KZ
Өскемен
+16°
переменная облачность жел 3 м/с, СБ
482.94 535.97 5.35

ШҚО-да үздік металлургтерге мемлекеттік награда табысталды

19.07.2024, 20:00 271 ALTAINEWS

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан озат металлургтерге мемлекеттік наградалар табыс етілді. Құрметті марапатты Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Олжас Бектенов тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шілденің үшінші жексенбісінде атап өтілетін Металлургтер күні қарсаңында ерен еңбегімен саланың тұрақты дамуына орасан зор үлес қосып жүрген қарапайым еңбек адамдары марапатталды.  

Бүгін тау-кен-металлургиялық кешенінде 195 мың адам жұмыс істейді. Бұл –еліміздегі бүкіл өнеркәсіп саласы жұмысшыларының шамамен үштен бірі.

– Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында бүгінде «жаңа мұнайға» айналған сирек және сирек жер металдары кен орындарын игеруді басым міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Кен орындарының әлеуетін ашу және металдарды терең өңдеу еліміздің өнеркәсіп саласын нығайтуға, экономикалық дамуды қамтамасыз етуге тиіс.
Ауыр, батылдық пен жанкештілікке толы металлург мамандығы қай кезде де жоғары құрметке лайық саналды. Бүгін мен металлургияға қатысы бар барша адамға сапалы жұмысы, кәсібилігі мен жоғары шеберлігі, қызметіне деген адалдығы мен құрметі үшін алғыс айтамыз, – деді Премьер-Министр.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапановтың мәлімдеуінше, облыстың жалпы өңірлік өнімінің құрылымында биылғы бірінші тоқсанда өнеркәсіп үлесі 42%-ға жеткен. Бұл тұрғыда өндірістің жалпы көлемінің басым үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі — жалпы 1 трлн теңгеге өнім өндірілген. Металлургия саласының үлесі бүгінде 62% мөлшерінде.

Олжас Бектенов Шығыстың кәсіпорындары еліміздің түсті металлургиясының флагманы болып саналатынын айтып, өндірістік сектордың алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

– Дамудың басым бағыттарының бірі – өндірістік қуатты арттыру. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуге дайын. Компаниялардың өндірістің тұрақты дамуымен қамтамасыз етілетін негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі өте маңызды», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Жұмыс сапары аясында О.Бектенов еліміздегі іргелі кәсіпорындардың бірі – «Қазцинк» ЖШС-да болып, зауыттың өндірістік қуатымен танысты. Сонымен қоса Металлургтер күні мерекесіне орай кәсіпорын қызметкерлерін құттықтады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан үздіктерге мемлекеттік наградалар табыстады. Атап айтсақ, «Құрмет» ордені «Қазцинк» бас директоры Жанат Жанботинге, III дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені шебер Алексей Мордовинге, слесарь-жөндеуші Михаил Мещеряковқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі катодшы Айдарбек Жақыповқа, құю өндірісінің басшысы Мерғалым Нағышпаевқа және цех басшысы Есбол Сейтқазинге табыс етілді, сондай-ақ басқа да бірқатар металлург алғыс хаттармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Казцинк» компаниясы мыс, бағалы металдар мен қорғасынның ілеспе өндірісінің үлкен үлесімен мырыш шығарады, сондай-ақ Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші саналады. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорнының зауыттары еліміздің алты аймағында орналасқан. Табиғатты сақтау технологияларын белсенді түрде енгізудің арқасында 90-шы жылдардан бастап зиянды қалдықтар көлемі 69,4 мың тоннадан 2023 жылы 15,9 мың тоннаға дейін қысқарды. Сонымен қатар компания жыл сайын әлеуметтік міндеттемелерді орындауға шамамен 12 млрд теңге бөледі.

Фото: primeminister.kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив