KZ
Өскемен
+22°
переменная облачность жел 2 м/с, В
510.59 578.91 6.37

Рухты әуен - Жеңіс күніне арналған ерекше тарту (видео)

9.05.2025, 18:00 503 Ержан Әбіш

Бүгін ШҚО облыс орталығында үрмелі оркестр жүректерге жігер сыйлады. Жер-жерде тағзыммен, өнермен, тілекпен ұлықталып жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында ел рухын көкке көтерген өнер де көрсетілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шаралар арасында қалың бұқараға шат-шадыман көңіл күй сыйлаған – ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің үрмелі және ұрмалы аспаптар оркестрінің қала орталығында өнер көрсетуі болды.

Майдан да, той да рухпен ұтып, рухпен ұтылатын кез болады. Бүгін мамырдың көктемгі самалымен тербеліп, алаңға жиналған жұртшылыққа жас өнерпаздар дәл осы рухты әуендер арқылы Жеңіс күнінің асқақтығын сездіре алды. Қолында дирижерлік таяқша емес рух тізгінін ұстағандай әсер қалдырған оркестр жетекшісі Ерасыл Орманбековтің сөзінен де өнердің салмағы сезілді:

– Бүгін – ата-бабаларымыздың ерлігіне бас иіп, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын тойлап жатқан ерекше күн. Біздің оркестр бұл мерекеге өнерімен үлес қосуды парыз санайды. Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын! Тұғырымыз биік, аспанымыз ашық болғай! – деді ол.

Өнер көрсетуші – студенттер. Бірақ олар жай ғана әуен шертпейді, тарих үнін сөйлеткендей. Ұрмалы аспаптардың әрбір соққысы мен үрмелі аспаптардың әуезі тек музыка емес жүректен шыққан үн, ұлт жадысындағы жаңғырық іспетті әсер қалдырды.

Оркестр репертуарында салтанатты марштар мен патриоттық композициялардан бастап, халқымыздың басынан өткен қилы кезеңдерді бейнелейтін терең әуендерге дейін қамтылған. Осы арқылы жас өнерпаздар ұрпақ сабақтастығын, дәуір үндестігін дәлелдеп тұр. Әр дыбыс – ата-бабаларға тағзым, ұлы рухқа тағылым, ерлікке құрмет нышаны.

Жалпы, училище ұжымы өңірдегі мәдени өмірдің бел ортасында. Мереке сайын, мәдени-бұқаралық іс-шара сайын олардың өнері көптің көңілін көтеріп қана қоймай, ұлттың рухани әлеуетін де нығайтып келеді. Бұл – ұлы мұраттарға үн қосқан өнердің жарқын көрінісі.

Салтанатты жиындардың сәніне айналған оркестр бұл жолы да музыка арқылы өткенге тағзым жасап, бүгінге серпін, ертеңге сенім ұялатты. Рухты әуен – рухани жеңіс десек артық айтқандық болмас!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу