ШҚО-да қатты жауын-шашын болуы мүмкін – Қазгидромет
ШҚО-да алдағы күндері ауа температурасы жоғарылып, жауын-шашын болуы мүмкін.
Бұл туралы «Қазгидромет» ШҚ филиалы басшысы Ләззат Болатқан айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК мамандарының айтуынша, қазір облыстағы гидрологиялық жағдай тұрақсыздау болып тұр.
Облыс бойынша қар жамылғысы Марқакөл ауданында 438 мм, Алтай ауданында 202 мм, Глубокое ауданында 138 мм дейін жетіп отыр. Биыл өңірде көпжылдық орташа мәннен 1,5-2 есе көп қар мөлшері түскен екен.
Синоптиктердің болжамына сүйенсек, сәуір айында жауын-шашын мөлшері де, ауа температурасы да нормадан жоғары болмақ.
Бүгінде жарияланған дауыл туралы ескертуге байланысты барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. «Шығыс су қоймалары» КМК директоры Медет Нұрғалиевтің айтуынша, кәсіпорынның қарамағына 34 нысан кіреді. Қазіргі уақытта барлығы дерлік бақылауға алынып, күн сайын мониторинг жүргізіліп жатыр.