KZ
Өскемен
-22°
туман жел 1 м/с, С
504.6 594.27 6.48

«Amian» мобильдік қосымшасы: чекті сканерлеп, кэшбэк алыңыз

depositphotos.com

1.08.2025, 12:30 1 319 Ержан Әбіш

Елімізде көлеңкелі экономикамен күрес және салықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдер қарқынды енгізілуде. Соның айқын мысалы – пилоттық режимде іске қосылған «Amian» мобильді қосымшасы мен оның құрамдас бөлігі «Salyq Кэшбэк» функциясы, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қазіргі кезде бұл жоба Өскемен қаласының тұрғындары арасында ерекше қызығушылық тудырып отыр. Себебі енді әр азамат фискалдық чекті сканерлеп, сатып алу сомасынан 2% көлемінде ақшалай қайтарым ала алады. Яғни, сатып алып қана қоймай, табыс табуға да мүмкіндік бар.

Бұл бастама азаматтардың салықтық білімін арттырып, сатушыдан чек талап етуге ынталандыруды көздейді.

Кэшбэк қалай жұмыс істейді? Чекті берген сәттен бастап 24 сағат ішінде Amian қосымшасына жүктеу қажет. Күніне тек 3 чек, айына 70 чекке дейін сканерлеуге болады. Бір чектен алынатын ең жоғары кэшбэк – 500 теңге. Ай сайынғы кэшбэк лимиті – 20 мың теңге. Кэшбэк 14 күн ішінде балансыңызға түседі. Жиналған соманы банк картаңызға аудару оңай.

Қарапайым әрекет – нақты табыс. Бір жағынан салық органдарына көмектесіп, екінші жағынан өз бюджетіңізді толықтырасыз.

Салықтық мәдениетті кеңінен насихаттау мақсатында қосымшада бірнеше ауқымды акциялар іске қосылған. Мәселен, «Чекті талап ет – сыйлық ұтып ал» науқаны. Ол осы жылдың 3 сәуірінен 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Чек талап етіп, оны тіркеген әрбір азамат ақшалай немесе бағалы сыйлықтар ұтып ала алады. Барша Қазақстан бойынша қолжетімді.

Ал «Бәйге» акциясы осы жылдың 1 мамырынан 31 желтоқсанына дейін өтеді. Әр тоқсанда ең көп чек сканерлеген қатысушылар 100 мың теңге көлемінде жүлде алады. Әр өңірден 20 жеңімпаз анықталады.

Бұл акциялар – азаматтардың фискалдық чектерге деген қызығушылығын арттырып, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған нақты қадам.

Жобаға кімдер қатыса алады? Қазіргі кезде жобаның қатысушылары – Өскемен қаласы (ШҚО), Қарағанды қаласы, Жітіқара (Қостанай облысы), Жақсы, Аршалы және Астрахан аудандары (Ақмола облысы). Басқа да пилоттық аймақтар бар.

Алдағы уақытта жоба елдің барлық өңірін қамтитын болады.

Amian-ды қалай қолдануға болады? Google Play немесе App Store арқылы қосымшаны жүктеңіз, қосымшада тіркеліңіз, шағын немесе микробизнес нысанынан сатып алу жасаңыз, фискалдық чекті Amian-ға сканерлеңіз, кэшбэк күтіңіз – 14 күн ішінде балансқа түседі.

Бір әрекет – екі пайда: чекті талап ету арқылы адал саудаға үлес қосып, өз бюджетіңізді де толықтырасыз.

«Amian» қосымшасы және «Salyq Кэшбэк» функциясы – тек бір қосымша емес, салықтық әділеттілікке апарар көпір. Бұл жобаның негізгі мақсаты – азаматтарды чек талап етуге үйрету арқылы бизнесті заңдастыру, мемлекеттің түсімін арттыру және тұтынушының құқықтарын қорғау.

Цифрландыру арқылы жеңіл әрі тиімді жолмен салықтық тәртіпті қалыптастыру – уақыт талабы. Ал Amian қосымшасы – осы жолдағы сенімді серігіңіз.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу