Абай туралы фильмді өзбектер түсіретін болды
Өзбекстан кинематографтары «Абай сөзі» деректі фильмін түсірмек үшін Семейге келді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Түсірілім тобы бұл істі Өзбекстан Президентінің қаулысы бойынша қолға алған. Қаулыда ұлы ойшыл, ақын Абайдың мұрасы тек қазақ халқына ғана емес, мұқым түркі әлеміне, әсіресе өзбек халқына мол әсерін тигізетіндігі жазылған.
Деректі фильмде хакім Абайдың балалық шағы, өскен ортасы һәм архивтік деректер қамтылмақ. Басты мақсат – жоғарыда айтылғандай, өзбек халқын ұлы тұлғамен жақын таныстырмақ, оның бастауынан сусындатпақ.
Өзбек елінен келген меймандар Абай музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ музейге өзбек тіліне аударылған «Абай жолы» роман-эпопеясын тарту етті.
– Меймандар Семейдегі музейді аралады, Жидебайға келіп, түсірілім жұмыстарын жүргізді. Фильм жыл аяғында дайын болады екен, – деді «Жидебай-Бөрілі» музейінің ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай.