KZ
Өскемен
-15°
пасмурно жел 1 м/с, С
520.02 608.79 6.57

Еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде аптап ыстық пен өрт қаупі күшейді

Фото: pexels.com

23.07.2025, 17:30 209 Гульжан Мусина

Аптаның ортасына қарай Қазақстанның бірқатар облыстарында күннің күрт ысуына байланысты төтенше жағдайлар туындау қаупі артып отыр. «Қазгидромет» мамандарының болжауынша, 21-28 шілде аралығында елдің оңтүстігі мен батысында ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріліп, аптап ыстық ұзаққа созылуы мүмкін, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ұлытау облысында 21-25 шілде аралығында күн 35-39 градусқа дейін ысып, оңтүстігінде +41°С-қа жетуі ықтимал. Осыған ұқсас жағдай Түркістан облысында да күтіледі – 28 шілдеге дейін +41°С дейін қатты ыстық сақталады.

Қызылорда өңірінде де аптап күшейіп тұр – 23 шілдеде күндіз 40-42 градусқа дейін ысуы ықтимал. Бұл аймақтарда өрт қаупі жоғары деңгейге жеткен.

22-28 шілде аралығында Алматы және Жетісу облыстарында күндізгі ауа температурасы +37+42°С шамасында болады. Алматы қаласында да 35-36 градус аптап тіркелмек. Өрт қаупі бұл аймақтарда да шекті деңгейде тұр.

22-25 шілде аралығында Маңғыстау облысында да аптап 40-43 градусқа дейін көтеріліп, шаңды дауылдар күтіледі. Осындай жағдай 23 шілдеде Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында да байқалады – 39 градусқа дейін ыстық пен 15-20 м/с жылдамдықпен соғатын жел күтіледі.

Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында найзағай, жел, кей жерлерде бұршақ күтілуде. Көптеген аймақтарда желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетіп, өрт қаупі жоғарылап отыр.

23 шілдеде Абай облысында шаңды дауыл тұрып, жел күшейеді. Облыстың кей бөліктерінде өрт қаупі төтенше деңгейге дейін жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан облысында да жел күшейіп, өрт қаупі сақталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу