Жылу жүйелері: “Жамап-жасқаумен” күнелтуді жалғастыра беру мүмкін емес
Фото: Махаббат Ахметжанова
Су мен жылу – адам өмірінің күнделікті қарбаласында бар кезінде байқалмайтын, бірақ жоқ боп қалса бірден сезілетін қажеттіліктер. Қытымыр қыста жылы үйде отыру, жуынарда жылы судың болуы – бұл “жайлылық” деген түсініктің басты шарттары. Алайда осы жайлылықты қамтамасыз ететін жүйелер, көрінбейтін «жүрек» іспеттес – жылу жүйелері мен жылу электр орталықтыюары – жылдар бойы тозып, олардың жағдайы шұғыл араласуды қажет етуде.
Өскемен ЖЭО-ның тарихына үңілсек, ол 1947 жылы іске қосылған. Осыдан 78 жыл бұрын салынған станция бүгінде өзінің 67,6%-ға тозғанын көрсетіп отыр. Бұл жүйе – ескі жүрек сияқты, әр “соғуымен” өз міндетін орындап келеді, бірақ қазір ол әрең дегенде жұмыс істеп тұр. Тіпті көп жағдайда “жамап-жасқаумен” күнелтіп отырғандай. Осынау ескі жүйелерді жамап-жасқап, уақытша шешімдермен жүре беруді әрі қарай жалғастыру ақылға қонымсыз. Жылу желілері мен ЖЭО-ны жаңғыртуды кейінге қалдыру – уақыттың ұрланған ұпайы. Себебі, бір сәт ойланған адам жылу жүйелері де тірі ағза тәрізді екенін және оның өз уақытында «ем» алып, жаңартуды қажет ететінін түйсінетіні сөзсіз.
Мамандардың айтуынша, Өскемен ЖЭО мен жылу желілерін жаңғыртуға шамамен 10 миллиард 700 миллион теңге қажет екен. Бұл – үлкен сома, бірақ бұл инвестицияны жайлылықтың, қауіпсіздіктің және болашақ тұрақтылықтың кепілі деп түсінген жөн. Жаңғырту тек материалдық жағдайды ғана емес, қаланың экологиялық ахуалын оңалтуға, салалық қызметшілердің жалақысын көтеріп, өмір сапасын жақсартуға да бағытталған маңызды қадам.
Егер осы тозған жүйелерге дер кезінде назар аударылмаса, салдары ауыр болуы мүмкін. Жылу жүйелері “тұра алмастай” тозып, тоқырауға ұшыраса, тұрғындар қыста жылусыз, жазда сусыз қалуы әбден мүмкін. Мұндай жағдай қала тұрғындарын жайлылықтан айырып қана қоймай, төтенше жағдайларға да алып келуі мүмкін. Ал ЖЭО-дағы тозған қондырғылар толық істен шықса, қаланың энергия қауіпсіздігіне қатер төнетіні сөзсіз.
Қазіргі тозған жүйелерді жаңғырту – тек бүгінгі мәселені шешу ғана емес, болашаққа салынған сенімді инвестиция. Әрбір тындырылған жұмыс – бұл келесі ұрпаққа қалдырылған мұра. Жаңғыртылған жүйелер мен станциялар тек тұрақты энергия көздерін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға да мүмкіндік бермек.
Әрине, өткеннің жүгі ауыр, бірақ болашаққа жол ашық. Өскемен ЖЭО – соғыстан кейінгі жылдардағы қажырлы еңбектің куәсі, ал бүгінгі таңда бұл мұра жаңғыртуды қажет етеді. Бұл тек техникалық емес, адам мен ар-ұждан алдындағы міндет. Қала үшін, адамдар үшін, болашақ үшін бұл жұмыстардың маңызы орасан зор.
Су мен жылудың жайлылығы тек айтылған әсерлі сөз емес, бұл – ел өркениетінің көрінісі. Ендеше, осы жүйелерді жаңарту – тек материалдық мәселе емес, билік пен бұқара бірлесіп, келешек ұрпақ алдындағы аманатты орындау екені рас.