Жүксалғышына ұрланған мал етін салып алған семейлік тұрғын ұсталды
«Мал ұрлығы» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері автокөліктің жүксалғышында тиісті рұқсат құжатсыз малдың тұтас етін тасымалдаған жүргізушіні ұстады.
16 қараша күні кешкі уақытта ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Аскат Жайкенов пен Дулат Әбдікәрімов құрамында «Ертіс» стационарлық-бақылау бекетінде қызмет атқару барысында 46 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ер адам «Lada» автокөлігінің жүксалғышында ұрланған 1 қойдың тұтас етін тасымалдаған.
Жедел-тергеу амалдарын жүргізу барысында аталған азамат Бесқарағай ауданында орналасқан шаруа қожалығының аумағына кіріп, Семей қаласының 46 жастағы тұрғынына тиесілі 1 қойды ұрлап кеткені анықталды. Осылайша 50 000 теңге шығын келтірген.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-1 - бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкциясында 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.