KZ
Өскемен
-4°
небольшой снег жел 3 м/с, Ю
523.86 544.34 5.11

Аяз Аталар мен Ақшақарлардың фестивалі «Альтай Альпісінде» жалғасты (видео)  

Бүгін, 15:30 84 Гульжан Мусина

 

Кеше Риддер қаласында басталған «Аяз Ата,  Ақшақар - 2024» республикалық фестивалі бүгін Глубокое ауданында жалғасын тапты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Дәлірек айтсақ, бұл күні аудандағы танымал тау-шаңғы базаларының бірінен саналатын «Алтай Альпісі» кешенінде алыс-жақыннан келген Аяз Аталар мен Ақшақарлардың басын қосқан ерекше іс-шара өтті.

Еске салайық, Жаңа жыл қарсаңында облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан фестивальге Шығыс Қазақстанның аудан-қалаларынан, сондай-ақ еліміздің Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жетісу, Павлодар, Ұлытау облыстарынан келген қонақтар қатысуда. Ұйымдастыру комитетінен хабарлағандай, мерекелік іс-шараға барлығы 200-ден астам Аяз Ата мен Ақшақар келген екен.

– Бүгін бәріміз білетін «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінде «Аяз Ата,  Ақшақар - 2024» республикалық фестивалінің екінші кезеңі өтіп жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген Аяз Аталарымыз бен Ақшақарларымыз мерекелік шеру мен концерттік бағдарламаға қатысып, демалушыларды келе жатқан мерекемен құттықтайтын болады. Сондай-ақ, Фестиваль қонақтары уақыттарын қызықты әрі көңілді өткізуі үшін әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, – деп хабарлады облыстық филармония директорының орынбасары Нұрлан Серікбаев.

Белгілі болғандай, бұл күні жан-жақтан жиналған Аяз Аталардың және Ақшақарлардың қатысуымен өткен мерекелік іс-шаралардан бөлек, тағы бірқатар қызықты акция ұйымдастырылды. Мәселен, осы маңда тігілген киіз үйлерде сәндік-қолданбалы шығармашылық шеберханасы, бейнелеу өнері шеберханасы, слайм студиясы, ақылдылар мен тапқырлар байқауы, би марафоны сияқты үлкеннің де, кішінің қызығушылығын тудыратын іс-шаралар ұйымдастырылды. Аталмыш акцияларға қатысқан әсіресе кішкентай қонақтар мәз-мейрам болды. Сондай-ақ қонақтар бұл күні тау-шаңғы кешенінің аумағында орнатылған мерекелік шырша қасында Аяз Ата, Ақшақармен фотоға түсу мүмкіндігіне ие болды.

Мерекелік акцияларға қатысқан Аяз Аталар мен Ақшақарлар да мәз. Мәселен, Ақтөбе облысынан келген Аблай Жадрасинов мұндай фестивальдер Шығыс Қазақстанның туристік және спорттық әлеуетін паш ететінін атап өтті. Ақтөбе қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде қызмет ететін ол Шығысқа барудың мүмкіндігі туа қалғанда, көп ойланбай бірден келісімін бергенін айтады. Өзі ғана келмей, фестивальге жары Гүлнұрды да ала келіпті.

– Шығыс Қазақстан облысы мен үшін бөтен емес. Кезінде Риддер қаласындағы олимпиадалық резервтің спорт мектебінде оқығанмын. Жалпы, фестиваль ойдағыдай өтуде. Дәл осындай іс-шаралар арқылы халық арасында салауатты өмір салтын насихаттап, өңірлердің туристік әлеуетін көрсетуге болады. Бізді күтіп алған, ерекше құрмет көрсетіп жатқан облыс тұрғындарына зор алғыс айтамыз. Осындай іс-шаралар өте берсін. Барлық шығысқазақстандықты келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын, – деді Ақтөбеден келген Аяз Ата.

Айта кетейік, облыс басшылығының мұрындық болуымен өтіп жатқан «Аяз Ата – Ақшақар-2024» республикалық фестивалі үш күнге созылады. Ертең фестивальдің соңғы күні аясында Өскемен қаласында бірқатар мерекелік іс-шара өтеді деп жоспарланған.

Нұржан Кенжеұлы

Фото: Аяужан Утеулинова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу