KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 2 м/с, СШ
444.14 477.05 4.85

"Денсаулық" пойыздары келесі кезекті сапарға әзірленуде

15.02.2012, 18:00 107


3 медициналық пойыз 2012 жылдың басынан 8 мың қазақстандыққа қызмет көрсетті. Медициналық көмек пен дәрігердің кеңесіне зәру жандар саны күннен күнге көбеюде. Бұл туралы «Қазақ темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

26 жұмыс күні ішінде (16 қаңтардан 13 ақпанға дейін) Қарағанды облысында қатынаған «Саламатты Қазақстан» пойызы 3 939 адам қабылдады және олардың әрқайсысы орта есеппен 4 дәрігердің қабылдауында болған. Дәрігерлер 7 мыңнан астам медициналық және лабораториялық зерттеу жүргізіп, тіс дәрігерлері 878 адамды емдеді.

«Саламатты Қазақстан» шалғайдағы 19 станса мен разъезді аралап, қазір Қарағанды стансасында тұр.

«Денсаулық» пойызы Алматы облысында 20 қаңтар мен 12 ақпан арасында сапарда болып, 11 стансаны аралап үлгерді. Дәрігерлер бригадасына 2 599 адам қаралды. Әрбір тұрғынның орта есеппен 11 маманның қабылдауында болғандығы - аймақ халқының медициналық көмекке қаншалықты зәру болып отырғандығының дәлелі. Дәрігерлер 5 мыңнан астам медициналық және лабораториялық зерттеу жүргізді.

17 жұмыс күнінің ішінде «Жәрдем» пойызы Батыс Қазақстан облысының 8 станса мен разъездеріне қызмет көрсеткен. 1854 адам пойыз емханасына келіп, бірнеше дәрігерге қатар қаралғандардың саны 1854 адамды құрады. Әрбір емделуші орта есеппен 3 дәрігердің қабылдауында болды. Қазіргі кезде «Жәрдем» Ақтөбе стансасында.

Тәжірибе көрсеткендей, халық көбіне-көп дәрігер-терапевттердің қабылдауына көп жазылады. Мамандардың арасында кардиолог, жүйке ауруын емдейтін дәрігер, бала дәрігері ерекше сұранысқа ие. Ең танымал зерттеу - ультрадыбыстық.

- Станса мен разъезд тұрғындарында көп байқалған аурулардың біршамасы жүрек-тамыр жүйесі аурулары, - дейді «ҚТЖ»ҰК» АҚ әлеуметтік жұмыс жөніндегі Басқарманың бас менеджері Ұлболсын Ғалымова. Оның айтуынша, мамандар тыныс алу мен ас қорыту сияқты ішкі органдардың ауруларын, сондай-ақ тубуркулезді алғашқы сатысында анықтайды.

2011 жылы үш медициналық пойыз 342 күн жұмыс жасап, 156 стансаны аралаған. Стационарлық емханаға қолы жете алмай жүрген шалғай станса мен разъездердің 75 мыңнан астам ел азаматы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. 302 067 адам бірнеше дәрігерге қатар қаралған, яғни әрбір азамат 4 маманның қабылдауында болды.

Аусымына 200 адам қабылдау жоспары болғанымен, «Денсаулық» пойызының іс жүзінде жұмыс мөлшері одан 3 есе көп болды.

«Жылжымалы емхана» аралайтын аймақ халқы пойыздың қажеттілігі мен медициналық көмек маңыздылығын өз аттарынан «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті Асқар Маминге жолдаған алғыс хаттарында атап өтуде.

Бүгінгі таңда барлық пойыз қатынауды тоқтатып, келесі маршруттың басталуын күтіп жатыр.

Мәлiметтiң көзi: ҚазАқпарат




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив