесе керек.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив