Өскеменде шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогы үшін жарыс басталды
Бүгін хоккейдің жүрегі саналатын Өскеменде — Борис Александров атындағы Спорт сарайында шайбалы хоккейден Қазақстан Кубогы жолындағы тартысты бәсеке басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Дәстүрлі турнирге еліміздің әр түкпірінен келген сегіз команда қатысып жатыр. Биылғы жарыстың географиясы кең: көкшетаулық «Арлан», қарағандылық «Сарыарқа», рудныйлық «Горняк», атыраулық «Бейбарыс», алматылық «Алматы», петропавлдық «Құлагер», ақтөбелік «Ақтөбе» және жарыс қожайыны — өскемендік «Торпедо» мұз айдынында бақ сынайды.
Биылғы турнирге сегіз команда қатысады. Олар екі топқа бөлінген. Өскемендік «Торпедо», «Алматы», «Ақтөбе» және петропавлдық «Құлагер» В тобында ойнайды.
А тобында Қарағандыда қазіргі ел чемпионы көкшетаулық «Арлан», «Сарыарқа», рудныйлық «Горняк» және атыраулық «Бейбарыс» ойнайды. Топтағы екі үздік командалар жартылай финалға өтеді. Шешуші ойындар 28-29 тамыз күндері Қарағанды қаласында өтпек.
Бүгінгі алғашқы кездесуде «Торпедо» мен «Ақтөбе» командалары мұз айдынында айқасқа түсті. Дүбірлі додаға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Ойындар кестесі:
• 22 тамыз:
15:00 – «Алматы» – «Құлагер»
19:00 – «Торпедо» – «Ақтөбе»
• 23 тамыз:
17:00 – «Құлагер» – «Торпедо»
• 24 тамыз:
17:00 – «Алматы» – «Ақтөбе»
• 25 тамыз:
15:00 – «Ақтөбе» – «Құлагер»
19:00 – «Торпедо» – «Алматы»
Қазақстан Кубогының жеңімпазы 29 тамызда анықталады.








