KZ
Өскемен
+14°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
443.72 482.28 4.9

Жексенбілік мектептерді жетімсіретпеу керек

3.01.2012, 18:00 150


Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ төрағалығы-мен Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік және басқа да тілдерді одан әрі дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Алғашқы болып сөз алған Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Еркінбек Аязбаев «Облыс тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамытуда және толерантты тілдік ортаны құруда Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі» туралы баяндама жасады.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы аймағымызда тұратын 105 этнос өкілдерін біріктіре отырып, саяси тұрақтылық пен ұлттар арасындағы өзара түсіністік және сыйластықты қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, Ел бірлігі Доктринасын жүзеге асыру бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Облыста тұратын этнос өкілдерінің ана тілдерін оқыту мақсатында үйірмелер ұйымдастырылып, этностардың тілдері мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін сақтау және дамыту бағытында әртүрлі шаралар ұйымдастырылған. Қазір өңірімізде тұратын ұлттардың айрандай ұйыған береке-бірлігін одан әрі нығайту үшін және тұрақтылық пен келісімді жүзеге асыру жолында сегіз Достық үйі жұмыс істеп келеді. Соның ішінде облыстық Достық үйінің этностардың ана тілі мен мәдениетін дамытуда өзгеге үлгі-өнеге көрсетіп отырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүгінгі таңда өңірде 81 этномәдени бірлестік пен екі жастар қоғамдық бірлестігі («Ынтымақ-Содружество» және «Бірлік-Единство») жұмыс істеуде.

Баяндамашы «Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету» жексенбілік мектептерінің атқарып жатқан істерін де атап көрсетті. Айталық, Өскемен қаласында 14 этностың тілі және мемлекеттік тіл оқытылуда. 2010-2011 оқу жылында мемлекеттік тілді оқытудың 51 тобында 847 тыңдаушы болса, биылғы оқу жылында 58 топта 1069 тыңдаушы тіл үйренуде. Ал Семей қаласындағы жексенбілік мектептегі бес топта орыс тілін 21 тыңдаушы, неміс тілін 20, татар тілін 18, кәріс тілін 8, иврит тілін 12 тыңдаушы оқып жатыр.

Дегенмен, осы тарапта кемшіліктер де жоқ емес. Мәселен, баяндамашы биылғы оқу жылында Шемонайха, Бородулиха аудандары мен Семей, Риддер, Курчатов қалаларындағы кейбір мектептердің жұмыс жүргізудегі аяқ алысы сылбыр екенін де жасырмады. Облыстағы өзге этнос өкілдерінің 12,3 пайызы ғана мемлекеттік тілді меңгерген. Өңірдегі этно-мәдени бірлестіктерде тіл үйрету бойынша үйірмелерге тартылған 155 топтың 38 пайызы ғана мемлекеттік тілді меңгеруге құлықты көрінеді. Ал «Шығыс Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін түлету» мектебінің 77 тобының 22-сінде ғана қазақ тілін үйретуде.

Осы түйткілді мәселелерге байланыс-ты аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ аудан, қала әкімдеріне, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айталық, жексенбілік мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын жалғастыру, этностық топ-тардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін сақтап, тілдерін одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасау, этностардың ана тілі мен мем-лекеттік тілді үйренуде үздік нәтижелерге жеткен тыңдаушыларды ынталандыру және көтермелеу жолдарын қарастыру туралы шаралар. Осы орайда кеңес мүшелері этностардың ана тілін үйренуге жағдай жасау, оқу-әдістемелік көмек көрсету, білікті мамандарды тарту сияқты ой-пікірлерін ортаға салды.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив