Металлургия үздіктері еңбегімен ел мерейін өсіруде - ШҚО
Облыс әкімдігінде кәсіби мереке – Металлургтер күніне орай мерекелік жиын өтті. Салтанатты шара барысында өңірдегі металлургия саласының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан сала ардагерлері мен үздік мамандар марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов металлургтерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, металлургия саласы – өңір экономикасының жетекші саласы екенін атап өтті. Ол өз сөзінде осы салада еңбек етіп жүрген әрбір маманның қажырлы еңбегі мен табандылығының арқасында өндіріс көлемі жыл сайын ұлғайып келе жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде, отандық өндіріс саласының дамуына үлкен серпін беріп отыр.
Аймақ басшысы бүгінде мыңдаған шығысқазақстандықтың металлургия саласында еңбек етіп жатқанын алға тартты. Әлеуеті зор өндірістік өңірде түсті металлургияның 60%-ы, мырыштың 100%-ы, ал тазартылған күмістің 70%-ы өндіріледі. Өскемен қаласында орналасқан ірі кәсіпорындар – «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен ТМК» АҚ және «Востокцветмет» ЖШС стратегиялық маңызы бар, сирек кездесетін металлдарды өңдеумен айналысады.
Қазіргі уақытта облыстағы 70-тен астам өнеркәсіп пен зауыттың 80%-ы – өңдеуші кәсіпорындар. Мәселен, әлемде бар болғаны үш берилий шығаратын зауыт болса, ал ТМД елдері бойынша тантал өндіретін бес зауыттың бірі – Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты. Аталған кәсіпорын уран, тантал және берилий өнімдерін ірі көлемде өндіреді және Қазақстанда атом электр станциялары үшін жылына 200 тонна төмен байытылған уран отынын шығаратын жалғыз зауыт саналады.
Мерекелік жиында сала ардагерлері мен үздік мамандарға мемлекеттік марапаттар мен облыс әкімінің атынан Алғыс хаттар табысталды:
- «Құрмет» орденімен – ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Шығыс су қоймалары» КМК инженер-гидротехнигі Мирзан Иманжанов;
- III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – «Востокцветмет» ЖШС Артемьев шахтасының жер асты учаскесінің тау-кен шебері Серікқан Төлеубаев және «Казцинк» ЖШС мыс зауытының балқытушысы Казез Бекшентаев;
- «Ерен еңбегі үшін» медалімен – «Казцинк» ЖШС, Малеев кенішінің жүк тиеу-жеткізу машинасының машинисі Руслан Карыкбаев;
Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар:
- Михаил Матрёнин – уран өндірісінің 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ);
- Оразалы Жетенов – Тантал өндірісі №58 цехтің 6-разрядты аппаратшысы («ҮМЗ» АҚ);
- Юрий Куликов – №3 цехтегі титан мен сирек металдарды қалпына келтіру және айдау пешшісі («Өскемен ТМК» АҚ);
- Азамат Қожахметов – №12 цехтің балқытушысы («Өскемен ТМК» АҚ);
- Нұрлан Есімбеков – Иртыш шахтасының өндіру учаскесінің скреперлік лебедка машинисі («Востокцветмет» ЖШС);
- Архат Көпжасаров – Артемьев шахтасының тиеп-жеткізу көлігінің машинисі («Востокцветмет» ЖШС).
Жиын соңында аймақ басшысы марапат иелерін құттықтап, салтанатты шараның қатысушыларымен естелік суретке түсті.
Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай, мемлекет тарапынан жұмысшы мамандық иелерінің еңбегі ерекше бағаланып, сала ардагерлеріне жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ел Президенті өз Жолдауында:
Биылғы жыл – еңбегі ауыр, істеген жұмысы жиі елеусіз қала беретін жұмысшы мамандық иелеріне арналды. Бұл – ел экономикасын дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан жұмысшы мамандық иелерінің адал еңбегін қоғамда кеңінен насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатын ұстана отырып, өз кәсібін жетік меңгерген, табанды еңбегімен табысқа жеткен әрбір азамат құрмет пен марапатқа әбден лайық.
Фото: Екатерина Сёмина
Видео: Евгений Щетников













