Қазақстан БҰҰ-ға бітімгерлер дайындауға мүмкіндік алды
Қазақстандық «Бейбітшілік үшін серіктестік» (ҚАЗЦЕНТ) оқу-жаттығу орталығы Біріккен Ұлттар Ұйымынан «Азаматтық халықты қорғау» және олардың бітімгершілік операцияларға қатысулары үшін «БҰҰ-ның штабтық офицерлері» курстарына әлемнің түкпір-түкпірінен бітімгершілерді дайындауға құқық беретін сертификаттар алды. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлады.
«Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу-жаттығу орталығының базасында өткізілетін және қазақстандық нұсқаушылармен әзірленген БҰҰ-ның стандарттарына бітімгершілік курстардың сай келуін мақұлдау туралы құжаттарға БҰҰ-ның штаб пәтерінде қол қойылды.
Ұлттық курстардың сертификациялануына Қазақстанда бітімгершілерді дайындаудың әдістемесін мұқият және ұзақ зерделеу, сондай-ақ, ҚАЗЦЕНТ-тың материалдық-техникалық базасын, нұсқаушыларды дайындау деңгейі, операциялар мен бейбітшілікті ұстап тұру жөніндегі БҰҰ департаменті өкілдерінің оқу бағдарламаларының БҰҰ-ның стандарттарына сай болуы мен мазмұны негіз болды.
«Бейбітшілік үшін серіктестік» оқу-жаттығу орталығы Орта Азия өңіріндегі бітімгершілік дайындық халықаралық орталықтар ассоциациясының толыққанды мүшесі болып табылатынын айта кеткен жөн. ҚАЗЦЕНТ курстары бітімгершілерді БҰҰ миссияларында көпұлтты штабтарда жұмыс жасауға дайындау үшін өткізіледі. Бітімгершілік қызметтің негіздері, қағидаттары және міндеттерімен таныстыру дайындықтың ажырамас бөлігі болып табылады. Оқыту кезінде азаматтық халықты қорғау, бейбітшілікті ұстап тұру жөніндегі БҰҰ операцияларының тәртібі мен ерекшеліктерін түсіндіру мәселелеріне үлкен көңіл бөлінеді. Оқу-жаттығу орталығының көптеген түлектері бітімгершілік миссияларда басшылық лауазымдарды басқарды, оның ішінде, Батыс Сахарада Референдумды өткізу жөнінде БҰҰ-ның миссиясына бітімгершілер базаларының командирлері, осы комиссияның штаб оқу бөлімінің бастықтары болып тағайындалды.
Дереккөз: ҚР Қорғаныс министрлігі