Құнанбай мен Абай: рухани сабақтастықтың тағылымы
Фото: e-history.kz
Өскенбай бидің асын беріп атағын үш жүзге жайғаны белгілі Құнанбайдың. Әйтсе де, үлкен ас болған жерде дабырайған дау болмаса да, аз ағайынның өз арасында кішігірім кикілжің туа беретіні – заңды нәрсе. Шежіре-қарттардан қалған әңгімеге бақсақ, Өскенбай бидің асында да осындай екі қолайсыздық болған көрінеді. Бірі ат бәйгесіне байланысты. Құнанбай бірінші боп келген Тобықты-Мәмбетей руының (Мотыш атасынан) Қосжетердің құла атына емес, сонымен құйрық тістесе келген Алшынбайдың құла торысына бас бәйге – түйе бастатқан тоғызды береді. Мәмбетей жағы наразы болып, ас аяқталмастан үйлерін жығып өкпелеп кетеді. Жай кетпей Қарақан деген жігіті Құнанбай жатқан үйдің маңдайшасын ұрып:
- Құнанбай, сен құла аттың бағын қайырсаң, сенің бағыңды құдай қайырсын!- деп қоқан-лоқы көрсетіп кетеді.
Екінші жайсыз әңгіме Майбасар Бөжейдің Найман еліндегі нағашыларынан бір айғыр үйір жылқысын ұрлатып, асқа сойғызып жібереді. Бөжей біліп, малды қайтар десе, Майбасар Бөжейдің сөзін шала тыңдайды. Бұл оқиғаны «Абай жолы» эпопеясында Сүйіндіктің Абайға айтқан әңгімесінен тыңдаймыз. Сол кезде Құнанбаймен қырбай болып асқа бармай қалған Сүйіндіктің осы оқиғаға қатысты бір ауыз өлеңін жоғарыда келтіргенбіз.
Бұл әңгімелерді Абай жайында көп білетін Алдажаров Ниязбек Әбдіғалиұлының естелігі бойынша Бекен Исабаев өз кітабында кеңінен сөз еткен (қараңыз: 2).
Ас иесі бола тұрып, өз Тобықтысына бас бәйгені байлап жібермегені Құнанбайдың алыстан аңғарар асқан ақылдылығы дер едік. Ал, Майбасар мен Бөжей арасындағы дауды естігенде қатты кейіген екен. Сонда осы Қаракесек Балта ақын:
Келістіріп сәйкесін.
Арғынды тегіс биледің
Алшысы мен тәйкесін.
Келсең кел де кез болды
Кейін де беріліп қайтесің, -
деп тоқтау айтқан ғой. Балта ақынның алты жол өлеңіне бүкіл астың мән-мағынасы, Құнанбайдың орны сиып-ақ кеткендей. Нағыз ақын осылай дәл, әрі қысқа тұжырса болар. Балта ақын мен Құнанбайдың арасы жақын болған. Шөже Балтамен айтысында «Күн көрдің Құнанбай мен Наушабайдан» деуі тегін емес. Шөжеге қарымта сөзінде:
Аға сұлтан ол алған айламенен, -
деуі жаңағы пікірімізді айғақтай түседі. Бұдан Балта үнемі Құнанбайға жағынып күн көрді деген ұғым тумауы керек. Шаппа-шапқа келгенде Құнанбайға да шындықты бетіне айтар жерлері болған. Сондай бір сөз қағысына құлақ қойсақ, Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай:
Болып сен жаралдың ғой шараң орта.
Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап
Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, -
дегенде (Бұл қылығын Шөже де бетіне басқан Б.Е.) Балта іле жауап қайырып:
Есіркесең бөліп бер қараңыздан.
Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын
Сіздің жеген арам ба параңыздан, -
деген екен. Қалай дегенде де Балта ақын мен Құнанбай арасында жақын сыйластық болған.
Келесі бір сөз қағысын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы келтіреді: «Қаракесек Жарылғаптан шыққан Балта ақын өзінің бір немере қарындасын алып қашып Құнанбай еліне барып қатын қылған... Сөйтіп жүргенде бір күні Құнанбайдың үйіне кіріп барғанда Құнанбай былай деп өлең айтқан, екеуі құрдас екен:
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Қарындасын қатын қылып алып қашып
Ел аралап жүреді – ау арсыз мұңдар.
Сонда Балта ақын айтты дейді:
Бұрынғы хақиқаттан сөзін жырлар.
Баласы әкесіне балта жұмсап
Шешең жынды қатын ғой бәдік мұңдар.
Балтаның тілге тиек еткені Құнанбай өзі қорып өсірген тоғай ішінде ағаш кескен дауыс естіліп, қолына балта алып тұра жүгірсе, ағаш кескен әкесі Өскенбай екен. Балта ақын соны айтса керек» (10,73).
Балта ақынды Абай білген, бізге жетпеген өлең-сөзін көңілге тоқыған. Әуезовтің эпопеясында бала Абайға Балта ақын сөзі «бір алуан қызық көрініп, тағы да тыңдай түсейінші деп, ентелеп келгенмен, жыр үзіліп» өлең құмартқан жас бір түрлі жақсы сөз аңсап, томсарып қалатыны бар. Өкінішке орай Балта мен Абай арасындағы байланысты нақтылайтын дәлді дерек жоқтың қасы.
Ендігі бір мәселе, Абайдың Шортанбай ақын өлеңдерінен хабардар болуына әкесі тікелей әсер еткен. Олай дейтініміз – Құнанбай Шортанбаймен тек таныс-біліс қана емес жақсы қарым-қатынаста болған. Дүниеден өтер алдында Жанғұтты бидің қолында болған Шортанбай Қанайұлы ел-жұртымен арыздасып айтқан өлеңінде:
Тобықтыда Құнанбай.
Кімнің де тағы қалады
Өлгеннен соң суалмай?!
Осы дәулет барында
Талап қылсын мекені
Ахреттен құр қалмай, -
деген сөзінің астарында екі адамның бір-біріне деген үлкен жүректі сыйластығы жатыр. Шортанбайдың сөзі қозғау салды ма, жоқ өзінің әуелден түйген мақсаты ма Құнанбай Мекеге барып қажы атанды. Мәселе, осы сөздің Шортанбай ақынның Құнанбайға айтуында.
Жоғарыда аты аталған Жанғұтты би Ботанайұлы Шортанбай мен Құнанбайды білген. Орта жүзге әйгілі би болған. Жанғұтты (1810-1873) қазіргі Жезқазған облысы, Ақсу-Аюлы елді мекенінде өмір сүрген.
Жол түсіп Құнанбай ауылында болған кезде би жас Абаймен кездесіп батасын берген. «Сәлем бере кірген Абайға Жанғұтты би сынамақ болып, сұрақтың астына алады, Абай бұл сұрақтан сүрінбей өткенге ұқсайды.
- Шырағым, дүние неге сүйенеді? – дегенге, Абай:
- Дүние үмітке сүйенеді.
- Көздің көрмесі бола ма?
- Көз қабағын көрмейді.
- Шам жарығының түспесі бола ма?
- Шам жарығы табағына түспейді.
- Болат пышақтың кеспесі бола ма?
- Болат пышақ өз сабын кеспейді.
- Тамағына тарпайтын мақлұқат бола ма?
- Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды, - деген жас Абайдың енді ақындығын сынамақ болған би енді осыны өлеңге айналдыршы дегенде Абай табан астында:
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.
Көз көруді жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табағына.
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына (12,138),-
депті. Міне, Абай осылайша әке арласқан ортада шыңдалды, өсті, нағыз ақындық биікке көтерілді. Абайдың қазақ әдебиетін нағыз классикалық межеге жеткізуге дәл осы ақындық ортасының, ел іші әдебиетінің әсері орасан. Демек Абайды ақыны бар, жырауы бар, биі мен шешені бар әдеби ортамен табыстырған адам – Құнанбай.
Әке Құнанбай мен бала Абай арасындағы рухани жалғастықтың мәні неде? Абай Құнанбайдан не алды деген қарапайым сауалдың түп-төркінін санамалап айтар болсақ, ең алдымен, отбасындағы тәрбиеден бастап, ел ішіндегі үлкен әлеуметтік істерінде Абай тікелей әке ықпалында болды.
Ескі тарих, халықтық әдеби мұралар, ұлттық өнер, шешендік нұсқалар тағы-тағыларды тануы Абайға Құнанбай арқылы келді. Қазақтың қара сөзінен қаймақ ағызған ділмар-шешен – Құнанбайдың бізге аз сақталып жеткен ойлы өлең өрнектері – Абай бойындағы ақындық алауды тұтандырды.
Құнанбай қазақ мәдениетін танып-білуде ғана емес дін мен саясатта да Абайға ұстаз бола алды. Осы алғышарттар – әке мен бала арсындағы рухани жалғастықтың негізгі көздерін айқындайтын дүниелер болып табылады…
Жалпы Абайдың өзіне дейінгі ақындар туралы айтқаны аз сақталған, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Ал, бүгінге жетіп ел аузында жүрген қандай да бір деректерді ғылыми айналымға түсіріп, індете зеттесек әлі қаймағы бұзыла қоймаған Абай ортасы тақырыбының да көбесі сөгілер.
Бауыржан Аманкелдіұлы,
Абайтанушы-ғалым