Өскеменде жасалатын титан мен ниобий сымдарын Жапония сатып алғысы келеді
Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты мен Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың бірлескен жобасына жапониялық компания қызығушылық танытып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ғалымдары ҮМЗ мамандарымен бірге титан және ниобиден компьютерлік томографияға қажет жоғары өткізгіш сымдар жасауды қолға алған болатын. Екі жыл бойы жоба теориялық тұрғыдан пысықталып, өткен жылдың ортасында алғашқы үлгісі алынған. Оның сапасын тексеру үшін Жапонияға жіберіпті. Furukawa Electric Co., Ltd компаниясының мамандары алғашқы үлгінің сәтті шыққанын көріп, жобамен жан-жақты танысу үшін Өскеменге келді.
Жапониялық делегацияны облыс әкімі Даниал Ахметов өзі қабылдап, меймандармен жобаның болашағы туралы пікір алмасты.
Жапониялық компанияның сауда жөніндегі бас директоры Хироказу Цубоучи өскемендік жобаның алғашқы өнімі сапалы болып шыққанын атап өтті.
«Жалпы, өнімнің сапасы ойдағыдай. Біз жасаған сынақтардың бәрінен сәтті өтті. Өз тарапымыздан өндіріс процесін оңтайландыру бойынша нақты ұсынысымыз бар. Бұл тұрғыда сіздерге технологиялық қолдау көрсетуге дайынбыз» - деді Жапония өкілі.
Ал Даниал Ахметов жылдың екінші жартысында Өскеменнің титаны мен ниобиі дайын өнім ретінде саудаға шығуы мүмкін екенін айтты.
«Бес миллиард теңгеден астам қаржыға бірнеше технологиялық жоба бастаған болатынбыз. Соның бірі - ҮМЗ мен ШҚМТУ бірлесіп іске асырып жатқан жоғары өткізгіш сым өндірісі. Алғашқы үлгіні жапониялық мамандар жоғары бағалап отыр. Олар айтқан кішігірім ескертпелерді енгізіп, өнімді барлық талапқа сай ететін боламыз. Жылдың екінші жартысында жобаның коммерциялық кезеңіне көшуіміз мүмкін. Бұл өнімнің қандай техникалық базада өндіріліп жатқанын жапониялық әріптестеріміз осы іссапар барысында көретін болады» - деді Даниал Ахметов.
Кездесуден кейін журналистердің сұрағына жауап берген Хироказу Цубоучи жобаның болашағы зор екенін атады. Алайда, компьютерлік томографияға ауадай қажет деп саналатын аталмыш сымдарды қанша көлемде сатып алуға ниетті екендерін ашып айтпады.
«Әзірге әріптестік қатынас кеңес беру деңгейінде ғана тұр. Сондықтан қандай да бір санды айту қиын. Бәрін уақыт көрсетеді» - деді ол.
Ұсынылып отырған сымдар «НТ-47» маркалы балқымадан жасалады. Алдағы екі күн бойы жапониялық делегация аталмыш балқыманы алу жолдарымен танысады деп күтілуде.