Елбасы мектептерде жыныстық тәрбие сағатын өткізуді ұсынды
Нұрсұлтан Назарбаев жасөспірімдерге жыныстық дамудың ерекшеліктері туралы айтуға ұялмауға шақырды. Астанада өткен азаматтық форумда Елбасы ажырасу мен жас аналардың сәбиінен бас тарту оқиғаларының жиілеуіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі Sputnik сайтына сілтеме беріп.
"Өмірде әртүрлі жағдайлар болады, әрине. Ажырасу мәселесі – алаңдатарлық мәселе. 25-30%-і ажырасады екен. Неліктен? Өйткені біз мектепте балаларға бұл тақырыпта білім бермейміз. Қарым-қатынас, есею, ер адамдар, әйелдер, қалай жүкті болады… мұның бәрін ұят санаймыз. Басқа елдерде 14-15 жастағы балаларды оқытады. Біз үшін бұл ұят. Психологияны өзгерту керек. Ұят ештеңесі жоқ, сол үшін бұған назар аударып отырмын", — деді мемлекет басшысы.
Елбасы ажырасудың себебі де жастардың отбасылық өмірге дайын болмауынан екендігін атап өтіп, оның негіздері тек үйдегі тәрбиеге ғана байланысты емес екендігін атап өтті.
Сондай-ақ Астанадағы VIII Азаматтық форумда сөз сөйлеген мемлекет басшысы үкіметке 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Оның айтуынша, азаматтық қоғам ең алдымен жетім, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсетуі керек.