KZ
Өскемен
+9°
пасмурно жел 6 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Ғабдулхай Ишмұратов: – Атпен жүру – ЕҢ ТИІМДІ емдік тәсіл

25.03.2012, 18:00 209


Осыдан үш жыл бұрын Өскемен қаласының іргесіндегі «Конный двор» орталығы ашылған болатын. Қалаға жақын әрі барып-келуге аса қолайлы болғандықтан таза ауада тынығып, серуендеуді ұнататын белсенді қала тұрғындарының көпшілігінің таңдауы осы орталыққа түсіп отыр. Қыста коньки, шаңғы теуіп, жазда әсіресе салт атпен жүруді ұнататын демалушылар қатары көбейіп келеді. Біз осы орталықтың директоры Ғабдулхай Ишмұратовқа жолығып, халыққа көрсетіп жатқан қызметтері жайында әңгімелескен едік.

– Бір үйір жылқы өсіріп, бағып жатырсыздар. Бұл жануарларды қандай мақсатта пайдаланып жүрсіздер?

– Негізінен атпен серуен-деушілер жорығын ұйымдас-тырамыз. Жорыққа шығатын соқпақ жолдар да әртүрлі. Бұлар бұрын атқа мініп көрмеген немесе салт атпен жүруге әбден дағдыланған адамдарға арналған. Атқа мініп жүруді нұсқаушылар үйретіп, маршруттарды таныстырады. Тәжірибесі бар серуендеушілерге орта және күрделі маршруттар әзірленген.

– Атпен салт жүру адам ағзасына жағымды әсер етіп, ұзақ өмір сүруіне ықпал жасайтыны туралы кейінгі жылдары жиі айтылып жүр.

Ғабдулхай Ишмұратов:   – Атпен жүру – ЕҢ ТИІМДІ емдік тәсіл– Қандай ауру болсын үнемі ат үстіндегі адамға үстемдігін жүргізе алмайды. Осынау ұшы-қиырсыз созылып жатқан кең байтақ далада ауыздығымен арпалысқан сәйгүліктерге сенім артқан біздің ата-бабаларымыздың денсаулықтары мықты болған. Мен де өз бетіммен ізденіп, тарихи шежіремізден біршама деректерді жинақтадым. Ғалымдар салт атпен жүрудің емдік сауықтыру үрдісіне әкелер тиімділігін дәлелдеген.

– Атпен емдеу әдісін біздің облыста бірінші болып қолданысқа енгіздіңіз. Мұның тиімділігі қандай?

– Атпен жүрудің көмегімен емдеуді иппо – ат, терапия – ем, яғни, иппотерапия деп атайды. Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған. Атпен емдеу пайдалы, мұны көпшілік біле бермейді. Дегенмен, бұл жаңаша әдісті дамыту жолында алғашқы қадамдар жасалып та жатыр. Мәселен, науқастарды салт атқа мінгізіп, емдеу мен оңалту әдісін соңғы екі жылдан бері біздің орталықта қолданысқа енгізіп отырмыз.
«Берегиня» қайырымдылық қоры жаз айларында иппотерапия бағдарламасы аясында науқас және ақыл-ойы кем дамыған балаларға атқа міну терапиясын ұйымдастырып, салт атпен жүруге дағдыландыруда. Осы қордың ұйымдастыруымен біздің орталыққа келген мүм-кіндігі шектеулі балаларға шама-шарқымызша көмек көрсетіп жатырмыз.
Иппотерапия сал ауруымен ауыратын балалардың денсау-лығын жақсартуға ең тиімді ем-дік тәсіл ретінде қолданылады. Салт атпен жүргенде олардың көңілі көтеріледі. өз-өзіне деген сенімділігі артады. Соның әсерімен баланы жүруге, сөйлеуге бейімдеуге болады. Ал сенім мен көтеріңкі көңіл күй – нәтижелі ем алудың ең басты шарты.

– Атқа мініп жүру адам ағзасына қаншалықты әсер етеді?


– Оны жан-жақты түсіндіруге болады. Мәселен, адам-ның өз денесіне түсетін қимыл-қозғалыс жүктемесі аттың желіс-шабысына қарай өзгеріп отырады. Айталық, атпен желе жортқанда адам денесіне берілетін шайқау импульсі-жаяу серуенмен бірдей. Ал шоқырақ-татып шабу –ойлы-қырлы жерлермен жүгірумен пара-пар. Тағы бір ерекшелігі, ат үстінде отырған адамның барлық бұлшық еті жұмыс істейді.

– Тағы қандай сырқатқа шипасы тиеді деп ойлайсыз?

– Сонымен қатар ортопе-диялық ауруларға, қозғалыс үйлесімділігі бұзылғандарға, сіңірі тартылып қалатындарға, омыртқа жотасы қисайғандарға мұндай дәрісіз емнің шипасы тиеді.
Ал сырқатынан сауығып келе жатқан адамдар атқа мініп жүретіндей мүмкіндігі болса, талпынып, атқа отыруы тиіс. Мұның өзі олардың тезірек оңалып кетуіне әсер етеді. Бұл тәсілді адамның қимыл-қозғалыс әрекетін тежейтін ауруларға қарсы қолдануға да болады.
Ауыр операциядан кейін қозғалыс қабілетін қалпына келтіру үшін атпен салт жүру де емделу түрі ретінде қолданысқа енгізілген. Даун синдромы, аутизм ауруларына да пайдасы тиіп отыр. Салт атпен серуендеу-сауықтыру шарасы балаларға да ауыр дерттен айығуға ықпал етеді. Шектен тыс салмағынан зардап шегіп жүрген адамдардың артық салмағынан арылуына да көмектеседі.

Салт атпен серуендегенге не жетсін

– Ал демалушылар ат турынан қандай ләззат алады?


– Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сіз жаз айында салт атпен келе жатырсыз. Таудың іші, терең шатқал, ирелең жол, қалың тоғай, көкорай шалғын, буырқанған ағынды өзен, сайраған құстардың сан алуан әуені. Бәрін тамашалайсыз, тыңдайсыз. Міне, осының өзі жан-дүниеңді жадыратып, ерекше сезімге бөлейді емес пе?! Таза ауада серуендеп алған әсерді ешнәрсемен салыстыра алмайсың.

– Ат турының маршруттары қандай?

– Жорық соқпақтары – тау ішінде. Әркім өзі қалаған бағытты таңдай алады. Жүрдек аттар жуас, теппейді, тістемейді. Демалушылар үшін бір күндік, үш күндік, көп күндік тур ұйымдастырамыз.
Ат туры – атпен жүру дағдысын үйрету, салт атпен серуенге шығу. Жас мөлшеріне шектеу қойылмайды, ал балалар ата-аналарының хат арқылы рұқсаты бойынша ғана атпен жүруді үйренеді.

– Үш күндік турды демалушылар қалай өткізеді?


– Олар жұма күні кешке дейін осы арада жиналып, тау ішінде арнайы жабдықталған ағаш еденді, төсегі, демалыс бұрышы, теледидары, жуынатын орны бар әскери палатаға орналасады. Нұсқамалар берілгеннен кейін кешке киіз үйде қалауы бойынша қазақтың, татардың, орыстың ұлттық тағамдарымен тамақтанады. Келесі күні таңертеңгі сағат 7-де жорық басталады. Базаға жексенбі күні сағат 5-те оралады.
Тур кезінде саяхатшылар бір және екі кісілік палаткаларға, күн суық болса ағаштан салынған үйге орналасады. Моншаға түсіп, демалады.

– Балаларға арналған ат туры бар ма?


– Өткен жылы 12-мен 16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің «Көшпелі» сауықтыру лагерін ұйымдастырған едік. Биыл бұл бес күндік турды дүйсенбіден жұма күндері аралығында мамандандырылған оқытушылардың жетекшілігімен ұйым-дастырмақпыз. Балалар бір апта бойы табиғат аясында өз еркімен өмір сүру, салт атпен жүру дағдысын үйренеді. Экологиялық ой-өрісін кеңейтеді. Қоршаған ортаны қорғау, табиғат аясында тазалықты сақтау, тұрған жерін бағдарлай білу шараларына қатысады. Тауға, шыңға өрмелеудің алғашқы қадамдарын жасайды.
Алғашқы күні нұсқаушылар оларға демалыс орталығында палатка құруды, салт атпен жүруді үйретеді. Ал келесі күні таңертең жорыққа шығады. Төртінші күні жағажайға тұрақтап, суға түсіп, демалады да бесінші күні таңертең өзенді бойлай қайықпен жүзіп, демалыс үйіне дейін келеді. Үш күн тау ішінде қонады.

– Серуендеушілер жолға қандай заттарды алып шығуына болады?


– Ешнәрсенің қажеті жоқ, тек қана өзіңді жеңіл сезіну үшін ыңғайлы киініп, күннен қорғайтын көзілдірік, бас киім, жұқа қолғап ала жүруі керек.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив