Аягөзде таудан сырғанаудан жарыс өтті
Қыс қызықтарының бірі-аязды күндері биік төбеден қар үстімен төмен сырғанау. Таза ауадағы серуенге жататын мұндай қызықты сәттер Аягөзде көп. Таяуда қала сыртындағы Битантауының бауырында осындай шара ұйымдастырылды.
Оны ұйымдастырған аудан әкімдігінің жастар орталығы. Қаз -қатар тізілген олар биік төбеден төмен сырғанап жарысты. Арнайы секундант олардың сырғанау жылдамдығын уақытпен өлшеп тұрды. Нәтижесінде бірінші орынды Азамат Дулатов жеңіп алса, екінші орынға Әлихан Қахарманов шықты. Ал жүлделі үшінші орынды Самат Жамбырғазин иеленді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар «Ең жас қатысушы» және «Көрермен көзайымы» аталымдарын белгілепті. «Ең жас қатысушы» номинациясын 4 жасар Ақниет Тұрсынбеков иеленді. Ал «Көрермен көзайымына» аталымын Тұрсынбек Түсіпбеков лайық деп танылды.
-Қыс мезгілін асыға күтетін жандардың бір қуанышы - өрден төмен сырғанау екені бесенеден белгілі, -дейді аудан әкімдігі жастар ресурстық орталығы басшысы Ермек Сәбитов,- Жастардың арасында қазір қимыл-қозғалыс өте маңызды. Өйткені, мұндай шаралар гипподинамияның болмауына тікелей септігін тигізеді. Бабаларымыз қашанда «Тәні саудың жаны сау» деген. Сондықтан, осындай шара ұйымдастырудағы негізгі мақсат: жас буынның денінің сау болып өсуіне ықпал жасау. Былайша айтқанда, «Өз денсаулығымыз өз қолымызда». Тек барды бағалай білмей жатамыз. Жарыс соңынан жеңімпаздар арнайы дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапатталды.