KZ
Өскемен
-4°
туман жел 2 м/с, В
523.86 544.34 5.11

Өңірде алғаш рет "МСАК көшбасшысы" байқауы өтті

Бүгін, 15:00 56 Төлеуғазы Жансая

ШҚО-да алғаш рет әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалы ұйымдастырған "МСАК көшбасшысы" байқауы өтті. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Өскемен қаласының № 2 қалалық емханасы жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Биылғы бірінші қыркүйек пен отызыншы қараша аралығында облыс тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдар үздік атану үшін сайысқа түсті. Емдеу мекемелерінің қызмет көрсету сапасы, пациенттермен тиімді жұмыс істеуі және ішкі бақылаудың деңгейі сарапқа салынды. Жарысқа аймағымыздағы барлық 25 емхана қатысты. 
Салтанатты шараны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Данияр Исенов ашты. 
Конкурстық комиссияның құрамына ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Төлеген Жігітаев, Медициналық бақылау комитетінің ШҚО бойынша департаменті басшысы Алмагүл Құсатаева, республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы ШҚО филиалының директоры Әлия Марсекенова, "AQNIET" Денсаулық сақтау және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының ШҚО филиалының  төрағасы Динара Сәлімбаева кірді.

-Бұл байқаудың мақсаты өңірдегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарын ынталандыру ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы үздік тәжірибелерді дәріптеу болып табылады. Біз МСАК беделін арттыруға, бастапқы буынның маңыздылығына назар аударуға тырысамыз, өйткені әр пациенттің  тексерілу-емделу бағыты дәл осы жерде басталады. «МСАК көшбасшысы» байқауы — бұл денсаулық сақтау жүйесін қолдаудағы және пациенттердің медициналық ұйымдарға деген сенімін нығайтудағы қадам. Конкурстық комиссия мүшелері мен демеушілерге алғыс айтқым келеді, - деп атап өтті ӘМСҚ-ның ШҚО филиалының директоры Данияр Исенов.

Қордың облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, комиссия мүшелері қатысушылардың қызметін бірқатар индикаторлар бойынша бағалады. Бұл- МӘМС жүйесімен қамтылмаған адамдар санының азаюы, емханалардың жұмысына шағымдар, диспансерлік есепте тұрғандардың шұғыл ауруханаға жатқызылуы, сондай-ақ МӘМС жүйесінің артықшылықтары мен қағидаттары туралы ақпараттық материалдарды БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялау.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Өскемен қаласының № 2 қалалық емханасы иеленді. Екінші орын Сол жағалау клиникасына берілді, ал үшінші орынды Зайсан аудандық ауруханасы жеңіп алды. Жеңімпаздарға конкурстың демеушісі - "SSH GROUP" ЖШС құрылыс компаниясынан ақшалай сертификаттар табысталды. 
Конкурстың ынталандыру  жүлдесін  табыс еткен  ШҚО кәсіподақ филиалының төрағасы Динара Сәлімбаева МСАК қызметкерлерінің денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтіп, барлық жеңімпаздарды құттықтап, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу