KZ
Өскемен
+7°
пасмурно жел 6 м/с, ОБ
442.05 474.14 4.74

Жетпіс балл жинамағанның «желкесі қиылады»

13.02.2012, 18:00 154


Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биылдан бастап ұлттық университеттерге түсу үшін талапкерлер ҰБТ-дан кем дегенде 70 балл жинауы тиіс. Ал өзге жоғары оқу орындарына өту үшін бұрынғыша 60 балл жеткілікті.

Айта кету керек, елімізде сегіз ұлттық жоғары оқу орны бар. Олар: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті. Бұл аталған оқу орындарының мәртебесі биік болғандықтан да, оқуға түсу балы көтерілді.
Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі Мектеп оқушыларының жазғы демалысын қысқарту мәселесін арнайы жұмыс тобы сарапқа салатынын да хабарлады. Министр Бақытжан Жұмағұловтың жауабына сүйенсек, мұндай күрделі сұрақтар тезге салып шешілмейді.
- Ол үшін ең алдымен дүниежүзілік тәжірибені терең зерттегеніміз абзал, ұсынылған жобалардың барлық күнгейлі және көлеңкелі жақтарын анықтап, ескергеніміз дұрыс. Оның үстіне, міндетті түрде қоғамдық пікірмен де санасуымыз қажет. Сол себепті бүгінгі таңда менің бұйрығыммен құрамында Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары, осы салаға қатысы бар мемлекеттік органдар қызметкерлері, білім басқармаларының басшылары, педагогтар, ата-аналар және Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бар жұмыс тобы құрылды. Бұл жұмыс бір күндік, мүмкін тіпті бір жылдық та емес шығар. Өйткені бұл сұрақ жалпымемлекеттік болғандықтан да, жұмыс тобының ұсынысы Үкіметтің, басқа да басқару органдары өкілдерінің қатысуымен тыңғылықты талқыланатын болады. Содан кейін ғана қоғамдық пікірді ескере отырып, қабылданған шешім туралы бір нәрсе айтуға болар. Басты мақсатымыз - оқу тиімділігін қамтамасыз етіп қана қою емес, сондай-ақ бала денсаулығын жақсарту. Мұны біз үнемі назарда ұстаймыз, - деп жауап берді Б. Жұмағұлов.


Нұрболат АМАНЖОЛ

aikyn.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив