ШҚО-да білім саласы жемқорлықтан көз ашпай тұр
Өңір үшін өзекті болып тұрған осы бір мәселе облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың қатысуымен өткен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның облыстық департаментінің бірлесіп өткізген жиынында тағы да қаралды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ұлттық бюроның өңірлік бөлімшесінің жетекшісі Ерлан Жалмағамбеттің мәлімдеуінше, жасалған қылмыстардың барлығы да бюджет қаржысын жымқыруға байланысты. Олардың бәрі жалақыны есептеу, іссапарлық шығындарды төлеу кезінде жасалады екен. Сонымен қатар, көрсетілмеген қызметке және жеткізілмеген тауарлық-материалдық құндылықтарға ақша аудару қылмыстары да әшкереленген.
Мәселен, сот арқылы Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары К.Тастенбековаға және аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас есепшісі М.Табароваға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олар заңсыз жолмен ауданның бірқатар мектептеріне ешқандай жұмсалусыз іссапарлық шығындар аударып отырған. Қазына қаржысын жымқыруға қатысты жемқорлық қылмысты бірнеше мәрте жасаған. Биылғы мамырда Бесқарағай аудандық сотының шешімімен біріншісі бес, екіншісі үш жылға бас бостандығынан шектеліп, мемлекеттік қызметте істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Жоғарыда аталған мектептердің директорлары да қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Алайда, болған іске олардың шындап өкінулеріне байланысты қылмыстық зерттеу тоқтатылған. Бұдан бөлек қоластындағы қызметкерлердің жұмысына бақылауды әлсіреткені үшін облыс әкімінің өкімімен аудан әкімі Д.Батырбаевқа қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза берілген.
Сондай-ақ, Риддер қалалық білім бөлімінің бас есепшісі А.Баянбаева мен «ВОSS КZ» ЖШС директоры З.Тотановаға қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Бұлар 2015-2017 жылдар аралығында жүйелі түрде «Нұрбөбек» балабақшасындағы мектепке дейінгі балалардың тәрбиесі мен оқуына жасалған шарт негізінде орындалған жұмыстарға жалған актілер толтырып, бюджет қаржысына аямай қол сұққан. Сөйтіп, мемлекетке 75,4 млн теңге шығын келтірген. Риддер қалалық сотының 2018 жылғы 15 маусымдағы үкімімен А.Баянбаеваға мемлекеттік қызметтен біржола қол үзе отырып, алты жыл бас бостандығынан айыру жасазасы тағайындалды (қарауында кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаның мерзімі шегерілді). Ал Тотанова алты жылға шартты түрде бостандығынан айырылды.
Осы сияқты мемлекет қаржысына жаппай қол салу қылмыстары Көкпекті ауданының білім саласында да анықталған. Мұнда бірқатар мектептердің есепшілері соңғы жылдар көлемінде жалақыны есептеу, жеткізілмеген тауарға ақша төлеу барысында бюджет қаржысын ұрлаған. Шығын көлемі 35 млн теңгеден асып кеткен. Аталған фактілер бойынша бірнеше қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған. Аудан әкімінің өкімімен аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Мұстафинов және сыбайлас жемқорлық қылмысы орын алған мектептер директоры тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, Зайсан ауданының бірқатар мектептерінде осыған ұқсас заңбұзушылықтар анықталып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
– Бүгінгі жиында айтылған мысалдар тек бір парасы ғана. Мұндай қылмыстарды ашу және оның алдын алу мен ескерту жұмыстары облыстың барлық аудандарында тұрақты жүргізіледі. Білім саласынан басқа да жергілікті атқарушы органдарға қарасты ұйымдар тексеріледі. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басымдық берілген бағыты. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдарға 109 ұсыным енгізіліп, тәртіптік жауапкершілікке жүзден аса лауазымды тұлға тартылды, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның облыстық департаментінің басшысы Ерлан Жалмағамбет.