KZ
Өскемен
+18°
ясно жел 2 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, карикатурашы: – Маған ӘЛІ ДЕ ІЗДЕНУ керек

26.02.2012, 18:00 340


Карикатурашы Айдарбек Ғазизұлы республикаға танымал адам. Республикаға ғана танымал емес, ол тіпті әлем карикатурашыларының арасынан өз орнын ойып тұрып алған тұлға. Болгарияның әлемге әйгілі Габров қаласындағы әзіл-оспақ және сатира мұражайы қорында таңдаулы үш еңбегі сақтаулы тұр. Сонымен қатар оның суреттері Бакуде жарық көрген әлемнің танымал карикатурашыларының каталогына енген.

Ашық сабақта өзім туралы айттым

– Сіз мынау Күршім ауданы-ның тумасы екенсіз ғой…
– Иә, мен Күршім ауданының Теректібұлақ ауылында туып, өстім. Сурет салуға бала жастан құштар болдым. 5-сыныптан бастап мек-
тептің апта сайын шығатын «Найза» атты қабырға газетін шығаруға ат салыстым. Онда бір аптаның ішінде жаман мінез-құлқымен көзге түскен тентек оқушыларды сынап-мінеп, сурет салатынмын. Менің бойымдағы осынау қабілетті ұстаздарым да байқайтын. Әсіресе қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін, сынып жетекшім болған Уәш Ақаева дейтін апай мені үнемі көтермелеп отыратын. Бірде Уәш апай «Қазақстанның белгілі суретшілері» тақырыбында ашық сабақ өткізетін болды. Сыныптағы оқушылардың бәріне Қазақстанның белгілі суретшілері туралы материалдарды бөліп берді. Ал маған «Айдарбек, бұл ашық сабақта сен өзің туралы әңгімелеп бересің» деді. Білесіз бе, мен керемет толқыдым. Бұл қалай? Ұстазымның менің болашағыма шексіз сенгендігі ме? Ашық сабақта өзімнің алдыма қойған арманым жайлы тебірене отырып айтып шықтым. Мектепті бітіргеннен соң маған Семейдің педагогикалық институтының көркемсурет, графика факультетіне жолдама берілді. Бірақ бара алмадым. Шынымды айтсам, ауылдан алысқа ұзап шықпаған мені сонау Семейге алып баратын үйде ешкім болмады. Әпкем апарушы еді, ол ауруханаға түсіп қалды. Келесі жылы Семейге өзім барғаныммен, соңғы сыннан өте алмадым. Осылайша мен ауылда қалдым. Кірпіш зауытына жұмысқа орналастым. Зауытта жүргенде де қолым қалт еткенде сурет салатын едім. Бір-де зауытта өзімнің көр-мемді ұйымдастырдым. «Теректібұлақта бір су-ретші бала бар екен» деген хабар құлақтан құлаққа тиіп совхоз орталығына де жетіпті. Осылай мені басшылар аттай қалап совхоз орталығына алдырды. Бір жылдай сондағы клубта суретші болып жұмыс істедім де, Алматыға оқуға жиналдым. «Оқуды қайтесің, ауданда қал, үйлендіреміз» деп алған жолымнан айнытушылар да табылды. Мен оларға: «отыз жасқа жеткенше отау тікпеймін, оқуға түсемін» деп жауап беретін едім. Бірақ адамның айт-қаны емес, Алла тағаланың дегені
болады екен. Бәрі керісінше болды.
30 жасқа дейін үйленіп, балалы-шағалы болдым. Отызға дейін тағ-дыр жолы мені Өскеменге алып
келді. Қаладағы қорғасын-мырыш комбинатында жеті жыл жұмыс істедім. Суретші болу туралы тәтті арманым мені бір сәт тастаған емес. Отыз жасқа қараған шағымда мен Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Өскеменге келсем, неше жыл қолым жетпей жүрген пәтердің кілті тұр. Екінің бірін таңдауыма тура келді. Жарыммен ақылдасып, мен оқуды, білім алуды жөн деп таптым. Осылайша Өскеменге қол бұлғап, Алматы қайдасың деп тартып кеттік.
– Өскеменде жүргеніңізде сіздің суреттеріңіз облыстық газетке де шығып тұрыпты ғой.
– Иә, менің өнердегі тұсауымды кескен осы «Дидар» газеті. Ол кезде газеттің аты «Коммунизм туы» болатын. Бірде Глубокое ауданында тұратын әпкеме барсам, облыстық газеттен менің суретімді көргенін айтты. Жүрегім алып-ұшып, қуанып, «газетті тауып бер» деп әпкемнің мазасын алдым. Көршілерінен сұрап, әйтеуір тауып әкеліп берді. Шынында да газетке «Айлы түн» атты суретім шығыпты. Қайта-қайта қараймын. Құдай-ау, мынау менің суретім бе? Өз көзіме өзім сене алар емеспін. Бала кезден аңсаған арманыма бір табан жақындағандай әсерде болдым. Түнде газетті құшақтап ұйықтадым. Іле-шала газетте «Қысқы көрініс» атты суретім жарияланды. Осылайша облыстық газетке суреттерім жиі шығатын болды. Бір күні облыстық газеттен үйге бір жігіт қоңырау шалды. «Ағай, сізден сұхбат алайын деп едім» дейді. Сөйтсем, ағай деп қиылып тұрған жігіт өзімнің құрдасым болып шықты. Қазіргі «Дидардың» бас редакторының орынбасары Уәлихан Тоқпатаев екен. Мен туралы әдемі бір мақала жазды. Қазір сол бір кездерді сағынышпен еске аламын.

Суретің «сөйлеп» тұруы керек

– Дегенмен, сіз карикатураны таңдадыңыз. Біздің елде бейнелеу өнерінің осы бір түрінің кенже қалғаны да рас.
– Карикатура былай қарағанда оңай көрінгенімен, кез келген суретшінің ыңғайына көне қоймайтын жанр. Карикатурашының суреті «сөйлеп» тұруы керек. Әдемі тапқырлық пен нәзік юмор болмаса, суретіңнің бағасы бес тиын. Өкініштісі, кеңестік заманда біздің елде карикатура өнер ретінде көп өркен жая қоймады. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов алғашқы қарлығашы болған қазақ графикалық өнері еркін дамымады. Тіпті кари-катурашыларды Суретшілер ода-ғына да көп қабылдамайтын. Десе де, мен карикатураны таңдадым. Оқушы кезімнен республикалық «Ара» журналының карикатурашысы Николай Казанцевтің суретте-
рін жинайтын едім. Кейін, Өскемен-де жүргенімде ол кісіні үйіне іздеп бардым. Екі күн ешқайда жібермей құрметтеп күтті. Менің жинаған суреттерімді көріп, балаша қуанды. Тіпті кейбір суреттері өзінде де сақталмаған екен. Сол кісінің тірі кезінде ешқандай атағы да, дәре-жесі де болмады. Бірақ мықты ка-рикатурашы еді.
Жалпы, карикатура – әшке-
релеуші жанр. Біз бәрін әзілмен, мысқыл-мен астарлап жеткіземіз. Сондықтан да карикатурамен айналысатын адам асқан сезімтал болуы тиіс. Гогольдің «Адамның мұрнының қисықтығын сынама, жан-дүниесінің қисықтығын сына» деген сөзі бар ғой. Кари-
катура әсіресе қоғамдағы әділет-сіздіктерді мінеуде таптырмай-
тын құрал.
– Сіз саяси карикатурамен де біраз айналыстыңыз ғой.
– Он жылдай айналыстым. Министрлерді де, әкімдер мен депутаттарды да сынап, мінеп сурет салдық. Бұл салада біраз жетістіктерге де жеттім. Солардың бірін айтсам, Босния Герцогинияда шығатын «Носорог» халықаралық әзіл-сықақ және карикатура журналы ұйымдастырған «Саясат және саясаткер» тақырыбындағы бәйгеде жүлделі ондыққа кірдім. Бірақ қазір философиялық карикатураға ден қойып жүрмін. Адам жасы ұлғай-ған сайын пәлсапаға бет бұрады екен ғой.
– Өнерде суретпен әзілдеудің асқан шеберісіз. Ал өмірде қандай адамсыз?
– Өмірде де әзіл-оспақты жақсы көремін. Әр ортаға тез бейімделетін мінезім бар. Баламен балаша, данамен данаша сөйлесем.
– Карикатура жанрының биігіне шықтым деп айта аласыз ба?
– Жоқ, айта алмаймын. Әлі де үйренетін нәрселерім жетерлік. Жалпы, қай салада болмасын тер төгіп, ізденбесең, ешқандай нәти-жеге жете алмайсың. Бұл шындық. Сондықтан да маған әлі іздену ке-рек.

Сұхбаттасқан - Мейрамтай Иманғали

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив