KZ
Өскемен
+27°
ясно жел 2 м/с, С
467.29 501.03 5.35

Жаңа өндірістерге жол ашпай, ісіміз ілгері баспайды

19.02.2012, 18:00 147


Өткен жылы облыс орталығындағы өнеркәсіп орындарының өндіріс көлемін арттыруы есебінен мемлекет қазынасына 99,7 млрд. теңге салық төлемдері жиналды. Сөйтіп 2010 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық көрсеткішке қол жеткізілді. Бұл туралы облыс Әкімінің қатысуымен өткен Өскемен қаласының әкімі Серік Тәукебаевтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде айтылды.

Өңдеуші өнеркәсіп орындарында 394 млрд. теңгенің (26%-ға өскен) тауары өндірілсе, электр қуатымен және газбен қамтамасыз етуде 34 млрд. теңге (1,6% өскен), сумен қамтамасыз ету, канализация жүйесінде 4,6 млрд. теңге (11,3%-ға өскен) көлемінде жұмыс істелген.
2010 жылға қарағанда былтыр Өскеменде алтын өндіру мен өңдеу – 36,2%, күміс – 88%, түсті металл – 39%, жеңіл автокөліктерді шығару 2,4 есеге ұлғайған. Айта кету керек, өнеркәсіп әлеуетінің бұлайша артуына әуелі Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламалары аясында орындалған жобалар ықпал етіп отыр. Айталық, былтыр «Қазцинк» ЖШС-де мыс балқыту және электролиз зауытының құрылысы аяқталып, іске қосылған. Бұдан бөлек арматура зауытында өндіріс қуатын арттыру мақсатында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жасалып шығарылатын тауарлардың түрлері көбейтілді. Ал титан-магний комбинатында жылына 11 мың тоннаға дейін титан құймалары мен ерітінділерін өндіруге қауқарлы зауыт құрылысы аяқталып, 2011 жылдың қазан айында титан кесектерін шығаратын тағы бір жоба іске асырылды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа еңбек орны ашылды.
Өскемен қаласы әкімінің айтуынша, Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы ағымдағы жылы экономиканы алға бастырудың басты бағыты болып қала бермек. Таяудағы екі жылда аталмыш бағдарлама шеңберінде көлік құрастыру саласында, сондай-ақ «Востокмашзавод» пен Согра ЖЭО энергетикалық кешенінде бірқатар жобалар атқарылмақ. Мәселен, 2011 жылы «Азия Авто» АҚ мен ресейлік «АвтоВАЗ» компаниясы арасында стратегиялық меморандумға қол қойылған. Соған сәйкес 2017 жылы «Лада» маркалы жеңіл көліктер Өскеменде құрастырылып шығарыла бастайды. Жобаның өндірістік қуаты бір жылда 120 мәшине өндіруге мүмкіндік бермек.
2010 жылмен салыстырғанда былтыр ауылшаруашылығы өнімдері 4,1%-ға өсіп, 5 млрд. теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш, әрине, облыс орталығы тұрғындарының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инфляцияның шектен тыс шарықтап кетпеуіне жұмыс істеді. Мұның сыртында әр апта сайын аудандардан келіп, сапалы және табиғи өнімдерін арзан бағаға саудалайтын ауылшаруашылық жәрмеңкелері де қала халқының азық-түліктен қиналмауына үлкен көмек болды. Деректерге жүгінсек, былтырғы бір жыл ішінде 36 жәрмеңке ұйымдастырылыпты Өскемен қаласында. Онда сатылған негізгі тауарлар ет, сүт, көкөністер, жеміс-жидек және басқа да өнімдер.
Тұрғындар үшін аса қажетті азық-түлік бағаларының «маусымдық» қымбаттауын ырықтандыру мақсатында облыста тұрақтандыру қоры құрылған-ды. Қорда қазір 1500 тонна картоп, 1000 тонна орамжапырақ, 6135 тонна сәбіз, 866 тонна пияз, 100 тонна қызылша, 54 тонна қарақұмық, 390 тонна күріш, 684,5 тонна қант бар. Соңғы екі-үш күнде қор есебінен облыс аумағында күріш пен өсімдік майы төмендетілген бағамен сатылып жатыр. Сонымен қатар облыс орталығында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін 2 әлеуметтік дүкен мен 14 бөлім жұмыс істейді.
Баға демекші, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ алыпсатарлардың алдын алуға қатысты Өскемен қаласының әкіміне бірқатар ескертпелер айтты.
– Өкінішке қарай, жәрмеңке кезінде аудандардан келген тауарларды елден бұрын сатып алып, артынша үстеме қосып саудалайтын алыпсатарлардың қызметін қала басшылығы әлі тия алмай отыр. Бұған жол бермеуіміз керек. Маңдай терімен өсірген өнімдерін ауылдағы шаруа өзі сатып, пайдасын көргені дұрыс. Ал қалалықтар сол тауарды алыпсатардан емес шаруаның өз қолынан алса, екі жаққа да тиімді. Сондықтан Өскемен қаласының басшылығы алдағы уақытта осы жағын қатаң қадағалағандары жөн. Жәрмеңке өз алдына, одан басқа облыс орталығына жақын орналасқан Ұлан, Глубокое, Шемонайха сынды аудандардың ауылшаруашылық өнімдерін сататын қаладағы сауда нүктелерінен арнайы орындар бөлу керек. Әзірше бұл бағытта қала басшылығы тарапынан көңіл көншірлік істер атқарылып жатқанын көре алмаудамыз, – деді облыс Әкімі.

Баспанамен қамту басты мәселеге айналмақ

Есептік жиын барысында сөз болған келесі бір мәселе – тұрғын үй құрылысы. 2011 жылы Өскеменде қолданысқа берілген тұрғын үйлердің көлемі 86,9 мың шаршы метрге жетті. Өткен жылдың соңына қарай ЖМК ықшамауданындағы Өтепов көшесінде орналасқан жалға берілетін тұрғын үйдің, «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған 28 ықшамаудандағы 100 баспананың, 19-шы аудандағы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, тиісті иелеріне берілген. Бұл шаруа ағымдағы жылы да жалғасын таппақ. Елбасының халыққа Жолдауындағы «Қолжетімді баспана» деп аталған екінші бағытты іске асыру мақсатында биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы көп қабатты 7 тұрғын үйдің және Молдағұлова көшесінің бойынан жалға берілетін (арендалық) 4 үйдің құрылысын тәмамдау жоспарда бар. Нәтижесінде 560 отбасы қоныс тойын тойлау қуанышына ие болмақ. Оған қоса жас отбасыларды баспанамен қамту үшін ЖМК ықшамауданында кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға берілетін 5 тұрғын үйдің (325 пәтер) іргетасы қаланады. Ал қаладағы ескіріп тұрған «хрушевкалар» мен «сталинкаларға» өткен жылы біздің облыста тұсауы кесілген Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
– Өскемен қаласы республикада бірінші болып бұл бағдарламаны қолға алған. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді, көптеген кездесулер мен жиындар өткізілді. Соның арқасында республикалық бюджеттен бөлінген 446 млн. теңге қаржыға 83 тұрғын үй жаңартылды. Шатырлары ауыстырылып, қасбеттері қалпына келтірілді, жылу, су жүйелері жөнделді. Подъездердің есік-терезелері жаңартылды, – деп атап көрсеткен қала әкімі Серік Тәукебаев облыс орталығын көріктендіру бағытында да қыруар шаруа орындалғанын айтты.
Адам капиталын дамытуға ықпал ететін білім мен денсаулық сақтау салалары да әңгіме арқауына айналды бұл күні. Қазынадан бөлінген 3,5 млрд. теңге қаржыға бірнеше медициналық мекеме жөндеуден өткізіліпті. Тәуелсіздік алған 20 жылда алғаш рет дәрігерлерге 48 қызметтік пәтер берілді. 2,2 млрд. теңгеге заманауи талаптарға сәйкес келетін магнитті-резонансты томография (МРТ) құрылғысы сатып алынды. Күйік орталығы ашылды, жаңа медициналық құралдармен сақадай-сай жабдықталған суперзаманауи перзентхана жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы облыстық қан орталығы қолданысқа беріліп, ЖМК ықшамауданында көпсалалы қалалық аурухана мен Согра кентін-де медицина орталығының құрылысы басталады. Дегенмен денсаулық сақтау саласында әлі де болса шешімін таппаған түйткілді проблемалар бар сияқты. Оны есептік жиынға қатысқан қарапайым халықтың басшылыққа қойған сауалдарынан аңғардық. Тұрғындардың көпшілігі дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін, бағасының қымбаттығын тілге тиек етті. Әсіресе, жүрек талмасы және онкологиялық сырқаты бар адамдар үшін қажетті дәрілердің тапшылығы қабырғаға батып-ақ тұр. Жиын үстінде қойылған сауалдарға жауап берген облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ерлан Масалимов өз кезегінде медициналық препараттардың бәрі жеткілікті, ешқандай мәселе жоқ дегенді алға тартты. Алайда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ басқарма басшысының берген жауабына қанағаттанбай, туындаған келеңсіздіктерді уақыт оздырмай шешуді нықтап тапсырды.
– Сырқаттарды, соның ішінде жүрек және онкологиялық ауруларға шалдыққандарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету облыстық денсаулық сақтау басқармасының басты міндеті. Неге басқарма басшылығы өз міндетін дұрыс атқармайды?! Мына жақта сіз-
дер министрліктен (Денсаулық сақтау минис-трлігі) жауап күтіп отырғанда, науқас жандар о дүниелік болып кетуі мүмкін ғой. Осыны неге ескермейсіздер?! Бір аптаның ішінде әуелі Өскемен мен Семей қаласындағы, содан кейін облыс аумағындағы барлық дәріханаларды тексеріп шығып, қандай дәрі бар, қайсысы жеткіліксіз екенін анықтаңыздар. Содан кейін маған қорытындысын көрсетіңіздер, – деп қадап тұрып айтқан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ халықтың денсаулығы бірінші кезекте тұруы тиіс екенін ескертті.

Балабақша ғимараттары биыл да салынады

Білім беру саласында көрсеткіштер жаман емес. Өткен жылы бұл салаға 6,9 млрд. теңге қаржы бөлінген екен мемлекет қоржынынан. Яғни, әрбір оқушыға шаққанда 146,3 мың теңгеден келеді.
Бүгінгі күн тәртібінен түспей тұрған балаларды балабақшаға орналастыру мәселесі де қала басшылығының қаперінен тыс қалмаған. Өскемендегі балабақшалар мен шағын орталықтарда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер мектепке дейінгі жалпы балалар санының 95,1 %-ын құрайды.
Қазір әр түрдегі және жекеменшік иелігіндегі 39 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеуде.
– «Балапан» бағдарламасы бойынша былтыр 320 орындық «Азамат» жекеменшік балабақшасы ашылды. «ҮМЗ» АҚ-мен жасалған меморандум негізінде 280 орындық бір балабақша және «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша бір балабақша салынып, пайдалануға берілді. Жалпы білім беретін оқу орындарының жанынан 1975 орындық 30 мектепке дейінгі шағын орталық ашылды. Өткен желтоқсан айында тағы да 380 орындық үш балабақша ғимараты қолданысқа өтті, – дейді Серік Тәукебаев.
Қала басшысының келтірген мәліметтеріне сенсек, өткен жылы білім беру саласына қалалық бюджеттен 220 млн. теңге қаржы қарастырылып, мектептер мен білім беру ұйымдарына бірінші кезектегі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалыпты. Одан бөлек «Жол картасы» аясында Севастопольская, Правда көшелері мен Тәуелсіздік даңғылында орналасқан бұрынғы 3 балабақша ғимараттары жөнделді.
2012 жылдың міндеттері: білім беру жүйесінде 900 орындық үш балабақшаны мақсатты қызметіне қайтару, 560 орындық екі балабақша ғимаратын сатып алу (облыс-тан трансферттер бөлінген жағдайда), 250 орындық балабақша салу және 125 орындық екі шағын орталық ашу есебінен қосымша 1835 бала қамтамасыз етілмекші.
Бұған қоса білім беру мекемелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 447 млн. теңге қарастырылған. ЖМК ықшамауданында жаңа зияткерлік мектеп салу және оқушылар сарайын ашу жоспарланған. Күнкөрісі төмен отбасылардың балаларын тамақтандыруға, киім-кешекпен, шипажайларға жолдамалармен қамтамасыз етуге 104 млн. теңге бөлінген.
Кәсіпкерлік саласына келсек, нарықта белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес кәсіпорындарының қатары үздіксіз өсуде. Олар өндірген өнімдер мен көрсететін қызмет түрлерінің ауқымы да артып келеді. Соның арқасында мемлекет бюджетіне түсетін түсімдердің көлемі ұлғайды. Мәселен, 2011 жылы 2,9 мың кәсіпкерлік субъектілерінен 21,6 млрд. теңгеден астам қаржы түскен. Қаладағы кәсіпкерлікті дамытуға «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы оң ықпалын тигізгені рас. Бұл бағытта шаһар кәсіпорындарымен 21,1 млрд. теңге сомасында 28 жоба жүзеге асырылуда.

Қаланың экологиясы қатаң бақылауда

Есептік жиында Өскемен қаласының әкімі мәдениет, спорт, экология, жергілікті өзін-өзі басқару, тұрғындарды жұмыспен қамту тақырыптарына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, Елбасының өткен жылғы Жолдауында міндеттелген бұқаралық спорттың үлесін 2020 жылға дейін 30 пайызға жеткізу бағытында бірқатар ауқымды шаруалар атқарылыпты. Қазір қалада денешынықтыру және спортпен айналысатындар саны 32 мың адамды (жалпы тұрғындардың 28%-ы) құрап отыр. Деректерге көз жүгіртсек, былтыр 221 спорттық-бұқаралық шара өткізілсе, оның төртеуі республикалық деңгейдегі жарыстар.
Естеріңізге сала кетсек, Президент Нұрсұл-тан НАЗАРБАЕВ халықтың спортпен айналысуы үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін кеңейту мәселесін шешуге тапсырма берген-ді. Осы орайда биыл облыс орталығының тұрғындары үшін Славский жағалауында және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ аумағында екі жаңа хоккей қорабы салынады. Оған қажетті 21 млн. теңге бюджетте қарастырылған. Сол сияқты балалардың демалысына арнап Жаңа Тайынты ауылында жаңадан оқу-жаттығу лагері ашылады. Мектепаралық денешынықтыру орталығы құрылып, оның қызметі қала тұрғындарын тарту бойынша жұмысты күшейтуге ықпал жасайды.
Қала әкімдігінің жанынан экология мәселелері бойынша қоғамдық комиссия құрылды, оның құрамына экологтар, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар басшылары, қалалық әкімдік қызметкерлері кірді.
Қаланың асфальтты жабынын жақсарту есебімен автокөлік ағымын тәртіпке келтіру, Үлбі өзенінде көпір асты жол өтпесі құрылысы, жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп автокөліктерден шығатын зиянды қалдық-тарды қатаң бақылау және бензин сапасына бақылау арқылы қоршаған ортаға кесірі тиетін улы газдарды біршама азайтуға қол жетті.
Бүгінде кәсіпорындар құбырларында заманауи газоанализаторлар орнату туралы келісімдер жасалған. Бұл – әрбір кәсіпорын бойынша атмосфералық ауаның ластануын уақыттың шынайы тәртібінде байқауға мүмкіндік береді.
Өткен бір жылда шаһарда жұмыссыздық деңгейінің төмендеу динамикасы байқалды. Оған оң әсер еткен 6,3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуы, жұмыспен қамту органдары арқылы 4423 адамның еңбекке тартылуы болды. Былтырғы шілде айынан басталған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы үш бағытта орындалды. Атап айтсақ, сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға 1283 адам жолданса, квота бойынша жұмысқа орналастыруға 109 кәсіпорынмен тиісті шарттар жасалды. Бұл бағытта 575 адам еңбекпен қамтылды. Ағымдағы жылы да «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасын табады. Басымдық бағдарламаның екінші бағыты-на берілмек, яғни, несиелер бөлу арқылы мал шаруашылығын және өсімдік шаруашылығын дамытуға бағытталған жобаларға қолдау көрсетілмек.
Өскемен қаласының әкімі Серік Тәуке-баевтың баяндамасынан кейін тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауаптар алды. Жұртшылықты мазалаған түйткілді мәселелерге келсек, азаматтардың денсаулықтарын сауықтыру, шаһар көшелеріндегі жол қауіпсіздігі, жол құрылысы жұмыстары, тұрғын үйлерді терможаңғырту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, көшелерді көріктендіру мен аулаларды абаттандыру, белгілі тұлғаларға арналған ескерткіш тақталарды қалпына келтіру, демалыс орындарын жайландыру және басқа сұрақтар қойылды. Жалпы кездесу барысында ішінара сауалдар қойылғанымен өскемендіктердің көпшілігі облыс пен қала басшыларының атқарған жұмысына жоғары баға берді.

Бердібек САПАРБАЕВ, облыс Әкімі:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан
НАЗАРБАЕВ халыққа Жолдауында экономиканы әртараптандыру мәселесіне маңыз берді. Бұл – ірі кәсіпорындар шоғырланған Өскемен қаласына қатысты. Біз тек қана «Қазцинк», «ҮМЗ»,
«ТМК» сияқты өндіріс орындарының қызметіне, солардан түскен салыққа қарап отырмауымыз керек. Бұлай жалғаса беретін болса, дағдарыс кезінде өңірдің экономикасын ақсатып алуымыз ықтимал. Сондықтан Елбасы айтқандай, жаңадан өндіріс көздерін, жұмыс орындарын ашып, әр саладан табыс тапқанымыз жөн. Шағын және орта бизнесті одан ары дамытуды қолға алып, отандық өндірушілерге барынша қолдау көрсетейік. Қысқасы, облыстың әлеуетін толығымен пайдалануға тырысуымыз керек. Егер экономикамыз артса, халықтың да тұрмыс-жағдайы жақсара түседі. Өскемен қаласының басшылығы осының бәрін қаперге алып, алдағы уақытта қызметінде бағыт-бағдар ретінде ұстасын.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив