KZ
Өскемен
-1°
плотный туман жел 1 м/с, З
479.71 533.77 5.16

Наубайхана ашуға несие беріле ме?

10.04.2012, 18:00 147



– Мен Күршім ауданының шалғай ауылдарының бірінде тұрамын. Ауылдан нан, тоқаш өнімдерін өндіретін шағын наубайхана ашуды жоспарлап отырмын. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» жеке тұлғаларға осындай мақсаттарға шағын несие беріле ме?
С. Тұрсынбайқызы

Сауалға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы несие қызметінің бастығы Дәурен Ахметов жауап береді:

– «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы ауылдық жердегі заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға үш бағдарлама бойынша несие беріп келеді.

Бірінші – «Ауылдық шағын несие» бағдарламасы бойынша жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да бір миллион теңгеге дейін шағын несие беріліп отыр. Несие 9,5 пайыздық өсіммен үш жылға беріледі. Қаржыға наубайхана ғана емес, дәріхана, шаштараз, ЖҚС, монша, фотоға түсіру, тұрмыстық техникаларды, жөндеу қызметтерін көрсететін кезкелген кәсіп түрін ашуға болады. Несие алушының кепілге қоятындай жылжитын немесе жылжымайтын мүліктері болуы тиіс. Оларды бағалап, кепілге алудың арнайы белгіленген шарттары бар.

Екінші бағдарлама – «Егінжай» деп аталады. Атынан көрініп тұрғандай, бұл бағдарлама жер алып, егін егуді, тұқым сатып алуды, тыңайтқыш, жағармай сатып алуды, өзге де егіншілік мәселелерін шешуді жоспарлаған шаруа қожалықтарына, ауыл кәсіпкерлеріне беріледі. Несиенің бұл түрі үш миллион теңге көлеміне дейін, екі жылға, жылына 12 пайыздық өсіммен беріледі.

Үшінші – «Сыбаға» бағдарламасы етті бағыттағы ірі қара малын өсіру мақсатында тек қана заңды тұлғаларға – шаруашылық құрылымдарына беріліп жатыр. Асыл тұқымды бұқа, ірі қара сатып алу үшін шаруа қожалықтарына 1 миллион теңгеден 18 миллион теңгеге дейін бере аламыз. Несие кепілге қойылатын мүлікке байланысты әртүрлі мөлшерде, шаруашылықтың мүмкіндігіне қарай берілуде. «Сыбаға» бойынша берілетін несие алты пайыздық өсіммен жеті жылға беріледі. Осы бағдарлама арқылы несие алу үшін малды бағып, өсіре алатындай қоражай, шабындық, жайылымдық жер болуы қажет.

Қосымша ақпараттарды 8(7232) 20 34 33, 21 60 77 телефондарынан алуға болады. Біздің мекенжайымыз: Өскемен қаласы, Сәтбаев көшесі, 64.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив