KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Бесқарағай - ата кәсіпті дамытуға қолайлы өңір

17.01.2019, 03:34 107

Семейден ат шаптырымдай жерде орналасқан Глуховқа ауылдық округінде асыл тұқымды мал шаруашылығының өрісі кеңейіп келеді. Әсіресе қылшық жүнді байыс қойын өсірумен бірге тауарлы-сүт фермалардың ісі жандана түскен. Ата кәсіптің ебін тапқан бесқарағайлықтарды әңгімеге тартып, аграрлық секторда benchmark-ке (эталонге) айналудың қыр-сырына қанықтық.     


Бұл айтқандарымыз негізсіз емес. Мәселен, «Бипен» шаруа қожалығы «Іскер» бағдарламасымен 12 млн теңгеге 500 бас аналық қойды және 20 қошқарды сатып алған. Асыл тұқымды байыс ұсақ малын, қожалық басшысы Серік Арынтаев Жарма ауданынан әкелді. Осы мақсатта 500 шаршы метрді құрайтын екі мың басқа шақталған мал базасын да салды. Сондай-ақ жұмысшыларға арналған 4 бөлмелі тұрғын үй қоса тұрғызылыпты. Қазір мұнда 8 адам жұмыспен қамтылып отыр. Техника паркіне тоқталсақ, бір ТО-30 жүк тиегіші, екі доңғалақты трактор, екі арнайы шөп шапқыш қондырғысы және осы мөлшердегі тарағыш техника бірлігі шаруашылықтың ісін оңтайландыруда. Жем-шөп базасы бойынша, 50 гектардай аумақта шабындық жер қарастырылған. Бұған қоса 30 гектар жерді алып жатқан бақшада картоп, сәбіз, қызылша сынды көкөніс түрлері жыл сайын өсіріліп келеді. Одан бөлек, құрғақ алқапта көпжылдық шөптер де егілген.


-Табиғаттың берген екі артезиан ұңғымасы бар. Тағы өзіміз қазған екі ұңғыма іске қосылған. Судан қиындық жоқ. Электра қуатыда қарастырылған. Қалаға жақын. Өте қолайлы. Осы жақтан жайлымды жер алсақ, көктемде көшіп күзде қайтадан ораламыз. 50 бастай ірі қара бар. Соның 20-сы сауынды сиыр. Қалғандары жас төлдер. Келешекте 120 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салуды ойластырып жатырмыз. Соған орай симментал сүтті ірі қараны алмақ ниеттеміз. Сүтін шаһарға өткіземіз. Оған қарастырылған базасы дайын. Сиырды сауатын аппаратта орнатылмақ. Ұсақ мал туралы айтсақ, бұрындары оның етін жәрмеңкелерге апарып сатқан едік. Одан қалды «Северный» сауда-логистикалық орталығы және орталық базарға өткізетінбіз. Аягөзде ет өңдейтін комбинат бой көтереді деп естідік. Болашақта соған да апарып қалуымыз ықтимал. Астана жаққа келісімшартпен тасуды жоспарлап отырмыз, - дейді «Бипен» ШҚ-ның басшысы Серік Арынтаев.



Жұмысты еселеп үдету үшін бесқарағайлық шаруа техника паркін жаңартуды көздейтінін айтты. Сол секілді жемтаратқыш қондырғыны және шөпбасқыш аппаратын да сатып алу ойында жоқ емес. Әйтсе де, жайылымдық жерлердің аздығы бұл іске қолбайлау болып тұр. Мұны ауылдық округ әкімі де растады. Дегенмен мына бір жайтқа да назар аударған жөн. Глуховкада ауыл шаруашылығына ден қойған агроқұрылымдардың саны 117. Тұтастай аудан көлемінде бұл үлкен көрсеткіш. Әлбетте мұндай да жердің жетіспеушілігі заңды құбылыс. Соған қарамастан аудан шаруалары мәселенің реттелетініне үмітті.


-Аудандағы үлкен шаруашылықтар біздің округке қарайды. Оның ішінде 60-қа жуығы мал шаруашылығымен айналысады. Тағы 20-ға жуығы егін және көкөніс шаруашылығын қолға алған. Қалған ұсақ қожалықтар мал азығын дайындаумен шұғылданады. Тұрақтандыру қоры бар. Жылда аудандық әкімдікпен келісіп, қыста көкөністер арзан бағамен тұрғындарға сатылады. Жәрмеңкеде картоп, орамжапырақ, қызылша және басқа да көкөністер келісілген бағамен жіберіледі. Қойманың сыйымдылығы мың тоннаны құрайды. Сол сияқты Бірлік ауылында «Балке» шаруа қожалығы, сыйымдылығы 2 мың тоннаға шақталған көкөніс сақтайтын қойманың құрылысын жүргізіп жатыр, - деп атап өтті Глуховка ауылдық округінің әкімі Алмас Тастенбеков.


Сөз орайы келгенде айта кетейік, Глуховка ауылдық округіне 6 елді мекен қарайды. Атап айтқанда, Стеклянка, Старая крепость, Бірлік, Белокаменка, Жыланды және Глуховқа. Тұрғындардың саны үш мыңға тақау.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу