KZ
Өскемен
-10°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
522.63 548.66 5.07

Аудандағы іргелі білім ордасы

19.12.2015, 13:57 11 Гульжан Мусина

Биыл сан мыңдаған шәкірттің шырағын жаққан №1 Самар орта мектебі мерейлі тойын атап өтуде. Осыдан тура 60 жыл бұрын негізі қаланған мектеп бүгінде аудандағы іргелі білім ордаларының бірінен саналады.

Аудан мектептерінің арасында өзіндік орны бар білім мекемесін Анара Қадырбекқызы басқаруда. Бүгінде 382 оқушы білім алып жатқан мектептің екінші тынысы ашылып келе жатқандай.

– Біз қарқынды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, құндылықтар мен көзқарастар күн сайын өзгеріске ұшырауда. Бірақ өзгермейтін дүниелер де болады. Соны бірі әрі бірегейі деп мектепті атар едім. Биыл №1 Самар орта мектебі өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мектеп өміріне бейжай қарамайтын ата-аналардың көмегінің арқасында біраз игі бастама қолға алынды, оқу материалдары мен кабинеттер жаңартылды. Барша пайдасы мол болатын жаңа білім беру жобалары іске асырыла бастады. Міне, бізді қолдап жүрген осындай азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді мектеп директоры.

Сондай-ақ Анара Қадырбекқызы мектеп оқушылары мен түлектерінің ата-аналары білім ошағының өміріне үнемі белсенді араласатындығын жеткізді. Ата-аналар мектептің дамуына және заманауи талаптарға сай болуына қолдан келгенше көмек беруде.

Белгілі болғандай, биыл мектеп ұжымы жас мамандармен толығыпты. Сондай-ақ мұнда кезінде осы білім ордасынан қанат қағып, кейін қайта оралған Л.Гебель, А.Аманова, Г.Кудовба, С.Карменов, В.Арикова, Ә.Қабланов, А.Түкенева, А.Рахимова, Н.Дәрібаева сынды көп жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздар қызмет атқаруда.

60 жыл бойы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында тынбай еңбек етіп келе жатқан мектеп болашақта да талай шәкірттің шамшырағын жағары сөзсіз.

– Өткен 60 жыл ішінде үлкен өмірге аяқ басып, сан түрлі салада биік белестерге жеткен түлектеріміз аз емес. Мектебіміз оларға алғашқы да ең маңызды өмірлік ұстанымдарды үйретті, білім мен арманға деген ұмтылыстарын оятып, болашаққа жолдама берді, – дейді мектеп директоры Анара Қадырбекқызы.

Оның айтуынша, мектеп ұжымының алға қойған мақсаты көп. Ол – оқу процесін жетілдіру, сабақтан тыс жұмыстарды дамыту, заманауи талаптарға сай білім беру жобаларына қатысу, тағысын тағы.

– Бір әр шәкіртімізге жан-жақты қолдау көрсетіп, сапалы біліммен жарқын болашаққа қадам басуына жол ашуға тырысамыз. Мектеп – тек қабырғалар мен аудиториялар емес, бұл – тірі организм. Мұндағы әр мұғалім, оқушы мен түлек оның тарихының бір бөлігі болып табылады, – дейді басшы.

Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу