KZ
Өскемен
+16°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
441.66 475.14 4.86

Жатақхана саламын деген кәсіпкерге мемлекет қолдау көрсетеді

28.09.2018, 06:17 159



Шығыс Қазақстанда коворкинг орталықтары, дәмханалары мен ойын-сауық алаңқайлары бар студенттік жатақханалар пайда болуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтановтың төрағалығымен өткен алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.


Басқосуға қатысқан «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Азамат Ойнаров пен атқарушы директоры Талғат Тұрсынбаев жиналғандарға мұндай қадамның қандай артықшылықтары бар екенін түсіндіріп берді.


– Статистика бойынша бүгінде республика аумағындағы жоғары оқу орындарының 75 мыңнан астам студенті жатақханаға қол жеткізе алмай отыр екен. Бұған колледж студенттерін қоссаңыз, кезекте тұрғандардың саны 100 мыңнан асып кетеді. Білім министрлігі алғашқыда аталмыш проблеманы жою үшін жер-жерде жаңа жатақханалар салуды жоспарлаған болатын. Алайда, біз бұл мәселені шешудің басқа да жолдары бар екенін айттық. Мәселен, дайын тұрған ғимараттарды жатақханаға айналдыруға болады, – дейді Талғат Тұрсынбаев.


Оның айтуынша, жаңа жатақхана саламын деушілерге мемлекет тарапынан сегіз жыл бойы қаржылай қолдау көрсетілетін болады. Бұл көмектің мөлшері бірінші жылы 244 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болса, қалған жеті жылда кәсіпкер 122 АЕК-тің қаражатын алып отырады. Бұл ретте, қаржыландыру студенттер санына қарай жүргізілетінін және де ақша ғимарат қолданысқа берілгеннен кейін ғана төлене бастайтынын ескерткен жөн.


– Ал бұрын салынған ғимараттарды жатақханаға айналдырған бизнесмендерге жыл сайын 47 АЕК мөлшерінде қолдау көрсетілмек. Бұл, әрине мардымсыз көрінуі мүмкін. Сол себепті, кәсіпкерлер кеткен шығындарының бір бөлігін жатақхана ішінде түрлі ойын-сауық орындары мен дәмханалар ашу арқылы қайтарып ала алады. Әлбетте, кәсіпкерлер мұндай орындарды ашпас бұрын сол университет не колледж басшылығының келісімін алуы тиіс. Бұл өз кезегінде жатақханаларда сырахана мен букмекерлік кеңселер сияқты нысандар пайда болмас үшін жасалады, – дейді Т.Тұрсынбаев.


Жиында белгілі болғандай, мұндай әріптестік негізде салынған нысан кейін кәсіпкердің иелігінде қалады екен. Алайда, ол нысанды жатақхана ретінде кем дегенде 20 жыл пайдалануы тиіс-тін. Бұл заңмен бекітілген шарт.


– Кәсіпкерлер жатаханада фаст-фуд сататын дәмханалар мен көңіл көтеруге арналған өзге де нысандарды ашуға құқылы. Бұл жерге жатақханада тұрып жатқан студенттер ғана емес, оларға қонаққа келген адамдар да кіре алатын болады. Яғни, бизнесменнің мемлекеттен қаржылай көмек алып қана қоймай, өз кәсібін дөңгелетіп, нәтижесінде ойлағаннан бірнеше есе көп табыс таба алады, – дейді «Қазақстандық мемлекет-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Азамат Ойнаров.


Жиында, сонымен қатар облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсел Қайырбекова баяндама жасап, 2018-2022 жылдар аралығында Шығыс Қазақстанда 4 600 орынға шақталған 11 студенттік жатақхана салу жоспарлануда екенін айтты. Оның сегізі жаңадан бой көтерсе, қалғаны бұрын салынып қойған нысандар екен.


– Қазір Өскемен, Семей және Аягөз қалаларында салынуы тиіс бес колледж жатақханасының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Атап айтсақ, олар – Өскемендегі көпсалалы технологиялық колледж, құрылыс колледжі мен медициналық колледж, Семейдегі бизнес және сервис колледжі, сондай-ақ Аягөздегі политехникалық колледж жатақханалары. Бүгінде келісімшарттар жасалып, жобалаушылар қажетті құжаттамаларды әзірлеу жұмыстарын бастап кетті. Жыл соңына дейін құжаттар қолға тиюі тиіс, – дейді жиында баяндама жасаған облыстық құрылыс және сәулет басқармасы басшысының орынбасары Ернар Мәулетханов.


Ол, сонымен қатар жоғары оқу орындары жатақханаларын салуға қатысты жұмыстар әзірге баяу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бүгінде жаңа студенттік жатақханалар Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ мен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетіне қажет екен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив