KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 3 м/с, З
483.23 534.74 5.12

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер ат спорты түрлерінен жарысты

2.09.2013, 18:00 388


Өскемен қаласының іргесіндегі Винное ауылында мүмкіндігі шектеулі балалар мен ересектер арасында ат спорты түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Бұл жарысқа жеті жастан жиырма жасқа дейінгі он алты жарымжан жас ерекшелігіне және сырқат түріне байланысты бекітілген бағдарлама бойынша үш топқа бөлініп қатысты. Осы шараны «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып өткізді.

– Бүгін керемет іс-шараның куәгері болып отырмыз. Біздің облыс мүгедек балаларды иппотерапия арқылы емдеуді жолға қойды. Кеше ғана осы балалар ата-аналарымен бірге жылқыны теледидардан немесе суреттен көрген болса, қазіргі кезде олар атқа мінуді үйреніп, өздерінің денсаулықтарын түзеп жатыр.

Иппотерапия – медицинадағы жаңа бір сала, осы саланы дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 180 миллион теңге бөлініп, халықаралық стандартқа сай жаңа спорт кешені салынды. Сонымен бірге, мамандар арнайы курстарда оқып, қазіргі уақытта балаларға көмектесіп жатыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жарыстың ашылу салтанатында.

Мұнда күн сайын иппотерапия бағдарламасы аясында қырық бала сауықтыру-жаттығу жиындарына қатысып жүр. Оларды арнайы жабдықталған автокөлікпен алып келіп, апарып салады. Әр баламен үш маман айналысып, атқа отырып жүруді үйретеді. Ауруына байланысты әр балаға жеке бағдарлама қарастырылған.

– Соңғы төрт жылдан бері иппотерапия бағдарламасы аясында 80 науқас баланы салт атқа мініп жүруге дағдыландырумен айналысып, емделу түрі ретінде қолданысқа енгізіп жатырмыз. Мүмкіндігі бар балалардың өздері де бұған талпынып жүр. Салт атпен жүру кезінде олардың өз-өзіне деген сенімділігі артады. Соның әсерімен баланы жүруге, сөйлеуге бейімдеуге, ең бастысы, көңіл күйлерін көтеруге болады. Қазірдің өзінде осындай дәрісіз емдік тәсіл олардың оңалып кетуіне шипасы тиіп жатқанын да біліп отырмыз. Бұрын атқа мініп көрмеген балаларды атқа мініп жүруді нұсқаушылар үйретеді. Қажет еткендер иппотерапиямен емдеу қызметін біздің орталықта пайдалана алады, – дейді «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау
қоры» қоғамдық бірлестігінің төрайы-мы Бақыт Солтанова.

Облыс әкімінің қолдауымен пайдалануға берілген жабық спорт манежі балаларға аса қажет еді. Әсіресе, қыс маусымында қолайлы болып отыр. Осыған орай сабақтар үзіліссіз өткізіліп жатыр. «Ақ тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» да көмек көрсетуде. Облыстық бюджеттен балаларды атпен серуендеуді тегін үйретуге қаржы бөлінді. Қазіргі кезде мүмкіндігі шектеулі 80 баланы атпен серуендеуді үйрететін топтар ашылған.

Жарыс қорытындысында өз топтарында Фаик Насибов, Дарья Иванова, Айгерім Құмарбекова, Иван Нау-мик, Мария Семьянова бірінші орындарға ие болса, Диас Ескермесов, Мәдияр Саянов, Екатерина Минаева, Валерия Шемелина екінші орындарды еншіледі. Айман Даниярқызы, Александр Дригунов, Әлім Исупов, Анель Исабаева және басқалары үшінші орын алды. Жарысқа қатысқан балалардың өздерін еркін сезінулері, өмірге қызығушылығы арта түскені көтеріңкі көңіл күйлерінен білініп тұрды. Грецияда өткен бүкіләлемдік арнайы олимпиада ойындарында боулингтен чемпион атанған Ольга Демченко «Спешиал Олимпикс» Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Раиса Поладьевамен бірге келіп, жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне қатысты.

– Атпен емдеудің пайдасы тиіп отырғанын балалар-дың ата-аналары – біз де біліп жүрміз. Жаңаша әдісті дамыту жолында біздің облыста игілікті істер жасалып та жатыр. Мәселен, науқастарды салт атқа мінгізіп, емдеу мен оңалту әдісін соңғы төрт жылдан бері осы манежде қолданысқа енгізіп отырғанына біз де қуаныштымыз, – дейді Светлана Григорьева.

Бұл шараға біздің облыста иппотерапияны дамытуға елеулі үлес қосқан Парламент Мәжілісінің депутаты Николай Кузьмин қатысты. «Титан» өндірістік-коммерциялық фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарысты өткізуге қаржылай демеушілік көмек көрсетті.

Әлімжан Қадылбекұлы

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив