Аустралияда соңғы 40 жылдағы ең күшті қар жауды
видеодан скрин
Аустралияның оңтүстік-шығысындағы Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында ауа райы күрт өзгеріп, соңғы 40 жылда болмаған қалың қар жауды. Табиғаттың тосын мінезі штаттың солтүстігін түгелдей дерлік қар астында қалдырды. Кейбір аймақтарда ақ ұлпаның қалыңдығы 40 сантиметрден асып кеткен, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі 24.kz порталына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, мұндай көлемде қар соңғы рет 1984 жылы жауған. Ауа райының өзгерісі тұрғындар үшін күтпеген оқиға болғанымен, көпшілігі сәтті пайдаланып, балаларымен бірге аққала жасап, қармен ойнап мәз-мейрам.
Дегенмен, қатты жауған қар 1400-ден астам төтенше жағдайға себеп болды. Оның ішінде 100-ден аса көлік жолда тұрып қалған, кейбір үйлер жарықсыз қалған. Төтенше жағдайлар қызметі тәулік бойы жұмыс істеп, тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр.
Жергілікті халықтың айтуынша, кейбірі алғаш рет қар жауғанын көріп отыр. Бұған қарамастан, билік тұрғындарды абай болуға, қажет болмаса, алыс жолға шықпауға шақырып отыр.