Жәбірленушілерге төленетін өтемақыдан кімдер үміттене алады?
Биылғы шілдеден бастап қылмыскерлер залалын мәжбүрлеп өндіру тәртібін реттейтін жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры туралы заң қолданысқа енді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Қазір облыс соттары 289 сотталған тұлғадан қорға 7,5 миллион теңге өндірген. Мәжбүрлі төлемдер өндірілмеген 33 тұлғаға қатысты үкімдер сәйкестендіріліп, нәтижесінде қорға қосымша 600 мың теңге түсті деп хабарлайды облыс прокуратурасы.
Сонымен қатар, заңның қолданысқа енуіне дейін 4 сотталғаннан мәжбүрлі төлемдерді негізсіз өндіру фактілері анықталды. Прокурордың апелляциялық талап-тілектері бойынша бұзылыстар жойылды.
Аталмыш қор жәбірленушілерге қажетті материалдық көмекті дереу көрсету мақсатында құрылған. Ол айыптау үкімін шығару кезінде кінәлі тұлғалардан өндірілетін мәжбүрлі төлемдер есебінен қалыптасады. Өндіру сомасы – қылмыстың ауырлығына байланысты 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін.
Бұдан басқа, қор процестік бұзушылықтар үшін сот салған өндіру есебінен, сондай-ақ түзеу жұмыстары түрінде жазаларын өтеп жүрген сотталғандардан ұсталатын сомалардан толығады.
Заң бойынша қаражатты екі жыл жинақтау қарастырылады. Өтемақы келер жылдың 1 шілдесінен бастап төленеді.
– Өтемақыны кәмелеттік жасқа толмаған сексуалды зорлық құрбандары, саудаланған немесе азапталған тұлғалар, қылмыс нәтижесінде денсаулығына ауыр зардап келтірілген, сондай-ақ АИТ жұқтырған жәбірленушілер немесе жәбірленуші қаза болған жағдайда оның заңды өкілі ала алады, – дейді прокуратура қызметкерлері.
Қаражат біржолғы төлем түрінде 30-дан 50 АЕК-ке дейін жәбірленушіге қатысты жасалған құқық бұзушылық әрекеттеріне сай төленеді.
Сонымен қатар, жәбірленуші әрі қарай кінәлі тұлғадан залалды толық өндіріп алу мүмкіндігінен де айырылмайды.