KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 2,1 м/с, ОШ
443.44 480.51 4.88

Талғат мамандармен бірігіп, иппотерапиямен айналысуда

23.12.2017, 04:01 183

Аягөз қаласының оңтүстік-шығысындағы өзінің тұрғын үйінің ауласында Талғат Мұхаметқалиев деген азамат церебалды сал (ДЦП) ауруы диагнозы қойылған балалардың құлан-таза айығып кетуі жолында еңбектенуде. Аула үлкен, атшаптырым деуге болады. Міне, үш жылғы аяқ басты,осы жерде ол арнайы дәрігер мамандарды қатыстыра отырып, иппотерапиямен айналысуда. Талғат Мәукенұлының мүгедек балаларға ат үстіндегі серуен ұйымдастыруы еріккеннің ермегі емес екеніне қазір аягөздіктердің көзі әбден жетті. Осы үшін ол арнайы облыс орталығына барып мамандардан дәріс тыңдап оқып та келді. Қазір бірнеше атты қолда ұстап отырған Талғаттың осыған мемлекет тарапынан көмек болса екен деген ойы да жоқ емес.


-Жалпы, Аягөз тұр ғой Қазақстанда иппотерапия секілді сауықтыру әдісі әлі де болса кеңінен тарала қоймаған ғой,-дейді ол,- Сондықтан біршама кедергілерге тап келуге тура келіп жатады. Осындай ауруға шалдыққан жеткіншектерді көрген кім болсын, іште бір мейірім сезімі оянатыны анық. Негізі, иппотерапия сал ауруымен ауыратын жасөспірімдердің денсаулығын жақсартады. Өйткені, атқа мініп, баяу аңдатып жүргізу денені басқаруға үйренуге, қимыл-қозғалысқа және сөйлеу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді ғой. Сол үшін де осы орталықты ашып отырмын. Бәрі жақсы болып жатса, бие сауып, ашытып, бал қымыз сатсам деймін. Тіпті, мың бір ауруға дауа ешкінің сүтін де ұсынсам деймін. Осылардың ептеп басын бастап та көрдім ғой...

Шынында да атқа мініп баяу аңдап жүрген кезде адам денесіне минутына 100 шайқау импульсі берілетін көрінеді. Атқа мінген адамның барлық бұлшық еттері жұмыс жасайды. Өйткені, тепе-теңдікті сақтау үшін салт мінген адам бойын жинауға, өзінің әрбір дене қимылын игеруге жаттығады. Мамандардың айтуы бойынша, жылқының әрбір адым алшақтығы адамдікімен бірдей, яғни,осы арқылы ол өзінің адымын да есептеп үйренетін көрінеді. Адам салт атпен жүргенде көңілі көтеріледі, биікте жүрген бала әлемге жоғарыдан қарайды, сол арқылы оның өз-өзіне деген сенімі артады. Ал көңіл-күйдің көтеріңкі болуы дертке бірден-бір шипа болып есептеледі емес пе....


-Церебалды сал (ДЦП) ауруы диагнозы қойылған балаларды демеп, атқа мінгізуге тырысамыз. Балалардың өздері де атты көрген жерден-ақ көздері шырадай жанып, бір ұшқын пайда болады. Негізі, мыңдаған жылдардан бері жылқы міну ата-бабамыздың қанында бар емес пе! Солар үшін бір-бір жуас аттарды баптап отырамыз. Міне, мына тұрған «Еркежирен» мен «Қараторғай», мынау «Еркеторы»...,-деп Талғат аттарымен таныстыра бастады.

Талғат Мәукенұлы балаларды бұдан өзге қала ортасындағы «Абай» бағында бірнеше әткеншектер, қайықтар, карусельдермен ойнауға шақырып тұрады.


-Жаз айында облыс орталығында болып осыған тікелей қатысы бар мамандармен сөйлесіп қайтқанмын.Бәрі де қолдап отыр. Ондағылар бұйырса, жаңа жылдан бастап, бюджетке енгізіп, қаржы қарастырмақшы,- деді ол қоштасарда.

Жүрегінде иманы бар жігіттің бастаған қадамы баянды болсын, деген тілекпен аттандық.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив