Мәжіліс депутаты Аягөзде мүмкіндігі шектеулі балаларды сыйлықтармен қуантты
Басқаны қайдам бүлдіршіндер Жаңа жыл мерекесін асыға күтетіні шындық. Асыға күткен қуаныштарындағы сыйлық алып бал – бұл жанған жүздерін айтсаңызшы. Аягөз ауданындағы мүмкіндігі шектеулі 156 балаға, атап айтқанда, аудан әкімдігінің аумақтық әлеуметтік көмек көрсету орталығына қарасты 136, аудандық мүгедектер қоғамының 20 мүмкіндігі шектеулі балаларына Елордамыздан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, атымтай азамат Нұртай Салихұлы арнайы сыйлықтар мен құттықтау хаттарын жолдапты.
Халық қалаулысының балаларға арналған базарлығын «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары К.Габдулина құттықтап, арнайы табыс етті.
Мерекелік іс-шараға көптеген ертегі кейіпкерлері ерекше сән беріп, жиналған балаларға жан жылуын сыйлады. Шексіз қуанышқа бөленген балалар әсем шыршаны айнала жаңа жылдық тақпақтар оқып, ән айтып, би билеп, ойындарға қатысып шат-шадыман болды. Кеш соңында балалар Аяз атамен және ертегі кейіпкерлерімен естелік суретке түсті. Осы орайда, Жарма, Үржар аудандары балаларына да осындай Жаңа жылдық базарлық жолданғанын айта кеткен жөн.
Айта кетер жайт бұл Нұртай Салихұлының алғашқы сыйлығы емес. Бұл он төрт жылдан бері дәстүрге айналып келе жатқан үрдіс. Яғни, он төрт жылдан бері сәбилерге сияпат жасалып келе жатыр деген сөз.
Республикалық бір басылым бетінен оқыған мақалам есіме түсіп отыр. Нұртай ағамыздың қырық жасқа келген мерей тойы болады. Көңіл жетер көп азамат пен журналистер қауымы үлкен мейрамханада бір дүркіреген той болатын шығар деп күтеді. Алайда халық қалаулысы күндегі әдетінше таңертең ерте тұрып, банкке барып жетім балалар үйіне қомақты қаржы аударып келіп, көңіл жетерлерімен өз шаңырағында мерекені атап өтіпті. Өзінің меншік мерекесінде осындай ата-ана қамқорлығынсыз өсіп келе жатқан сәбилерге қуаныш сыйлаған жанды сіз білесіз бе? Кең жүректілік пен керемет мейірім иесі екенін осы бір шағын мысал жарқыратып айшықтап тұр ғой.
Қайыр күткен жанға қайырым көрсетуден, тарыққандарға қолдау беруден жалықпаған, жаңашылдығымен ерекшеленіп жүрген Нұртай Салихұлының осы бір қасиеті көңілге шуақ, көпке үлгі боларлық емес пе? Басқа да қазақтың қалталы жігіттері осы үрдісті көптеп ту тұтса, қоғамның әл-ауқаты мен жүздеген әлеуметтік мәселелері шешімін тауып, игі бастамалар қоғамымызды ізгілік нұрына бөлейтіні сөзсіз.
Ермек Тұрсынұлы
Аягөз қаласынан